«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы азаматтар мен шетелдік қонақтар үшін Бірыңғай қызмет көрсету және Аккредиттеу орталықтарының тұсаукесер рәсімін өткізді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жаңадан іске қосылған бірыңғай қызмет көрсету орталығының жұмысын «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Дияс Әзбергенов түсіндірді.
«Аталмыш орталық Қазақстан мен Халықаралық көрме бюросы арасындағы келісімшарт негізінде ашылған болатын. Бұл жерде 5 мемлекеттік орган 12 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда орталық жұмысының регламенті 5 министрліктің бұйрығымен бекітілді. Орталықта мемлекеттік қызметтен басқа банктік, нотариустік, кепілдендіру, пошталық қызмет түрлері бар. Орталықта 35 қызметкер жұмыс істейді. Жұмыс уақыты: дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы 9-дан кешкі 18:30-ға дейін», - деді департамент директоры.
Дияс Әзбергеновтың айтуынша, байланыс орталығы көрме қатысушыларына тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Ал тұрғындар мен қонақтар визалық қолдау көрсету, көші-қон есебі, салық салу, кедендік істер, авторлық құқық сынды мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалана алады. Алдағы уақытта бұл жерде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі де ашылады.
Алайда, Сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры орталықта жұмыс істейтін мамандардың барлығы шет тілін білмейтінін жеткізді.
«Өкінішке қарай, бұл орталықта жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің барлығы шет тілін меңгерген деп айта алмаймын. Бірақ, бұл мәселені шештік. Яғни шет тілін жетік меңгерген еріктілер мемлекеттік қызметкерлерге көмектеседі», - директор.
Сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің алаңында Аккредиттеу орталығы да ресми түрде өз жұмысын бастады.
«Біз аккредитациядан өткізетін ақпараттық жүйені іске қостық. Бұл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде қауіпсіздік шарасын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Клиенттік топтар немесе мемлекет, компания өкілдері анықталады. Оларға құпия сөзбен арнайы логин беріледі. Кейін олар сол арқылы жеке деректерін ақпараттық жүйеге енгізе алады. Бұл ақпараттар 4 құқық қорғау органдарына жіберіледі. Олар – ҚР ІІМ, ҰҚК, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі. Ақпараттар 20 жұмыс сағаты ішінде тексеріледі. Біз қонақтар мен тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеміз. Қазіргі таңда біз ұлттық компанияның бөлімшелерімен біріге отырып, мәліметтер базасын жасадық», - деп түсіндірді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» Операциялық басқару және тәуекел-менеджменті департаментінің директоры Маркен Ахметов.
Айта кетейік, «ЭКСПО» халықаралық мамандырылған көрмесі 2017 жылы Астана қаласында 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін өтеді. Көрмеге 5 млн қонақ келеді деп күтілуде.