08 ақп, 2021 сағат 09:34

ЕАЭО даму стратегиясынан Қазақстанның мүддесіне қайшы келетін 240 іс-шараның күші жойылды

ЕАЭО даму стратегиясынан Қазақстанның мүддесіне қайшы келетін 240 іс-шараның күші жойылды. Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында вице-министр Жанел Күшікова осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтырғы жыл ешкімге де оңай болған жоқ. Пандемияның салдарынан ең бірінші кезекте халықаралық сауда зардап шекті. UNCTAD деректері бойынша 2020 жылдың 3 тоқсанының соңында әлемдік сауда 8%-ға азайған. Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауы бойынша, ЕАЭО сыртқы сауда көлемі 2020 жылдың соңына қарай 16,5% -ға, ал ішкі саудасы 11,5% -ға төмендеді», - деді Жанел Күшікова. 

Ол сондай-ақ өткен жылы ЕАЭО органдарының алаңында 650-ден астам акті қабылданғанын, олар классикалық төрт еркіндік (тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күші) мақсатын іске асыруға бағытталғанын айтып өтті. 

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында өткен жылдың ең маңызды оқиғасының бірі - ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдау болды. Құжат - ЕАЭО елдері мен комиссияның екі жылдық бірлескен жұмысының нәтижесі. Оған Еуразиялық кеңістіктегі алдағы бесжылдықтағы интеграциялық процестерді дамытудың негізгі бағыттары кіреді. Стратегияны дайындау кезеңінде біз ұлттық мүдделерге қайшы келетін 246 іс-шараны жою туралы мәмілеге қол жеткізгенімізді атап өткім келеді. Сонымен қатар, біз даму стратегиясына қажетті мазмұндағы 106 іс-шараны енгіздік», - деп атап өтті спикер.