26 нау, 2021 сағат 19:10

ЕАЭО аясында халықаралық төрелік сот құру идеясы әлі нақтыланған жоқ – Жанель Кушукова

Еуразиялық экономикалық одақ аясында төрелік сот құру идеясына деген Қазақстанның ұстанымы қандай? Ашық үкімет порталының қолданушысы Сауда және интеграция министрлігіне осындай сауал қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еуразиялық экономикалық одақ мәселелері туралы онлайн-конференцияда қойылған бұл сұраққа Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова жауап берді. 

«Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында шаруашылық жүргізуші субъектілердің өтініштері бойынша дауларды қарау үшін ЕАЭО шеңберінде халықаралық төрелік құру туралы бастаманы пысықтау жөніндегі іс-шара көзделген. Осы бағытты іске асыру шеңберінде тараптар осы мәселені толық зерделеп және тиісті баяндама дайындау керектігі туралы келісті. Айта кету керек, ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерде ұлттық заңнамаға сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталары жанынан халықаралық коммерциялық төрелік соттар құрылған. Қазақстанда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрелік орталығы жұмыс істейді», - деді министрлік өкілі. 

Оның айтуынша, одақтың алдағы 5 жылға арналған даму стратегиясында ортақ төрелік сот құру идеясы нақты көрініс тапқанымен, оның қаншалықты орынды ұсыныс екені әлі айқындалмаған. 

«Тараптар құқық қолдану практикасына, оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияға шаруашылық жүргізуші субъектілерден түсетін өтініштерді мұқият талдап барып, осыдан кейін ЕАЭО шеңберінде халықаралық төрелік құрудың орындылығын айқындау керек деген тоқтамға келді», - дейді вице-министр.