Фото: akorda.kz
Қазақстанда үш жаңа мемлекеттік орден пайда болады. Сенат депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа марапаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында әзірленген. Бұл бастама Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген болатын.
Заңға сәйкес, елде келесі ордендер енгізіледі:
– "Әл-Фараби" ордені – білім, ғылым, мәдениет және рухани даму саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарға беріледі.
– "Қожа Ахмет Ясауи" ордені – мемлекетшілдікті нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық бағыттардың дамуына үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне табысталады.
– "Мейірім" ордені – қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметімен ерекшеленген азаматтарға арналған.
Сонымен қатар, заңнамаға бір адамға бірдей құрметті атақты қайта беруге тыйым салатын норма енгізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесу барысында «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынған еді.
Жаңа мемлекеттік марапаттар биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында табысталмақ.
