Түбі бір тамырлас халықтар әлемде жаһандану процесі жүріп жатқанда, бірлескен жобалар мен ауқымды стратегияларды бірігіп атқару арқылы, осы түйткілді жеңеді. Қазіргі таңда, әлемдік аренада өзіндік ойын алған орны бар Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатында, Елбасы ұсынған «Қазақстан 2050» стратегиялық жобасын бекітіп, соның аясында қаншама қыруар жұмыстар жасап, жер жаһанға үлгі болып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміз бен жерімізді, тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпақ кәдесіне жарату, сонымен бірге бүкіл әлемге таныту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу қажеттігін ұсынды. Осы тарапта атқарылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің, географиясы» жобасы елімізді танытуға тың серпіліс берері даусыз. Соның арқасында Ұлы Дала елінің ұланғайыр атырабында орналасқан Түркістан, Ұлытау, Маңғыстау, Жетісу, Алтай сынды киелі орындардың қайта түлеуіне зор мүмкіндік беретіні белгілі.
Қарыштап дамып келе жатқан қоғамға, соның ішінде өскелең жастар буынына өте қажет екенін жете ескерген Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2004 жылы "Мәдени мұра" бағдарламасын қалыптастырды. Тарихы тереңге кеткен қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен көркем фольклорлық туындыларын, ондағы философиялық ой-түйіндерді қайта өңдеп, қоғамның рухани жетілуіне қызмет еткізу жарқын болашаққа апаратын даңғыл жол екеніне халықтың көзін жеткізді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған әрбір бағдарламасы еліміздің рухани дамуы жолындағы баспалдақ, ізденістер мен армандарға толы жоспар десе де болғандай.
Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында әлеуметтік жүйеде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігі даусыз. Баршамыздың қолданып отырған электрондық жеке поштамыз бар. Ол кирилл, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Керек десеңіз, астымыздағы көлігіміздің нөмірі, жеке куәлігіміздегі әріптер де латын тілінде берілген. Осындай мысалдар жетерлік. Демек, латын әліпбиі бізге таңсық дүние емес.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастап, бұл мәселеге неғұрлым дәйектілікпен терең түсініп, байыппен қарау қажеттігін тілге тиек етті.
Расында, тарихқа көз жүгіртсек, V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия аумағының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық қатынасы түркі тілінде жазылды. Латын әліпбиінің жазу үлгісі қазақ қоғамында 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылғандығы мәлім. Егер біз істің түбегейлі жағына үңілсек, Елбасымыздың көтеріп отырған мәселесі - тіл тазалығы. Бұл бізге не береді дер болсақ, бұдан біз ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Қазақ тіліндегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қазақ тілін оқытқан кезде басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелерді қысқартады. Ол мектеп қабырғасынан бастап барлық жоғарғы оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Латын әліпбиіне көшу арқылы – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылмақ. Латын әліпбиіне көшу арқылы ұлт мұратының жаңа бір белеске өрлеуіне, түркі тілдес халықтардың өзара тіл байланысының артуына, жаңа заман талабына сай өскелең ұрпақтарымыздың ағылшын тілін меңгеруіне зор мүмкіндік туады.
Сондықтан Елбасының тіл мәселесіне қатысты ой толғамына ынта жігерімізбен қолдау білдіру бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселе.
Берік БАЙБОЛОВ,
Түркістан қаласы