05 шіл, 2019 сағат 17:25

Елдегі 180 колледж бен 20 ЖОО халықаралық стандарттарға сай жаңартылады

Елдегі 180 колледж бен жетекші 20 ЖОО халықаралық стандарттарға сай жаңартылады. Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысында білім сапасын арттыруға бағытталған шаралар туралы айтқан.

«Президент білім саласындағы ілгерілеушіліктерге қарамастан жұмыс берушілердің көпшілігі ЖОО мен колледждерді бітірушілердің білім сапасына көңілдері толмайды деді. Әсіресе, кәсіби білім беру саласын жаңғырту керек екеніне тоқталды. Нақты айтқанда «Жуық арадағы 3 жылда 180 колледж және алдыңғы қатарлы 20 ЖОО құрылады», - деді. Бұл жерде бір мәселені ескерген жөн. ЖОО мен колледждер жаңадан ашылмайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «Жас маман» жобасы аясында елдегі бар 20 ЖОО мен 180 колледж іріктеп алынып, жаңартылады, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Онда арнайы орталықтар мен заманауи ғылыми зертханалар құрылып, деңгейлері халықаралық стандарттарға дейін жеткізіледі», - деп жазды Берік Уәли.

Баспасөз хатшысының жазуынша, бұл мақсатқа, яғни ЖОО мен колледждерді модернизациялауға алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 58 млрд теңге бөлінеді.

«Жас маман» жобасының басты мақсаты - индустриалды және қызмет көрсету салаларындағы ең сұранысқа ие 100 мамандық бойынша мамандар даярлау. Жоба аясында колледждер заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады. Шетелдік мамандар, ұстаздарымызды оқытып, дайындайды. Оқу орындары халықаралық салалық аккредитациядан өтеді.

«Бастысы - шетелдік әріптестерімізді тарта отырып, білім беру бағдарламаларын модернизациялау, едәуір жаңарту», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл жастарды қолдауға және білім саласын жаңғыртуға бағытталған аса маңызды жоба екенін айтты.