19 қыр, 2017 сағат 11:04

Дүйсенова: Этникалық қазақтардың елге оралу көрсеткіші артып отыр

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, көші-қон саясатына қатысты заңнама өзгергелі бері шетелдегі қандастарамыздың елге оралу көрсеткіші өсті, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблемалар өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты. Атап айтсақ, этникалық қазақтарға оралман мәртебесі қоныстану аймағына қарамастан бір жылға беріле бастады. Олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға қысқартылды. Бұдан бөлек, қандастарымызды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылданды. Нәтижесінде өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Ол 2015 жылмен салыстырғанда, 8,5 есеге артық", - деп атап көрсетті Дүйсенова Үкімет отырысында.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Тамара Қасымқызы көші-қон саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасын таныстырды. Аталған құжатта шетелдегі этникалық қазақтармен, олардың ішінде дарынды әрі іскер азаматтармен тығыз байланыс орнатуға негізгі басымдық берілген. Жоғары білікті мамандарды жеңілдетілген тәртіппен жұмысқа алу жайы да қарастырылған.