11 нау, 2021 сағат 10:00

«Электронды үкімет»: Арнайы порталдар цифрландыру жұмыстарын жеңілдетіп отыр

Электронды үкімет құру идеясы Елбасына тиесілі, алғаш рет 2004 жылы айтылған болатын. Осы уақыт ішінде электронды үкіметіміз қалыптасуы мен дамуының іргелі төрт кезеңінен өтті. Атап айтқанда: ақпараттық кезең, интерактивті кезең, транзакциялы кезең және түрлендірмелі кезең.

Осындай кезеңдерді бастан өткеріп, қалыптаса бастаған «электронды үкіметтің бір көрінісі, жуырда шетелде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «Консул-Көмек» Telegram-ботын іске қосты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған Telegram-боттың негізгі мақсаты – шет елдердегі елшіліктеріміз бен консулдық мекемелеріміздің мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша ақпаратты тиімді форматта ұсыну және түсіндіру болып табылады. Бұл туралы аталған министрлік былай түсіндірді:

«Егер азаматымыз Қазақстан Республикасының шет елдегі өкілдігі арқылы баланың туу туралы куәлігін қалай алуды, некені тіркеуді немесе паспорт ресімдеудің тәртібін білмесе, онда осы бот арқылы мемлекеттік қызметті алу үшін қажетті құжаттардың тізбесі мен мерзімдері жөнінде тиісті ақпаратты алуына болады. Сондай-ақ, бот қызметтерді алу үшін Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктеріне баруға алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ал тапсырыс беру үшін ең жақын консулдық мекеме орналасқан мемлекет пен қаланы таңдап, байланыс мәліметтерін жазып алып, күні мен уақытын таңдау қажет. Содан кейін, аталған мекеменің консулдық қызметкері азаматымызға хабарлама арқылы бронь немесе өтінімін растайды немесе басқа бос уақытты ұсынады. Белгілі болғанындай, аталған бот  консулдардың азаматтармен өзара іс-қимыл жасау сапасын жақсартуға және көрсетілетін қызметтер бойынша олардың хабардар болуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, осыған ұқсас жақсы жаңалықтың бірі – Түркістан облысында мүгедектігі бар жандарға арналған портал тиімділігін көрсетті.

Естеріңізде болса, өткен жылы пилоттық режимде мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қызметтерді пайдалануға арналған aleumet.egov.kz порталы іске қосылған болатын.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде техникалық оңалту құралдарының 24 түріне және мемлекеттік мекемелерде арнайы әлеуметтік қызметтерге тапсырыс беруге арналған бұл жүйе өз тиімділігін көрсетіп отыр.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Жамбылұлының тапсырмасымен, жаңа порталды насихаттау, жұмыстарын таныстыру мақсатында Түркістан қаласында, Төле би, Келес, Түлкібас аудандарының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, порталдың жұмыс барысы қадағаланды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Айжани Нұрланова баяндап берді.

«Бұрын мемлекеттік сатып алу арқылы техникалық құрал-жабдықтармен қамту кезінде азамат 8 айға дейін күтуі керек болса, енді порталға тапсырыс беруден бастап үйге жеткізуге дейінгі уақыт 15 күнге дейін қысқарды. Ең бастысы, мүгедектігі бар азаматтар тауарлар мен қызметтердің қажетті түрін өз бетінше таңдай алады. Біз аудандарды аралау барысында порталмен жұмыс істеу барысы тексерілді. Аймақтарда анықталған мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Сондай-ақ, тұрғындар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановқа толғандырған сауалдарын тікелей ұялы байланыс арқылы қойып, жауаптарын алды. Мүгедектігі бар азаматтар портал пайда болғалы қажетті заттарының сапасы артқандығын айтты. Қолдауға мұқтаж азаматтардың қажеттілігін қамтамасыз ету, тауар мен қызметтің сапасы – министрдің тікелей бақылауында»,- деді министр кеңесшісі.

Айта кетейік, аталған жүйенің мақсаты – мүгедектігі бар жандардың жеткізушілермен тікелей делдалсыз байланысты қамтамасыз ету. Порталда қызметтерді алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. Порталдың басты артықшылығы - пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту техникалық құралдарын таңдау мүмкіндігі. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтардың қажетті заттарына тез арада қол жеткізе алады. Ал бүгінгі таңда порталдағы тізілімде 64 қызмет түрі бар. Атап айтқанда, 14-і ымдау тілі маманы, 18 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 14 оңалту техникалық құралдары және 18 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, 9 ымдау тілі маманы және 85 жеке көмекші порталда жеке тұлға ретінде тіркелген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі шет елдердегі елшіліктеріміз бен консулдық мекемелеріміздің мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша ақпаратты тиімді форматта ұсыну және түсіндіру мақсатында «Консул-Көмек» Telegram-ботын іске қосты. Сонымен қатар, өткен жылы пилоттық режимде ңске қосылған мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қызметтерді пайдалануға арналған aleumet.egov.kz порталы да оң нәтиже көрсетіп отырғанын атап өткеніміз жөн.