Фото: baq.kz
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Президент бастамалары мемлекеттілікті нығайтуға, тәуелсіздікті бекемдеуге және билік жүйесін кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған. Төраға құрылтай отырысында көтерілген ұсыныстарды ұлттық деңгейдегі институционалдық өзгерістердің бастауы деп бағалап, алдағы кезеңде Парламент пен мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа сипатқа ие болатынын жеткізді. Бұл туралы ол Парламенттің төменгі палатасының сәрсенбі күні өткен отырысында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов:
Қадірлі әріптестер!
Кеше біз Мемлекет басшысының тарихи бастамаларының куәсі болдық.
Бір топ әріптесімізбен бірге Ұлттық Құрылтай отырысына қатыстық.
Бәріңіз Қасым-Жомарт Кемелұлының сөйлеген сөзімен таныстыңыздар.
Онда айтылған сөздердің барлығы мемлекеттігімізді бекемдеуге, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған.
Президенттің әр реформасы, әр бастамасы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген қастерлі ұғымнан бастау алады.
***
Бұл шын мәнінде, тарихи жиын болды.
Әр Құрылтайдың ел шежіресіндегі орны да, жөні де бөлек екені сөзсіз.
Дегенмен, кешегі отырыстың идеологиялық мазмұны терең, саяси салмағы әлдеқайда басым.
Құрылтайда Президентіміз ел тағдырына тікелей қатысты жаңа, ауқымды әрі бетбұрысты реформалар жиынтығын ұсынды.
Бұл реформалар – ұлттық деңгейдегі институционалдық трансформацияның бастауы.
Соның аясында мемлекеттік құрылымның концепциясы кешенді түрде өзгермек.
Сөйтіп, билік архитектурасы түбегейлі жаңғырады.
Бұл қадамдарды «Президент Тоқаевтың әділет жолы» деп айтуға болады.
Ол жұмыс бүгін ғана басталған жоқ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке кіріскен алғашқы күннен бастап кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, кешенді реформалардың заңды жалғасы.
***
Әріптестер, бұл бастамалардың үлкен бір бағыты Парламенттің келешегіне қатысты.
Мәжіліс депутаттары осы өзгерістердің қайнаған ортасында жүр.
Барлық фракция жетекшілері, біраз әріптесіміз жұмыс тобының қызметіне белсене атсалысты.
Жарты жыл бойы болашақ Парламенттің құрылымы мен құзыреті төңірегінде нақты нормалар әзірлеп, ұсыныстар берді.
Әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы Президенттің позициясымен үндесті.
Жалпы, парламенттік реформа саяси жүйені қайта қарауға жол ашып отыр.
Бір палаталы Парламент құру – ел болашағы үшін тағдыршешті, өте қажет шешім.
Ол – саяси жауапкершілікті нақтылау, партиялардың институционалдық рөлін күшейту, заң шығару процесін кәсібилендіру деген сөз.
Мемлекет басшысы айтқандай, біздің мақсатымыз – мүлдем жаңа сипаттағы ықпалды заң шығарушы орган құру.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын одан әрі күшейту.
Қазір Мәжілісте 6 фракция қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр.
Көппартиялы қызметте мол тәжірибе жинадық.
Сол тәжірибе алда пропорционал жүйемен жасақталатын бір палаталы Парламенттің негізі болуға тиіс.
***
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының президенттік квотадан бас тартуы, Ассамблея квотасын алып тастауы – Парламентке толық дербестік беру дегенді білдіреді.
Ең бастысы бұл либералды бастаманы халықаралық саяси ұйымдар қолдайтыны анық.
Халқымыздың тарапынан да кеңінен қолдау тапқанына көзіміз жетіп отыр.
Ол әлемдік тәжірибеге, жаһандық конвенцияларға толық сәйкес келеді.
Бір сөзбен айтқанда, отандық парламентаризм тарихында батыл да демократиялық қадамдар жасалып жатыр.
***
Ең басты жаңалық – Президенттің болашақ Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынуы.
Мұны өте ұтымды шешім дер едім.
Менің ойымша, тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да Парламенттің табиғатын аша түсетін атау.
Құрылтай – қай кезеңде де дала демократиясының негізі болған.
Ежелден ұлт тағдырын айқындаған, ел аманатын арқалаған институт.
Президент дәл осы жауапкершілікті болашақ Парламентке жүктеп отыр.
***
Сонымен қатар, кейінгі кезде ұлтымызды ұйыстыратын, қоғамды біріктіретін институтқа деген қажеттілік арта түсуде.
Шынын айту керек, бұл тұрғыда Ассамблея мен Ұлттық құрылтай өз миссиясын толық орындады.
Енді осы бағыттағы жұмысты жүйелеп, жандандыру үшін Президент Халық кеңесін құруды ұсынды.
Ол қоғамдық консенсус пен сенім алаңына айналады.
Айта кетерлік жайт, Халық Кеңесі Парламенттің баламасы емес.
Бұл – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір.
Оған этно-мәдени орталықтардың, ірі қоғамдық бірлестіктердің, мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің мүше болуы ашықтықты арттырып, нәтижелі жұмысқа арқау болады.
Осылайша, біз саяси коммуникацияның тың форматына көшеміз.
Жаңа саяси мәдениетке жол ашамыз.
Халық кеңесі – елдегі ең жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады.
***
Бұдан бөлек, билік тармақтарын жаңғырту үшін Мемлекет басшысы Вице-Президент лауазымын енгізу бастамасын көтерді.
Бірден айта кетейін, бұл билікті бөлу емес.
Мемлекеттік басқару жүйесін қазіргі заманға бейімдеу.
Осы ұсыныстар Қазақстанның саяси жүйесін айтарлықтай жаңғыртып, жаңа институционалдық деңгейге көтереді.
***
Жоғарыда айтылғандардың бәрі жаңа конституциялық түзетулер қабылдауды талап етіп отыр.
Бұл – жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар өзгеріс, тарихи қадам деуге болады.
Президенттің саяси бағытының өзегінде әділдік идеясы жатыр.
Осы тұрғыда, Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасына айналмақ.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз» деген қағидатты Ата заңға шегелеп жазуымыз керек деді.
Реформалар, ауқымды өзгерістер – бір адамның емес, тұтас ұлттың жауапкершілігі.
Кеше Президент бір топ Мәжіліс депутатын жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Бұл бүкіл палата жұмысына берілген баға деп білеміз.
Және ол бізге зор жауапкершілік жүктейді.
Алдымызда жұмыс көп.
Президент реформалары мен бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге тиіспіз.
Әр депутат, барлық фракция осы жұмысқа белсене атсалысуы керек.
