19 жел, 2019 сағат 07:57

Экология министрлігі Бутаков шатқалында ағаштардың кесілуіне қатысты түсінік берді

Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Алматыдағы Бутаков шатқалында ағаштардың кесілуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Маған бірнеше БАҚ өкілі хабарласып, Бутаков шатқалындағы ағаштардың кесілуіне қатасты жағдайды түсіндіруімді сұрады. Бұл тақырып жыл бойы бірнеше рет көтерілген. Заңға сəйкес, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарда ағаш тек орман қорғау іс-шараларын жүзеге асыруға қажет санитарлық мақсатта ғана кесілетінін еске салғым келеді. Ол уəкілетті органның рұқсатымен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң тұжырымы бойынша жүргізіледі», - деп жазды Самал Ибраева Facebook-тегі парақшасында.

Баспасөз хатшысының жазуынша, Бутаков шатқалында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң тұжырымымен Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығы негізінде санитарлық ағаш кесу жұмысы жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, шатқалдағы ағаштарды кесу шыршалы сылдыршөп жəне дің шірігімен күрес мақсатында қажет.

«Орман патологиясын тексеруді 2015 жылы «Ботаника институты» РММ жəне «Өсімдік қорғау жəне карантин институты» РММ жүргізген болатын. Мемлекеттік экологиялық сараптама алу кезінде қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, ол БАҚ-та жарияланды. Орманшылардың айтуынша, жаппай санитарлық ағаш кесу зиянкестермен күресте жəне ағаш аурулары өршіген кезде, орман өрті немесе өзге де түрлі қолайсыз табиғат құбылыстары орын алған кезде бүлінген тоғайды тазарту мақсатында жүргізіледі. Ол орман алқабын тазартып, орман өсімдіктерін егуге немесе оның табиғи жолмен жаңаруына қолайлы жағдай туғызуға бағытталған», - дейді Самал Ибраева.

Еске сала кетсек, жыл басында Алматыдағы Бутаков шатқалында 8 гектар аумақтың ағашы кесілетіні хабарланған болатын.