08 қар, 2016 сағат 18:18

Дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан

1986 жылдың желтоқсан айында қазақ халқының ақырғы ұлт-азаттық көтерілісі орын алды. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 16 желтоқсанда өткен Пленумы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты бірінші хатшы лауазымынан босатып, орнына Ресей Федерациясындағы Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбинді сайлаған күннен биліктің ойына кіріп-шықпаған жаңа тарих бастау алды. Жаңа басшы «таққа отырған» күннің ертеңіне, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының астанасы Алматы қаласының көшелерімен сап құрған  қыздар мен жігіттер лек-легімен толассыз ағылып, Брежнев атындағы Орталық алаңға жиналды. Содан еш баламасы жоқ теңдессіз оқиға  басталды. Сонау қаһарлы күндер, арада отыз жылдай уақыт өткенмен, ұмытылмақ емес.

17 желтоқсанның кешінде Алматыдағы орталық алаңда  өзім куә болған оғаш көрініс менің де әлі көз алдымда. Соған дейін үлкен қалалардың алаңдарында,  көшелерінде жасалған түрлі бүліншілік салдарларын тек орталық теледидардан берілетін шетел хабарларынан анда-санда көретінбіз.  Енді сондай тосын оқиға, міне,  біздің республикамыздың астанасынан да орын алды...

Мен төменгі көшемен алаң етегіне көтеріле бергенімде, бірден өртке көзім түсті де, шет жақта лапылдаған жалыны көкке сіңіп жанып жатқан көліктің жанына келдім. Отқа оранған – «жылжымалы милиция бекеті» аталатын бір жағына құлатылған машина екен. Тап сондай өрт түн қараңғылығы қымтаған алаңның төрт шетінде де лаулап жатты. Алаң ортасында дөңгелене шоғырланып, ұрандатып тұрған жастар тобы көрінеді.  Мінбер маңында және Орталық Комитет үйіне апарар баспалдақ алдында құрсанған қалқандары тұтаса, ұзыннан-ұзақ тізілген әскери жасақ  қарауытады. Мен өртке қарап тұрған қыз бен жігітке тақалып, мән-жайды сұрастырдым. Сол шақта жасақ жақтан папахалы, әскери шенді адам бермен  шығып, ұрандатып тұрған топқа беттеді. Жастар арасына барды,  бірдеңені түсіндірмек, әлде келіссөз яки үгіт жүргізбек болған сыңайлы. Шамасы, нәтижесіз барыс болса керек, жастармен тіл табыса алмай, тез кері оралды.

Ол кетісімен, дөңгеленіп тұрған қыз-жігіттер қосылып Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әйгілі патриоттық әнін шырқады (көтеріліс күндері жауынгерлік шыңдалудан өткен осынау атақты әннің кейін тәуелсіз мемлекетіміздің әнұранына айналғаны мәлім) [1]. Ән шырқаудың ара-арасында бәрі бірауыздан, бұрынғысынша хормен, жігерлі айқайға басып қояды. Жастардың сондағы буын-буынға бөліп, екпіндете айтқан ұрандары: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» [2] деген сөздерден тұратын-ды.

Алаңды күңіренткен бұл ұрандарды мен ерекше толқыныспен, сезімге бөлене тыңдадым. Сонда дәл ажырата алмаған олардың терең мағынасын қазіргі таң биігінен мүлдем айқын түсінеріміз хақ, жастар аузынан жалын ата шыққан осы қарапайым қос тіркесте қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі жатқан болатын.

Біріншіден, қазақ елін басқаруға жіберілген мәскеулік орталықтың эмиссары Геннадий Колбин біздің халқымыздың ұлттылық тұрғыдан өркендеуіне шек қойып келе жатқан отаршыл биліктің тап өзіндей көрінген. Сондықтан да жас ұрпақ оны қабылдағысы келмеген. Оның «көзін жоғалтуын» талап ету арқылы максималист қыз-жігіттер  республикамызды қуыршақ қалыпқа түсірген отарлық қамытты қаусататын уақыттың жеткенін ерекше түйсігімен сезініп, қысқа ұранмен мәлімдеген еді.

Екіншіден, республиканың атын алып жүрген, бірақ құқтары тым шектелген халқымыздың мәртебесін «Жасасын қазақ!» деп ашық көтерудің астарында шынайы теңдікке жету, азаттық алу арманы, тәуелсіздікке қол жеткізу идеялары жатқан. Жастық шаққа тән шалқыма көңілден шыққан асқақ ұран сөздің мән-мағынасы соған саятын. Мұны бүгін дәл түсінеміз, шынтуайтында, сол алғаш естілген кездің өзінде ондай ойды күмәнсіз аңғаруға болушы еді.

Әрине, саяси тәжірибесі жоқ жастар мұндай мағынадағы тұжырымға тап сол кезде саналы түрде келген деп айта алмаймыз.  Олардың  сөз ішіне терең ой бүккен бұл ұрандары ауыздарына өз-өзінен сұранып, күн тәртібіне мүлдем табиғи түрде шығарылған-ды. Өйткені жас ұрпақтың осынау ереуілі халқымыздың өткен ғасырлардан бері әлсін-әлсін отарлық езгі мен озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы тұрып, бұрқ-бұрқ көтерілулерінің заңды жалғасы болатын.

Совет өкіметінің кіндігі боп саналатын мәскеулік билік 1985 жылдан жеделдету, жариялылық, қайта құру ұрандарымен демократиялық өзгерістерге жол ашатын жаңа саясат жүргізе бастағаны белгілі. Сөйте тұра, біздің халқымыздың еркімен санаспай, 1986 жылғы желтоқсан айында ұлтымызға жайсыз кадрлық шешім жасады. Соған наразы қазақ жастары бейбіт шеруге шыққан. Тең сөйлесуге өкімет оларды кем санайтын, жалпы тоталитарлық мемлекеттік билік үшін бірінші кезекте мемлекет мәртебесі тұратын да, адам тағдырымен, әсіресе «ұлтшылдықпен» санасу есепке алына бермейтін. Сол себепті бейбіт бас көтеруге өкімет күш қолданумен жауап берді, сондықтан да тыныш демонстрацияның ақыры көтеріліске ұласты. Яғни, партия саясаты, совет билігі көрсеткен екіжүзділік ұлт мәселесі шешілген деген жалған желеумен қасаң стандартты тыныс-тіршілік қалыбын орнатқан кезеңде, кеңес өкіметінің ұлт мүддесін қорғайтындығына зор күмән келтірушіліктің тууына себеп болды. Тап солай болғанына  бүгінгі күндері ешкім күдік келтірмейді.

Қазақ КСР-інің Конституциясы бойынша Қазақстан – өз аумағында өз бетінше дербес мемлекеттік билік жүргізетін егеменді кеңестік социалистік мемлекет (68-баб) еді  («Статья 68. Казахская Советская Социалистическая Республика – суверенное советское социалистическое государство. ...Казахская ССР самостоятельно осуществляет государственную власть на своей территории») [3]. Алайда Қазақстан Кеңестер Одағын құрысқан, одақтан еркін шығып кету құқы сақталған тәуелсіз мемлекеттердің бірі ретінде КСРО Конституциясының 70- және 72-бабтарында [4] мойындалған болса да, Қазақ Республикасының егемендігі де, өзін өзі билейтіндігі де, ұлттылығы да мәскеулік билік тарапынан аяққа тапталды. Сол себепті Қазақ КСР-і «...еңбекшілердің ерік-жігері мен мүддесін қорғайтын социалистік жалпыхалықтық мемлекет» [3] деген КСРО Негізгі Заңның 1-ші бабының көзалдаушылық, жәй ғана формальділік екенін әйгілеген бұл жәйт қағаз жүзіндегі теңдік пен еркіндіктің жасандылық сипатын дәлелдей түсіп, қазақ халқының шыдамын кемерінен асырған соңғы тамшы іспетті эффект берген.

Ал Совет Одағы деп аталатын алып мемлекеттің іс жүзінде «біртұтас және бөлінбейтін» патшалық Россияның  жалғасы болып шыққанын уақыт ап-айқын көрсетті. КСРО және ҚКСР Конституцияларының 6-шы бабтарына сәйкес Совет Одағының Коммунистік партиясы «қоғамның жетекші және бағыттаушы күші» болып табылатын [4] [3]. Сол «жетекші және бағыттаушы күштің» қатаң идеологиялық торымен одақтас республикалар да, олардағы халық депутаттарының кеңестері де бекем шырмалғандықтан, кеңестер одағы «біртұтас және бөлінбейтін» мемлекет болып шықты. Яғни КСРО іс жүзінде, өмір көрсеткендей, басында монарх тұрған Ресей империясының аты өзгертілген, төбесінде Саяси Бюро  тұрған жаңа түріне айналдырылды.

Міне, осы кеңестік неоимперияда әділетсіздік және көпе-көрінеу жалған сөйлеу әдеттегі құбылысқа айналғаны анық. КСРО-ны 1983 жылы АҚШ президенті сыртқы қатынастарға байланысты «зұлымдық империясы» деп атаған еді, шындап келгенде, бұл анықтаманың туралығы ішкі жағдайда да көрінді. Кеңес өкіметі қайта құру саясаты  жария еткен демократиялық жаңғыруға сенген жастарға 1986 жылдың желтоқсанында «наркомандар, маскүнемдер» деген жалған айып тағып, оларды тоталитарлық шоқпардың астына алды. Жұмысшы және студент қыз-жігіттердің демократиялық қозғалысын әскери күшпен басу үшін құпия түрде арнайы операция жоспарын жасап, жүзеге асырды. Мұндай әрекет жастарды ашындыра түсті, соның салдарынан бейбіт шеру озбыр отаршылдыққа қарсы көтеріліске ұласты.  

Бұған бүгінде ешкім шәк келтірмейді. Көтерілістің басты себебі сонда, «тәуелсіз республикалар одағы» деп дәріптелгенімен, «потемкиндік деревня» іспетті жасанды тәж киген «біртұтас және бөлінбейтін» мемлекетте жүргізіліп келе жатқан отаршылдық саясатта болатын. Ал оның тамыры әріге кетеді. Күш-қуаты артқан орыс империясы XV ғасырдан тарих сахнасында бар, бірақ жер-суына жан-жағынан көз алартқан дұшпан көбейгендіктен әлеуеті әлсіреп бара жатқан қазақ мемлекетін әуелі, XVIII ғасырда протекторат мәртебесінде қамқорлығына алған. Содан соң қилы жымысқы әрекеттерімен ХІХ ғасырда қазақтың мемлекеттілігін жойған да, жұртын жер-суымен қосып алып, патшалықтың құрылымына біржолата біріктірген.  Одан, жаңа отарын, өзге империялар секілді, сауда айналымына енгізуімен шектелмей, отарлаудың ең зұлымдық тәсілдерін жүзеге асырған.

Тәуелсіздіктің ұлы күрескері Мұстафа Шоқай кезінде дәл атап айтқандай, патша үкіметі мылтық кезенген солдатының соңынан, бағындырған жерлеріне міндетті түрде соқа сүйреткен мұжықтарын жіберіп, алған өңірінің бәрін орыс жеріне айналдырып жіберуді қош көрген. Сосын одан да зорға көшкен. Шұрайлы жер-суды иемдене отырып, құнарсыз далаға ығыстырып тастаған қазақты шоқындыруға тырысқан. Ондай әрекеті күткендегідей нәтиже бермегендіктен, бұратаналарды ақыры, тіпті діні бөлек күйі қалса да, ділін, өмір сүру салтын өзгерту арқылы кәдімгі мұжыққа айналдыруды көксеген болатын.  

Мұндай мақсатты отаршыл үкімет империяның барлық аймағында іске асырмақ болған еді. Сондықтан да оның ондай әрекеттері ІІ Николай патша билеген елдегі барша бодан ел-жұрттың түрлі қарсылығына душар болып, нәтижесінде, алып империяда азаттық аңсаған түрлі ұлттық қозғалыстар бой көрсеткен [5]. 1905 жылғы бірінші орыс революциясының дүмпуімен империядағы мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық қозғалыстары өмірге келді [6]. ІІ Николайдың бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарының қара жұмысына өзге текті бұратаналарды шақыру жайында шығарған 1916 жылдың 25 маусымындағы пәрмені ұлттық езгіден қалжыраған халықтардың ашу-ызасын тудырды. Патша жарлығы тұтандырған ұлт-азаттық көтерілісімен қазақ халқы да империя тағын шайқалтуға елеулі үлес қосты [7].

Монархия тарих сахнасынан шеттетілгеннен кейінгі саяси мүмкіндіктер ауқымында жүргізілген ізденістер нәтижесінде әуелі ұлттық Алаш автономиясы, сосын, бұрынғы империядағы мемлекеттік билікті басып алған большевиктердің ұйғарымымен, таптық негіздегі Қазақ кеңестік автономиясы өмірге келді. 

Қазақ халқы елдігіміз жаңғыртылды деп қуанды. Бірақ бұл іс жүзінде қанды өзгерістермен астасқан алдамшы жаңғыру болып шықты. Кеңес өкіметі тұсында қазақ жұрты үш мәрте алапат ашаршылыққа ұшырап, биліктің солақай реформаларының салдарынан халық ретінде мүлдем жойыла жаздады, үлкен ұлттық апатты бастан кешті [8]. Ұжымдастыру, тәркілеу шараларына  қарсы шыққан халық көтерілістерін әскери күшпен басып-жаншып, жұртты жаппай қуғын-сүргінге түсіруімен елдің тоз-тозын шығарған мәскеулік билік мемлекеттік қылмысын Ресей құрамындағы Қазақ автономиясын 1936 жылғы сталиндік Конституция бойынша одақтас республика мәртебесіне көтеруі [4] арқылы бүркемелегендей болды. 

Коммунистік режим жалпақ елде бекем орнықтырған тоталитаризм, басқа одақтас республикалар секілді, Қазақ КСР-ін де біртұтас алып мемлекеттің ешқандай дербестігі жоқ құрамдас бөлігіне айналдырды. Идеология арқылы тұтастандырылған жаңа империялық жүйені бастапқы кезеңде уағыздалған  кеңес өкіметі емес, қатаң бір орталықтандырылған коммунистік партия билейтін. Ұлттық мүдде еленбей, бар мәселенің тек таптық мүдде тұрғысынан бағаланатыны мойындалды.

1954–1960 жылдары Қазақ Республикасының жері тың көтеру желеуімен жаңаша отарланды. Қазақ халқы өз елінде барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпейтін (29%) деңгейге түсірілді, көптеген қазақ мектептері жабылды, «коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен орыстандыру саясаты жан-жақты жүргізілді. Орысша оқу салтқа, мақтанышқа айналдырылды. Орыс тілін білмей  қалада өмір сүру, жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Жалпақ елде «жаңа адам қалыптастыру» саясаты жүргізілді. Аралас некелер барынша мақұлданды. Орыстанған адамдар «интернационалист» ретінде мадақталып, басқа көтере дәріптелді.

Совет Одағының Гимні [9] азат республикалардың бұзылмас одағын Ұлы Русь мәңгілікке біріктіргенін мәлімдеген мынадай сөздермен басталатын: «Союз нерушимый республик свободных Сплотила навеки Великая Русь». Одан әрі бұл тұжырымдама халықтардың ерік-жігері жасаған біртұтас, қуатты Совет Одағы жасасын деген мына ұранға ұласатын: «Да здравствует созданный волей народов Единый, могучий Советский Союз!» Осы әнұранның алғаш рет 1943 жылғы 14 желтоқсанда СОКП ОК Саяси Бюросы қаулысымен, одан соң 1977 жылғы 27 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Пәрменімен бекітіліп, кеңестік билік тарих сахнасынан кеткен 1991 жылға дейін шырқалып келгені баршамызға белгілі. 

Гимн мәтінінің жоғарыда келтірілген бірінші шумағы 1977 жылғы нұсқада өзгеріссіз, сол қалпында қалдырылған-ды. Алғашқы екі жолдағы «бұзылмас одақты» орыс мемлекетінің біріктіргені туралы  ақпараттың кейінгі екі жолдағы «біртұтас, қуатты Совет Одағын» «халықтардың ерік-жігері жасағаны» [9] жайындағы мәліметпен үйлесіңкіремей тұрғанын қазіргі таңда оңай аңғаруға болады, бірақ тоталитарлық кезеңде оған ешкім шәк келтірген жоқ.  

Соғыс жылдары өмірге еніп, тәуелсіздікке жеткенге дейін шырқалған Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Гимні [10]: «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан», – деген, шынайы қазақы болмысты бейнелейтін  жолдармен басталатын. Әнұран мәтінінің бұлардан кейінгі мүлдем саясиландырылған сөздерін есепке алмағанда, қазақтың азаттық пен ар-намыс жолына басын тігуден қашанда тартынбағаны рас-тын. Осы жанқиярлық дәстүрге адалдығын жастар 1986 жылғы желтоқсан айында республикамызды басқаруға орталықтың жаңа эмиссары жіберілуіне наразылық танытып, көшелерге шығуымен көрсетті.

Республика астанасында олар алаңға бір жағынан, сол кезгі жариялылықты, қайта құруды, демократиялық жаңаруды көздеген билеуші партияның саясатына малданып шықты. Екінші жағынан, көкейге түйген күдікті бейбіт жолмен шешуге үміттеніп, идеялық жалғыз-дара көсеміміздің портреті мен оның және ол құрған большевиктік партияның ұлт мүддесін көздейтін тұжырымды сөздері жазылған транспаранттарды бастарына көтеріп шықты. Орталық алаңға келіп, басшылардың мәселені түсіндіруін күтті. Бірақ олардың алдына шыққан өкімет өкілдері тек тәртіп бұзбай, жатақханаларына тарқауларын талап етті.

Өздерінің мұндай талап-тілектеріне биліктің құлақ аспай, немкетті қарауы демонстранттарды, әрине, қанағаттандырмады, олар алаңнан кеткен жоқ. Сонда өкімет тарапынан орталық алаңға жиналған студенттер мен жұмысшы жастардың бейбіт демонстрациясын дөрекі күш қолдану жолымен  басып-жаншу әрекеттері жасалды. Жуасыту және жазалау шаралары метрополия жоспарына сәйкес мұқият жүзеге асырылды. Гимндегі: «Іргелі мемлекет, ерікті болдық ел, Достықпен, бірлікпен жайнайды туған жер» [10] деген жолдардың өзімізді өзіміз алдаушылық екені, «Жасасын Советтер Одағы, Жеткізген еркіндік, теңдікке» [10], – деп келетін шат сөздердің жасанды екені аныққа шықты.

Отаршыл билік Алматыдағы орыс және орыс тілді тұрғындардың қолдарына темір біліктен, кабельдерден қиылған суық қарулар үлестіріп, алаңдағы қазақ жастарын өлімші етіп ұрып-соғуға, тіпті өлтіруге ашықтан ашық шығарды.  Жұртты бір-біріне жасанды түрде ұлттық тұрғыда қарама-қарсы тұруға мәжбүр етті. Кеңес өкіметі басшылығының рұқсатымен жасалған осынау мемлекеттік қылмыс:  «Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры, Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» [10] деген гимн сөзінің астарын айқара ашып берді. Жаңа тұрпатты отаршылдар мен олардың жергілікті жандайшаптары астанада жұрттың ұлттық белгілері бойынша қудалануына жол ашты, ұлтаралық араздықты қолдан тұтатуға әрекеттенді. «Аға» мәртебесімен дәріптелетін халық өкілдерін және орыстанған өзге тектілерді, сондай-ақ барша ләббай-тақсыршылдарды  империялық орталық «бесінші колонна» ретінде пайдалануға ұмтылды. Белгілі дәрежеде біраз уақыт солай ете алды да. КСРО басшылығы Алматыға жіберген өкілдер КСРО Конституциясының «одақтас республикалардың егемендік құқтарын КСР Одағы сақтайды» (Статья 81.  Суверенные  права  союзных  республик охраняются Союзом ССР) [4] деген 81-ші бабына қасақана, қалаға өзге республикалардан арнайы мақсатпен әрекет ететін жасақтарды тасымалдап, метрополияның отардағы «құлдарын» тұқырту, «тәртіпке салу» жұмыстарын жүргізді.

Бірақ ұлттық сезім мен намыс басты түрткі болған ұлт-азаттық көтеріліс оты тез арада респубиканың шартарабына тарап үлгерді. Мұндай қарсылық туатынын күтпеген орталық көтеріліс жайында дұрыс ақпарат тарамауына, оны бұзақылардың тәртіпсіздіктері етіп түсіндіруге күллі идеологиялық қаруын жұмылдырды. Одақтас республикалар іштен тынғанмен, алыс шетелдер үнсіз қалған жоқ. Европа елдерінің белгілі азаматтары ату жазасы кесілген көтерілісші Қайрат Рысқұлбековтың тағдырына араша түсіп, КСРО басшылығына хат жолдап жатты.

Желтоқсан көтерілісінде орын алған ауыр ахуалдың бір ұшы менің жеке басыма да тиді. 1986 жылғы 25 желтоқсанда өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы аппаратының партия жиналысында 17–18 желтоқсан оқиғасына байланысты мәселе қаралды. «Тәртіпсіздіктердің» мән-жайы баяндамада, жарыссөздерде алаңға шыққан жастарды айыптау тұрғысынан қозғалып жатты. Сонда мен де жақ ашпай қала алмадым. Мен құқық қорғаушы орган күштері  бейбіт жастарға шоқпар, сапер күрекшелері мен әскери ізшіл иттерді жұмсағанын, сөйтіп озбыр жазалаушы деңгейіне дейін құлдырағанын ашық айттым, жұмысшы ұжымдарына барған жекелеген партия қызметкерлерінің Орталық  Комитет Пленумының кадр жөніндегі шешімін «сендерге басшының қазақ болғаны маңызды ма, әлде дүкендерде нан болғаны маңызды ма» деп түсіндірмек болған қарадүрсін, залалды сөздерін сынадым. Мәселені байыппен, тереңнен ұғуға шақырдым. Демонстранттардың Лениннің суреттері мен ұлт мәселесі жөніндегі сөздерін көтеріп шыққанына ой жүгіртейік, интернационализм, шовинизм, патриотизм, ұлтшылық пен ұлттылық ұғымдарын ажырата білейік дедім. Қазақ тілінің мүшкіл халін, білім беру органдарының кемшіліктерін тілге тиек етіп, нақты мысалдар келтірдім [11, 30–35-бб.].

Менің сөзім белсенді коммунистердің ашу-ызасын туғызып, маған ұлтшыл деген айып тағылды. Сөзімнің мәтінін бірнеше дана ғып көбейтіп, тиісті органдарға табыстады. Оны белгілі партия басшыларының бірі «революциялық сөзге» балап [11, 63-б.], коммунистің мұндай антипартиялық қылығын аяқсыз қалдыруға болмайтынын айтты. Мәселені қайта қарау үшін 1987 жылғы 5 қаңтарда тағы жиналыс өтті, мен алғашқы сыни сөзім партиялық құжаттарда тұжырымдалған теориялық қисындардан туындағанын шегелеп айта келе, тәртіп сақшыларының бейбіт демонстранттарды ұрып-соғуын шынымен де өз көзіммен көрмегенімді мойындадым [11, 49–51-бб.].

Жалпы, мен өзімнің қалыптасқан пікірлерден өзгеше ойымды көшеде емес, партия жиналысында, «өткір бұрыштарды» айналып өтпеуге үйрететін партия ережесіне сай, коммунистер ортасында айтқан едім. Алайда аппарат коммунистерін мұндай қисын ойландырған жоқ. Ерекше көзге түсуге тырысқан белсендінің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері сөзімнің мәтінін өздерінше бұрмалап, тексерген болды, таққан жасанды айыптарын тізген қорытынды жасады [11, 55–58-бб.]. Сосын менің мәселемді партбюрода, одан тағы да жалпы жиналыста талқылады, жиналыс шешімін аудандық партия комитеті өзінің парткомиссиясында, бюросында қарады. Нәтижесінде мен партиялық және әкімшілік қатаң жаза алып тындым [11, 63-б.]. Ақтығыңды дәлелдей алмайтын жағдай осылай менің өз басымнан да өткендіктен, сол күндері республикада «кіші 37-ші жыл» ахуалы орнағанын  сеніммен  айта аламын. Көтеріліске тікелей сан-мың қыз-жігіттің қатысқаны, көшелер мен орталық алаңда олардың билік тарапынан ондап, жүздеп соққыға жығылғаны, ұсталып, түрмеге, тергеуге түскені, жұмыстан, оқудан, тұрған жатақханаларынан шығарылғаны, қаладан қуылғаны, жүзден астамының түрлі мерзімге  сотталғаны мәлім. Халық депутаты, ақын Мұхтар Шаханов басқарған парламенттік комиссияның деректеріне қарағанда, «37 жыл» рухында жүргізілген репрессиялар түрлі әкімшілік шараларымен қатар партиялық және комсомолдық тұрғыда жазалау жолымен де жалғасқан. Осы оқиғаға білдірген көзқарастары үшін 52 адам партиядан шығарылған, 67-сіне партиялық жаза берілген. Жұмысшы және студент жастардың 406-сы комсомолдан шығарылып, 404-іне комсомолдық  жаза қолданылған [12, 13–24-бб.].

Қасаң тоталитарлық жүйеге күллі КСРО бойынша бірінші болып қарсы шығып, жанкештілікпен азаттық үнін көтерген қазақ жастарының көтерілісі  басқаларды да оятты. Мәскеу озбырлығына қарсылықтар Кавказдағы, Балтық жағалауындағы одақтас республикаларда орын алды. Ұзамай, коммунистік режим тұтастырған тоталитарлық алып мемлекетте тегеурінді демократиялық өзгерістер жасалды. 1991 жылы кеңестік елге біріккен одақтас республикалар КСРО Конституциясының 72-ші бабында көзделген одақ құрамынан еркін шығып кете алатын (Статья 72.  За каждой союзной республикой сохраняется  право свободного выхода из СССР) [4] құқтарын пайдаланып, өздерінің мемлекеттік тәуелсіздіктерін жариялады.

Сонымен, 1986 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі серпін берген ерен құбылыстың нәтижесінде кеңестік империяны ұстап тұрған коммунистік режим құлады.

Тарихи оқиғаның дамуы барысында КСРО-ның өзі ыдырап қана қоймай, тиісінше, оның әлемдегі ықпалы шектелді. КСРО-ның жетекшілігімен Европа мемлекеттерінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін 1955 жылы Варшавада талқылаған мәжілісте құрылған сегіз европалық социалистік мемлекеттің  әскери одағы – Варшава келісімшарты 1991 жылы біржола күшін жойып, 36 жыл бойы дүниедегі әскери күштерді екіге жарып келген ұйым тарқады. Совет Одағының идеологиялық құрсауынан азат болған елдер өз мемлекеттік құрылымдарын қайта қарады (екі неміс мемлекеті бірікті, Чехословакия, Югославия федерациялары жеке мемлекеттерге бөлінді). 

Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ерік-жігері идеологиялық ауыздықпен тұмшаланған қасаң елде осылайша демократиялық жаңаруға жол ашып, өзара дұшпан әскери лагерьлерге бөлінген биполярлы әлемде жасанды қарсы тұрушылықты жоятын құбылыстардың  бастауына  айналды. 

Бүгінгі ұрпақтың міндеті тоталитарлық дәуірдегі қазақ жастарының халықаралық, дүниежүзілік мәні бар жасампаздыққа жол салып берген ақтық қозғалысын, содан бері ұласқан тарихи үдерісті терең түсіну, сондай-ақ сол орайда  Желтоқсан көтерілісінің әділ бағасын біліп, одан сабақ алу және оны мақтан ете білу болмақ.

Біздің ойымызша, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен тәуелсіздіктің іргетасын қалаған көтерілістің 30 жылдығына орайластырылған, мемлекеттік іс-шаралар ауқымында өтіп отырған «Қазақстандағы Желтоқсан (1986) көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты осы халықаралық ғылыми-практикалық конференция ел билігіне, халықаралық қауымдастыққа жүйелі ұсыныстар беру арқылы Желтоқсан көтерілісінің нақты ғылыми және саяси бағасы тұжырымдалуына сүбелі үлес қосуға тиіс.   

БЕЙБІТ ОРЫНБЕКҰЛЫ ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Ұлт порталы

Әдебиет:

1. Қазақстан республикасының мемлекеттік әнұраны.  http://www.akorda.kz/ kz/state_symbols/kazakhstan_anthem

2. Тарихи көтеріліс хақында //Қойшыбаев Б. Желтоқсан – Сын». Публицистикалық хроника. – Алматы: Рух БГ, 2016.  

3. Конституция (Основной Закон) Казахской Советской Социалистической Республики  от 20 апреля 1978 года. http://www.worldstatesmen.org/Consitution_of_KazSSR-1978.pdf

4. Конституция (Основной закон) Союза Советских Социалистических Республик (принята на внеочередной седьмой сессии Верховного Совета СССР девятого созыва 7 октября 1977 г.)  http://base.garant.ru/1549448/

5. Формы национального движения в современных государствах: Австро-Венгрия. Россия. Германия. Под ред. А.И. Кастелянского. – СПб.: Общественная польза, 1910.  

6. Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы. 1-т. – Алматы: Алаш, 2004.

7. Қаһарлы 1916 жыл. Құжаттар мен материалдар жинағы. І-т. – Алматы: Қазақстан, 1998.

8. 1930-жылдарғы ашаршылық: себептері, ауқымы, зардаптары // Қойшыбаев Б. «Әділет» туымен ширек ғасыр. Публицистикалық хроника. – Алматы: Абзал-Ай, 2014.  

9. Гимн СССР. https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%93%D0%B8%D0%BC%D0%BD_ %D0%A1%D0%A1%D0%A1%D0%A0)

10. Гимн Казахской ССР. https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%93%D0%B8%D0%BC%D0%BD_ %D0%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D1%85%D1%81%D0%BA%D0%BE%D0%B9_%D0%A1%D0%A1%D0%A0

11. Қойшыбаев Б. Желтоқсан – Сын. Публицистикалық хроника. – Алматы: Рух БГ, 2016.

12. Татулық пен бірліктің кепілі. М. Шахановпен әңгіме // Қойшыбаев Б. Желтоқсан – Сын. Публицистикалық хроника. – Алматы: Рух БГ, 2016.