05 қыр, 2018 сағат 11:47

Екі-үш есеге қымбат сатылатын дәрі-дәрмектер бағасы қашан бақылауға алынады?

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой еліміздегі дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу үшін қандай механизмдер іске қосылатындығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу сызбасын таныстырдық. Бұрын кепілдендірілген мөлшер аясында ғана, яғни мемлекеттік сатып алу арқылы бағаны реттеп отырсақ, көтерме сегментте бағаны реттейтіндей құзіретіміз болмаған еді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы көтерме сегментте бағаны реттеуді жүктеген. Біз бағаны реттеудің моделін әзірледік», - дейді Алексей Цой «СК Фармация» ЖШС-да өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмекті тасымалдаушылардың көбі қымбат бағамен сатып жатқан жоқ. Дегенмен, сауданың кейбір субъекттері ұятты ысырып қойып, бағаны бірнеше есеге көбейте сатып жатқан көрінеді.

«Шамамен тасымалдаушылардың 70 пайызы - жауапты әрі әділ десе болады. Көп жағдайда олар дұрыс жұмыс жүргізіп, бағаны көтермейді. Бірақ, нарықтың «тентектері» де бар. Міне, біз әзірлеп жатқан ережелер соларды тыюды көздейді. Бағалардың асыруға болмайтын белгілі бір мөлшері белгіленеді. Осылайша, дәрі-дәрмектердің бағасын 2-3 есеге дейін қымбаттату жағдайлары тыйылады. Мәселен, дәріханалардағы бағалардың ала-құлалығын өзіңіз де көре аласыз. Біздің міндет - бағалардың ауытқуы белгілі бір бекітілген дәліз ішінде болғанын қамту», - дейді Алексей Цой.

Вице-министр бұл тәртіптің келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу көзделіп отырғанын атап өтті.

«Тұрғыдар баға айырмашылығын ешқай жерде салыстыра алмайды - бағалардың реестрі жоқ. Алдағы уақытта әрбір адам дәрі-дәрмектің бағасын біліп отыратын сайт жұмыс істейтін болады. Саудадағы атауы бойынша бағаны өзіңіз тексеріп отырасыз», - дейді вице-министр.

Айта кетсек, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағаларының ала-құлалығын реттейтін заң жобасы әзірленіп жатқанын бұдан бұрын «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп те айтқан болатын.