Фото: Экология министрлігі
Қазақстанда биыл Экология күні алғаш рет кең көлемде аталып өтіп жатыр. Осы мерекеге орай елімізде 50-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылмақ. Іс-шаралар қатарына экосағаттар, көрмелер, пленэр мастер-класстар, сенбіліктер, сурет байқаулары, сондай-ақ саябақтар мен скверлердің ашылуы кіреді, деп хабарлайды Ult.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев кәсіби мерекеге орай салтанатты жиында саланың ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары және алғыс хаттар табыстады. Қоршаған ортаны қорғауға қосқан ерекше үлесі үшін экологтар, табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері және қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы бизнес өкілдері марапатталды.
Сондай-ақ «Қазақстан экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын?» тақырыбында эссе байқауының қорытындысы шығарылды. Байқауға Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасынан 22 оқушысы қатысты.
Қойылған шарттарға сәйкес әр мектептен қазақ және орыс тілдерінде бір жұмыс қабылданды, сондай-ақ, эссенің бірегейлігі, тақырыптың ашылуы, автордың жеке стилі мен сауаттылығы бағаланғанын атап өткен жөн.
Құрамына Министрлік қызметкерлері кірген конкурстық комиссияның шешімі бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды:
Бірінші орын – Қалдыш Айша, Астана қаласы әкімдігінің «Ж. Жабаева атындағы № 4 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК 9 сыныбының оқушысы;
Екінші орын – Маукен Айару, Астана қаласы әкімдігінің «№ 82 «Дарын» мамандандырылған лицей» КММ, 10 сыныбының оқушысы;
Үшінші орын – Баймағамбетова Жанель, Астана қаласы әкімдігінің «№ 5 гимназия» ШЖҚ МКК, 10 сыныбының оқушысы.