07 жел, 2022 сағат 23:07

Екібастұздағы барлық әлеуметтік нысан жылу беру жүйесіне қосылды


Екібастұз қаласындағы апаттан зардап шеккен барлық үйдің кіреберісіне жылу берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жедел штабтың мәліметінше, сағат 19:00-дегі жағдай бойынша қаладағы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52 және Сәтбаев көшесі, 8 мекенжайындағы 11 кіреберісте сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тәулік бойы жалғасып жатыр.

«Қазір апат салдарынан зардап шеккен барлық үйдің кіреберістеріне жылу берілді», -деп хабарлады жедел штабтан.

Әкімдіктің call-орталығына және «Екібастұзтеплоэнерго» абоненттік қызметіне тұрғындардың жылу жүйесінің, оның ішінде жеке сектордың жұмысындағы ақауларға байланысты көптеген өтініш келіп түсуде. Барлық өтінімдер қабылданады. Соған сәйкес ақауларды жою бағытында жұмыстар қолға алынады. Барлық әлеуметтік нысандар жылу беру жүйесіне толығымен қосылды. Мектептер мен өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарында жылу температурасы көтеріле бастады», - деп толықтырды жедел штабтан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын штабтан барлық үйге жылу берілгені хабарланған еді.

Сондай-ақ, Екібастұзда әлеуметтік нысандарға жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланды. Ал, қала тұрғындары жылуға екі ай ақша төлемейтін болды.