Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігі бірігіп өткізген баламалы энергетика саласындағы ең үздік жоба байқауы өз мәресіне жетті. Нәтижесінде алматылық ғалым Марат Исекеевтің жобасы ең үздік деп танылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
5 айдың ішінде конкурсқа 100-ден астам өтініш келіп түскен. Арнайы құрылған комиссия мүшелері 50 жобаны іріктеп алды. Кейін ғалымдар мен өнертапқыштар арасында өткізілген конкурста жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталды. Нәтижесінде компьютерлік технология және логистика кафедрасының профессоры, ҚазАТиСО «G-Global» жастар штабының жетекшісі, т.ғ.к. Марат Исекеев жеңіске жетті. Жеңімпазды «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов құттықтады.
«Біздің болашағамыз үшін инновациялық жобалар өте маңызды. Аталмыш конкурсқа еліміздің барлық өңірінің ғалымдары мен өнертапқыштары қатысты. Олар отандық инновация саласын дамытуға өз үлестерін қосуда. Қазақстан 2017 жылы халықаралық деңгейде инновация алаңына айналады. Біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі» арқылы әлемге өз ғалымдарымыздың осы салада жеткен жетістіктерін көрсете аламыз. Бүгінгі конкурста Марат Исекеевтің жобасы жеңіске жетті», - деді төраға орынбасары.
Ал конкурс жеңімпазы Марат Исекеев өзі жасаған жел станциясының мақсатын түсіндірді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – ауыл-аймақты энергия көзімен қамтамасыз ету. Қазақ даласында баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануға болады. Әсіресе, жел энергиясын. Жобаны жасауға көптеген студент қатысты. Жел станциясын құрастыруға үш жыл уақыт кетті. Сондай-ақ, 5 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды», - деді ғалым.
Сонымен қатар, өнертапқыш өзі құрастырған жел станциясы арқылы Жоңғар қақпасын тиімді пайдалануға болатындығын атап өтті.
«Мен бар ғұмырымды Жоңғар қақпасын тиімді пайдалануға арнадым. Онда 30 метр биіктікте 58 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ол Қытаймен шекаралас аймақта орналасқан. Ал Қытай бізден жылына 40-45 млрд киловатт/сағат электр энергиясын жіберуді сұрап отыр. Яғни тек мұнайға үміт артпай, жел энергиясынан жылына 40-50 млрд қаржы көлемінде пайда табуға мүмкіндік бар», -дейді ғалым.
Айта кетейік, жеңіске жеткен үздік инновациялық жоба ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қазақстан павильонына қойылады.