Президент бастамаларының әрқайсысы халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өздеріңізге мәлім, кеше Елбасы халыққа әлеуметтік бағдарламаларын жария етіп, Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Бұл бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды. Қарапайым азаматтарға арналған арзан ипотека, табысы төмен жұмыскерлерге салынатын салықты азайту, жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу, шағын және орта бизнеске несие көлемін 20 млрд теңгеге арттыру, солтүстік өңірлерге газ тарту - бұлардың қай-қайсысы да халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін аса маңызды жұмыстар», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының атап өтуінше, гүлдеген мемлекет деген тиімді басқару жүйесі мен қуатты экономика ғана емес. Ол - ең алдымен рухани кемел және әлеуметтік жағынан барынша қорғалған азаматтар.
«Яғни, Елбасы былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бастап берсе, биыл әлеуметтік жаңғырудың ауқымды шараларын ұсынды. 5 әлеуметтік бастама Елбасының халқына жасаған жанашырлығының айқын көрінісі. Бастамаларын арнайы үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл Елбасының халқына ұсынған перзенттік әрі президенттік сыйы. Қашанда халқының жан-дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын тамырын тапқандай дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау бәрімізге сын. Сондықтан да біз бар күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүктеген, ел күткен мүддеден шыға білуге тиіспіз», - деді Бақытжан Сағынтаев.