Ақиқатты тану – өте қиын, ал оны айта білу – одан да қиын
Қасиетті Хадистен
Қуарған қу даланың шаңын шығарып, ұзыннан-ұзақ шұбатылған көш келеді. Ат мінген, түйеге жүк артқан, жаяу-жалпылаған адамдар көші.
Алдыңғы жақтағы сегіз ат парлай жегілген алтын күймеде осы көштің көшбасшысы Малбұқа көсем қалғып-мүлгіп отыр. Қасындағы айдай сұлу жас тоқалы сырттағы түр-тұлғасы келіскен жас уәзірге сүзіле қарап, телміре түседі. Сезіп қоймасын дегендей, күйеуіне жалтақтап қарап қояды. Алдарында қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы тұр.
Одан кейінгі алты ат парлап жегілген күміс күймеде көсемнің қалған үш әйелі бір-біріне теріс қарап, тым-тырыс тымырайып отыр. Ал төрт ат парлай жегілген қола күймеге жайғасқан балалары бір-бірімен айтысып-тартысып, ұлардай шулап барады. Оларды жақсы ат мініп, оқалы киім киінген атқамінерлер жағалай қоршап, қоғадай жапырыла қолпаштап, шашпауларын көтеріп келеді.
Бұл топтың сән-салтанаты да, түр-тұрпаттары да, киім киістері де кейінгілерден мүлде бөлек. Өздерінше мәз-мейрам, қағанақтары қарық, сағанақтары сарық. Жымпима мысықтай жымиыстарынан жымсыма зымияндықтың, қорқау қасқырлардай алақ-жұлақ еткен көздерінен аярлық пен арсыздықтың ұшқыны менмұндалайды. Жан-жақтарында сауыт киіп, қару-жарақ асынған қарауылдар қалбаң қағып, жалпақтап жүр.
Езулері құлақтарына жетіп, даурыға қауқылдасқан алдыңғы топтың соңын ала қара нөпір қалың бұқара келеді. Қабақтары – салыңқы, еңселері – түсіңкі, көздерінен мұң, жүздерінен уайым, кескін-келбеттерінен шаршап-шалдыққандары анық аңғарылады. Жүдеп-жадап, арып-ашыған жандардың алға басқан аяқтары кері кеткендей, жүрістері еш мандыр емес.
Көштің оң жағын алып самұрық, сол жағын алты басты айдаһар торуылдап жүр. Қос мақұлық бір уақ көзден ғайып болып, зым-зия жоғалады да, енді бірде ойламаған жерден қылаң беріп, қара көрсетеді. Арт жақта сілекейі шұбырған дәу құзғын қара халықтың басқан ізін баспалай аңдып келеді.
Бірде самұрық, бірде айдаһар көшке түре тиіп, керектерін бүріп әкетіп, елдің зәре-құтын қашырып, үрейін ұшырып келеді. Қарсыласқандарына да қарамай, жас-кәрі демей, жазықсыз жандарды жемтік қылуда. Бала ата-анасынан, ата-ана балаларынан айырылып, қайғы құшып, зар еңірейді. Ал құзғын көшке ілесе алмай қираң қаққандардың көздерін шұқып, қарнын тойдырып келеді. Үшеуінің де ниет-пиғылдары жаман болғанымен, іштері майлы, есептері түгел.
Көштің бел ортасында құла биеге мінген дана қарт пен күрең тайға қонжиған он үш жасар бала келеді. Баланың таңдайы тақылдап, ауызы жабылар емес. Ақбасты ақсақалға жаутаңдай қарап:
– Ата, ана пәлелер қыр соңымыздан неге қалмайды? – дейді сұраулы жүзбен.
– Еее, балам, әлдінің әлсізге тырнақ батыруы, талап-жеуі жаратылыс заңы. – дейді дана қарт сөзін салмақтап. – Қадам заманнан бері солай!.. Жаратушы жаппар иеміздің өзі біреуді әлді, біреуді әлсіз қылып жаратқан. Кім мықты болса, соның айтқанына көніп, айдауына жүресің!
– Сонда бізді де біреу айдап келе ме?
– Құдайдың құдіреті күшті. Маңдайыңа не жазады, соны көресің! Одан қашып ешқайда бара алмайсың!
– Бұл әділетсіздік қой!
– Әділетті жарық жалғаннан іздеп әуре болмай-ақ қой, балам! Бәрібір таба алмайсың! Одан да жазғанның жазмышына мойынсұнып, өмір сүруді үйрен. Әгараки, мықты болсаң, әділет сен жағыңда, әлсіз болсаң, жалт беріп, қарасын да көрсетпей кетеді. Ал оны қолыңнан сусытпай ұстап тұру үшін де құдіретті күш керек!
Бала бір сәт үнсіз қалды да, кенет есіне әлдене түскендей атасына ойлы жанарын тіктеп:
– Ата, біз осы қайдан шықтық, өзі? – деді жаутаң қағып.
– Бағзыдан...
– Қазір қай жерде келеміз?
– Жетер жеріміздің желке тұсында келеміз.
– Біз осы қайда бара жатырмыз?
– Қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жатырмыз.
Бала қартқа үрпие қарады. Түкке түсінбегені состиған сұрынан-ақ көрініп тұр. Кенет, көзі күлімдеп, езу тартты.
– Ата, сіз түк білмейді екенсіз ғой! Біз Жұмақ-Жайға бара жатыр емеспіз бе?! Оны басқа емес, көсемнің өзі айтқан жоқ па?!
– Е, оның сөзіне сенсең, Жұмақ-Жайға баяғыда жетер едік қой.
– Сіз сонда, көсемге де сенбейсіз бе?
– Мен өзге түгіл, өзіме де сенбеймін.
Бала миығынан мырс етті.
– Қалайша, өзіңізге сенбейсіз, ата?
– Себебі, туа біткен болмыс-бітімімді өзгерткен адаммын. Жалындаған жас күнімде мүлде басқа адам едім. Тек шындықты айтатынмын. Ал қазір шындықты өз қолыммен тұншықтырып өлтіріп, өтірікпен ауызжаластым.
– Неге?
– Шындықтың жолы қашанда ауыр. Өтірік айтып айлаңды асыруың мүмкін, ал шындықты айтып ешқашан абырой таппайсың! Анаған қарашы! – деді қарт қотыр құнанға жайдақ мінген киімі жұпыны, түрі жүдеу жігіт ағасын қолымен нұсқай, – Қандай ақылды адам. Білмейтіні жоқ. Текті атаның ұрпағы. Оның үстіне Құдай талант берген. Өнерлі-ақ. Өзіне, өнеріне нық сенімді. Содан да ешкімді көзіне ілмейді. Керек десең, ханға да сәлем бермейді. Айтқанынан қайтпайды. Өтірікпен жаны қас, тек шырқыратып шындықты айтады. Сондықтан да теперіш көріп, тепкінің астында жүр!.. Ал анабіреуді қарашы! – деді қарт алдыңғы жақта ауыздығымен алысқан сәйгүлік мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрігін қисайта киген жүзі шырайлы месқарын сарыны көрсетіп, – Басында шымшымдай ми жоқ. Ұятсыздығымен ұрты майланған дарақы біреу. Өтірікті суша сапырады. Жағымпаздығымен аты шығып, суайттығымен есімі елге жайылған сарай ақыны. Көсем мен оның маңайындағылар осындай түк көрмеген тексіздерді жақсы көреді. Үнемі қолдап, қолпаштап отырады. Үлде мен бүлдеге бөлеп, атақ-даңқты бір басына жетерліктей үйіп-төгіп, кеудесін темір-терсекке толтырып қойды. Сөйтіп, ол дәлдүріш ішіп-жегеніне мәз. Арғы жағына бойлай да, ойлай да алмайды. Есек сияқты құлағы қалқиып тұрса да, бақай есебі түгел.
Бала күліп жіберді.
– Ата, бұл өзі бір ақылды адам болды ғой! Ақымағың анау ғой! – деді қотыр құнан мінген адуынды ақынға көзінің астымен сүзе қарап, – Шындықты айтудың өзіне жақсылық әкелмейтінін біле тұра, көсемсіп несі бар, байқұстың! Нағыз делқұлы сол ма деймін!..
Дана қарт не дерін білмей, абдырап қалды. Баланы бас салып кінәлай қою да қиын. «Әй, айналайын-ау, адамның ар-ұятынан, намысынан, абыройынан, иманынан артық ештеңе жоқ!» деп ақыл айтып, жер-жебіріне жетіп жекігісі келсе де, бір сәт өзін-өзі тежеп: «Іштен оқып туған бәлелерсіңдер ғой!» дегеннен әріге аса алмады. Басқаша тіс жарып, жақ ашпады. Терең дем алып, ауыр күрсінді.
Бала оған қына қойған жоқ. Ой теңізіне сүңгіп кеткен. Анда-санда көз қиығымен қотыр құнан мініп келе жатқан Нағыз ақынға мүсіркей, ауыздығымен алысқан сәйгүлікте шірене түскен Дәлдүріш жыршыға қызыға қарап қояды: «Өскенде мен де сарай ақыны боламын. Жақсы ат мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрік киемін! – дейді іштей күбірлеп, – Қотыр құнан мініп, тепеңдеу есті жанға жараспайды. Менің ондай ақымақ болғым келмейді!..»
Ойын жиып үлгермей, бес-алты жауынгер аттарын ойқастатып жанына жетіп келді. Ортадағы еңгезердей қызыл бет сардар балаға қарап:
– Әй, боқмұрын, тайға мінген неңді алған, түс те, тізгінін бізге ұстат!
– Неге? – деді бала жаутаңдап.
– Хан қазынасы ортайып қалды, соған салық жинап жүрміз!
– Менің жалғыз тайымды көріп қалдыңдар ма?
– Тіліңді кесіп алмай тұрғанда сөзді қысқарт! – деді қызыл бет қабағын түйіп. – Керек болса, кеудеңдегі жаныңды да суырып аламыз!
Көпті көрген атасы немересін ат үстінен құшақтай көтеріп алдына мінгізіп алды да:
– Айналайын, Арманжан, бұлармен айтысып опа тапқан ешкім жоқ. Бер тізгінді! – деді дауысы жарықшақтанып шығып. Кеудесін кере ауыр күрсініп қойды.
Атасының сөзін екі етпейтін немересі қайыра тіл қатпастан тайының тізгінін қызыл бетке қарай сілки салды. Қызыл бет қағып алды да, тайын жетектеп жөніне жөней берді. Бала қыстығып жылап жіберді. Бір ауыз араша сөз айта алмаған атасына да өкпелі.
– Жарығым, – деді атасы шашынан иіскеп, – бастан құлақ садақа! Аман болсаң, әлі талай ат мінесің!.. Таңдап тұрып мінесің!.. Өмірің де, көрер қызығың да әлі алда!
Осы кезде күймесінен есіней шыққан Малбұқа көсем ақи көзін ақшита есекше ақырып қоя берді:
– Бізді алда жарқын болашақ күтіп тұр! Ана бір құз-жартасты биік тауды көрдіңдер ме? – деді түкірігі шашырап, – Содан асып түссек, ар жағы жайнаған жасыл бақ, самсаған жеміс-жидек. Тойынып, бойларыңа шыр бітеді. Саумал бұлағы – зәмзәм суы сияқты, ішкенде көздерің шырадай жанып, жүздеріңе қан жүгіреді. Ұшқан құс, жүгірген аңның неше түрі бар. Несін айтасыздар, байлыққа белшеден батамыз, бақыттың бал дәмін татамыз!.. Ар жағында Жұмақ-Жай да тиіп тұр. Көп кешікпей оған да жетеміз. Ендеше, уа халайық, еңселеріңді түсірмеңдер, кеуделеріңді тіктеңдер!..
Өмірден түңіліп, тіршіліктен баз кеше бастаған қара халық көсемнің жалынды сөзіне құлақ қоя қойған жоқ. Көпшілігінің көңілдері алаң, жүректері күпті. Болашаққа деген сенімнен гөрі, күдік-күмән басым.
– Ата, айттым ғой, біз Бағзы жаққа қайтып бара жатқан жоқпыз, Жұмақ-Жайға беттеп келеміз! – деді бала қарияға менменси қарап. Мен де бірдеңе білемін дегендей, басындағы таз кепешін қисайта киіп, қоқиланып қояды.
– Жұмақ-Жайдың ауылы алыс, балам. Күнаһарлар бастап келе жатқан көш ешуақытта Жұмақ-Жайға жете алмайды. Алдап-сулаумен айлаларын асырып, қылмыстарын жасырып, өтірікті судай ағызып, жол бойы жалғандықтың ұрығын сеуіп келеді. Сөйте тұрып Жұмақ-Жайға баруды армандайды. Ол мүмкін емес. Біз айдың-күннің аманында жолдан адастық, балам. Адастырған да көш басындағылар. Біз алға емес, артқа қайтып барамыз. – деді данагөй абыз қабағы түйіліп.
– Шынымен солай болса, көсемге неге айтпайсыз?
– Мен асарымды асадым, жасарымды жасадым. Тек сен үшін алаңдаймын, зияным тимесе екен деймін. Тісімнен артық ауыз сөз шығармай келе жатқаным да сол. Айтатын кезде бетің бар, жүзің бар демей, тіліп тұрып айтқанмын. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ. Ақыр аяғында өзім пәлеқор-жалақор атанып, жаманатты болып қалдым. Айтатындар әлі айтып жүр. Өкініштісі сол, олардың көздерін біртіндеп құртып жатыр. Ал кімге болсын жан керек. Халық үрей құшағында. Оның үстіне дәл қазір көсемнің сөз тыңдайтын түрі жоқ. Маңайындағылардың өтірік мақтауынан көзін шел басып, құлағы тас бітеліп қалған. Ештеңе көре де, ести де алмайды, көргісі де, естігісі де келмейді.
– Маңайындағылар ше!
– Әй, балам-ау, олар ондай сөзді көсемге жеткізбейді, дәлірек айтсақ, жеткізе алмайды. Қайта айтқан адамның желкесін жетесінен үзеді. Себебі, шындықты айту да, есту де қашанда ауыр. Көсем мен оның маңайындағыларға жалған сөйлеп, өтірік мақтасаң ғана жағасың.
– Туу, ата, қойыңызшы, біз Жұмақ-Жайға бара жатырмыз! – деді бала бетпақтанып. – Көсемнің өзі уәде берді емес пе!..
– Сол көсеміңе сенбеймін. Көзіңді бақырайтып қойып, беті бүлк етпестен өтірік айтады. Сөзін тыңдасаң елжірей қаласың, ал ісіне қарасаң лағнет айтасың! – деді қарт қабағы түйіліп. – Оның үстіне әбден қартайды. Аузына не келсе, соны айтып, ойына не келсе, соны істейтін болды. Қысқасы, алжыды. Сонда да өзіне Құдайындай табынып, хан көтерген халқының басына әңгір таяқ ойнатуын қояр емес. Ендеше ол қалың бұқараны жарылқайды дегенге өз басым еш сенбеймін. Басқа емес, өзінің басын әрең алып жүрген адамға сенім арту – барып тұрған ақымақтық. Өзін қойшы, мына соңына ерген халқын торғайдай тоздырып, қан қасап қырғынға ұшыратпаса жарар еді.
– Ата, көсемге барып, тайымды тартып алып кеткенін айтайыншы! – деді бала аузы бұртиып, – Мүмкін қайтарып берер!
– Балам, аналарды жіберген соның өзі емес пе?! Тайыңды сұраймын деп, жаныңнан айырылып қалып жүрерсің! Өйткені бұл көсем өте шамшыл, кекшіл, қатігез адам! Ешкімді аямайды! Жаныңның аман қалғанын олжа тұт!
Бала да болса атасының айтқанын түсініп, үнсіз қалды. Көштің алды алынбас қамалдай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан құз-жартасты биік тауларға таяп келеді. Жақындаған сайын атқамінерлерден сабыр қашып, маза кетті. Дызылдап, дызақ атып, ат үстінде қопаң-қопаң етіп, әрлі-берлі шапқылай бастады.
- Кәне, жол беріңдер, кәне, былай тұрыңдар! – деп қояды шекпенділер бір-біріне, – Алдымен көсем өтсін!.. Бәріміз жабылып, күн көсемді арғы жаққа аман-есен өткізіп алайық! Кәне... кәне...
Шенділердің бұйрығы бойынша көсем отырған алтын күймені жаяу жасақ аяғын жерге тигізбей тік көтеріп әкетті. Құлап кетпесін дегендей, жан-жағынан қаумалай қоршаған атқамінерлер жұптарын жазбастан жарқанатша жарбаңдап, өлермендікпен ентелей түседі. Олардың түпкі ойы – осындайда көсемнің көзіне түсіп, төбе көрсетіп қалу. Сөйтіп, биліктің басқышына қол артып, қазанның бір тұтқасын ұстап, қазынадан сыбаға қақшып қалу.
Жанкештілердің жан алып, жан берісуінің арқасында, көсемнің күймесі құлама құз-жартасты қара таудың басына шыққанда артта келе жатқан қара халықтың алды жотасына енді ілікті. Сол сәт көк аспанды қарақошқыл бұлттар торлап, терістіктен өкпек жел есе бастады.
Әне-міне дегенше, көсемнің күймесі таудың ар жағына түсіп, көрінбей кетті. Қара халық өкпелері өшіп, жоғары қарай өрмелеп келеді. Жүрістері шабан, қимыл-қозғалыстары баяу. Құлама құз-жартасты жағалап, қалқа-қалқаны сағалап, бір басып, екі басып ақырын жылжып келеді.
Төңірек түндей түнеріп, күңгірт тартты. Осы кезде тау-тастың шаңын құйындай бұрқыратып, қатты дауыл тұрды. Әупірімдеп әрең келе жатқан аш-арық пенделер жан-жақтарына қарауға да мұршалары келмей, көздерін де аша алмастан шаң-тозаңға көміліп қала берді.
Дауыл барған сайын күшейіп, адамды ұшырып жіберердей ұйытқи соғып, тау басындағы ірілі-ұсақты тастарды допша домалата бастады. Талай адам ат-матымен, түйе-мүйесімен құз-жартастан құлап, мертігіп, мерт болып жатты. Көптеген адамның басы жарылып, милары шашылды, аяқ-қолдары сынып, бет-ауыздары қанға боялды.
Ат үстінде аман қалмасын сезген дана қарт жалма-жан қарғып түсіп, немересін көтеріп алып, пана болар жер іздеп келеді. Басы бос қалған бие жолындағыларды қаға-маға төмен қарай құлдилай жөнелді. Бойын қорқыныш пен үрей билеген бала атасының мойнынан қос қолдай тас қып құшақтап алған. Бір алып жартастың қуысына кіріп, демдерін басты. Құдай сәтін салғанда аюдың апанындай ыңғайлы орын екен.
Маңайдан айғайлаған, ыңырсыған, аттандаған, ойбайлаған ащы дауыстар жамырай шығады. Біреуді біреу танып-білер емес. Біреудің біреуге қарауға мұршасы жоқ. Бәрі де өз бастарымен қайғы боп, әркім аман қалудың амалын іздеп, жанталасқа түскен.
Қорқыныштан ба, жоқ әлде, суықтан ба, баланың тісі-тісіне тимей сақылдап, тұла бойы қалш-қалш етеді. Қарт шекпенін шешіп, немересіне жапты. Үсті-басын қымталап, бауырына қыса түседі.
– О, Жаратушы Жаппар ием, бар екенің рас болса, мына бір жетім қалған жетімегімді пәле-жаладан сақтай гөр! – деп қайта-қайта Жаратқанға жалбарынады.
Қанша отырғандары белгісіз, бір кезде дауыл да саябырсыды. Халық та біртіндеп көздерін ашып, бастарын көтере бастады. Әр жерден ыңырсыған, ыңқылдаған, бақырып-шақырған дауыстар шығады. Адамдардың сұқыттарынан кісі шошырлық. Бет-ауыздары айғыз-айғыз, кір-қожалақ. Көздері ғана болымсыз жылтырайды. Кескін-келбеттерінен қажығандық байқалады. Бәрі де орындарынан сүйретіліп әрең тұрып, үсті-бастарын қағып-сілке бастады. Жан-жақтарына қарасып қояды. Әр-әр жерде шашылған дүние-мүлік, сұлық қалған, дөңбекшіп жатқан жаралылар. Талай адамды тас басып қалған. Анадай жерде жүк-мүгімен аударылып түскен кәрі атан ыңырана ыңырсып, әлсіз ғана тыпыршиды. Оның жанында быт-шыты шыққан бесік жатыр. Сәл әріректе қара қазан төңкеріліп қалған.
– Ой, астапыралла! – деді оны көрген данышпан қарт көңіліне кіді алып, – Ел-жұрт аман болса екен!..
Тірі қалғандар ең алдымен құз-жартастан құлап мерт болған, тас басып қалған өлім-жітімдер мен өздіктерінен жүруге жарамайтын жаралыларды жинай бастады. Қаза болғандардың мәйіттерін таныған туған-туысқандары жоқтау айтып, жылап-сықтап, төңірек азан-қазан, уда-шу болды да кетті.
– Уа, халайық, – деді дана қарт дауысын созып, – Қазір, жылап-сықтайтын мезгіл емес. Ес жиыңдар, уақыт оздырмай, арғы жаққа өтіп алудың қамын ойластырайық!.. Алдымен шейіт болғандардың жүзін жасырайық, ал жаралыларды тастамай өзімізбен бірге ала жүрейік.
Көпшілік қарттың сөзіне құлақ асып, көз жастарын тиып, опат болғандардың жүзін жасырып, жаралыларды сүйемелдеп, ырғала-жырғала орындарынан қозғалды. Қажып-қалжыраған қалың бұқара бойларындағы бар күштерін жиып, ілбіп-сілбіп, жоғары қарай жөней жөнелді.
Атасы мен немересі де көштен қалмай, көппен бірге құз-жартастарды жағалап келеді. Баланың екі-үш мәрте аяғы тайып, құздан құлап кете жаздады. Кәрілік келіп қалса да, қайраты қайта қоймаған қарулы атасының арқасында аман қалды.
Әбден титықтаған қара халықтың өкпелері өшіп, кеуделері қабынып, үсті-бастарынан қан аралас ащы тер суша ақты. «Көппен көрген – ұлы той!» дегендей, көпшілік бір-бірінен онша алшақтамай, ілгерінді-кейінді тасбақаша тырбаңдап жылжып келеді.
Өліп-талып, әрең-пәрең таудан асып, арғы жаққа да аяқтары ілінді-ау. Бастары ауырып, балтырлары сыздап, әупірімдеп әзер жетсе, шен-шекпенділер алаңсыз той тойлап жатыр. Шетінен қызара бөртіп, қызып алған. Ұзыннан ұзақ дастархан жайылған. Үсті алуан түрлі тағамдар мен арақ-шарапқа сықасып тұр. Табақ-табақ ет, қазы-қарта, жал-жая.
Қара халықтың қиналып, асудан әрең өткені миларына кіріп-шығар емес. Оны ойлауға мұршалары да жоқ. Құтырған итше қызылкөзденіп, ауыздарынан ақ көбік ата жінігіп алған. Әншілерге ән салдырып, күйшілерге күй тарттырып қойған. Жандарында жартылай жалаңаш биші қыздар сылаң қағып, мың бұрала билеп жүр. Мән-жайды түсіндіріп, дастарханнан дәм татпаққа ұмсынған халықты қарулы қарауылдар өңмендерінен итеріп, маңайлатар емес.
– Біз халықты асу бермес шың-құздан аман алып өттік. Сол үшін де той тойлап жатырмыз! Көсеміміздің көрегендігінің арқасында дұрыс жолмен жүріп келеміз. Оған ешкімнің күдік-күмәні болмасын! Енді жолымыз оңалып, жағдайымыз жақсара бастайды! – деді бас уәзір бақаша бақылдап.
– Құрбандықтар бар ғой!.. – деді біреу мұрынынан міңгірлеп.
Бас уәзір оған ала көзімен атып жіберердей кекжие қарап:
– Құрбандықсыз ештеңе болмайды. Онсыз алға жылжу жоқ. Ең бастысы, алтын басты көсеміміздің дені сау, басы аман. Жаратушы Жаппар иемізден бәрімізді Жұмақ-Жайға бастап апара жатқан басшымыздың амандығын тілеңдер! Ал бақыр бастылардың бары не, жоғы не, бәрібір емес пе?!. – деді шімірікпей.
Қақ төрде көсем қаннен-қаперсіз бас мүжіп отыр. Қолында жалт-жұлт еткен алтын пышақ. Екі езуін кезек ыржитып, сойған түлкідей ыржақтай береді. Ойнақшыған ойсыз жанары жан-жағын тінтіне шолып, маңайдағының бәрін қалт жібермей бақылап отыр. Іші бәрін біліп, көзі бәрін көріп отырса да, ештеңе сезбегендей, түк болмағандай, жайбарақат кейіпте жайлана түскен. «Күл болмасаңдар, пүл болыңдар, қарным тойса болды» дейтіндей, жылы-жұмсақты аузына қомағайлана тыққылайды. Тым марғау. Арып-ашып, азып-тозып келе жатқан халықпен мүлде шаруасы жоқтай, басын төмен салып, оларға қарағысы да келмейді. Тура қарсы алдына малдас құра жайғасқан Дәлдүріш жыршы сырлы тостағандағы салқын қымыздан ұрттап қойып, арнау жыр айтып отыр. Анда-санда домбырасын қағып-қағып жіберіп, шабыт шақырғандай қиқуға басып, қышқырып қояды.
Жақын қалды арамыз,
Жұмақ-Жайға барамыз,
Ол да сіздің арқаңыз!
Асу бермес құз-шыңнан,
Алып өттің елді аман,
Ол да сіздің арқаңыз!
Жер басып тірі жүргеніміз,
Адам боп өмір сүргеніміз,
Ол да сіздің арқаңыз! –
деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып, сандуғаштай сайрап отыр. Қысылып-қымсынатын түрі жоқ, айтқан сайын арқаланып, жынын шақырған бақсыдай шайқалақтап құтырына түскен.
Мастана масаттанған көсемнің жүзі бал-бұл жайнап, көзі күлім қағады. Мақтаған сайын қопаңдап, қозғалақтай береді. Маңғаздана кеудесін керіп, шалқая түседі.
Бала жан-жағына жалтаңдай қарайды. Құлазыған қу медиен, құла дүз. Шаң басып, тозаң қонған сайын дала ажар-көркінен айырылып, жүдеп-жадай түскен. Маңайдың бәрі қураған қара тақыр, қылтиған көк жоқ. Ұшқан құс, жүгірген аң да көрінер емес.
– Ата, – деді етегінен тартып, – Мына асудан асып түссек, ырысқа кенелеміз, байлыққа белшеден батамыз дегені қайда, көсемнің?!.
– Е, балам-ай, мен саған айтпап па едім. Дәл осылай боларын да білгем.
– Білсеңіз, неге айтпайсыз енді?!.
– Кімге?
– Кімге болушы еді, көсемге... – деді бала томсырайып, – Бұлай адаспайтын едік қой!
– Е, балам-ау, ол менің сөзімді не қылсын!..
Кенет, желке тұстарынан бас уәзірдің аюдай ақырған ащы айғайы естілді:
– Мына жап-жасыл жазыққа қараңдаршы! – деді ол қу тақырға көз тігіп.
– Иә, қандай жап-жасыл!.. – деп қостап қоя берді көпшілік.
Түкке түсінбеген бала атасына қарай мойнын бұрып:
– Қайдағы жап-жасыл жазықты айтып тұр? – деді аңтарыла.
– Бұл, атаңа нәлет, көзіңді бақырайтып қойып, жалған сөйлеп тұр. Оның өтірік екенін өзі де, мына қостап тұрған халық та жақсы біледі. Бірақ, амал не, бұлай өтірік сөйлеу біздің елде дәстүрге айналғалы қашан. Енді ол дәстүрді бұзу қиын-ау, сірә! Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Әлі-ақ, сенің де етің өліп, бойың үйреніп кетеді. Біз бәріміз де өтірік күліп, жалған сөйлеуге әбден дағдыланғанбыз! Онсыз күнің қараң!..
– Ана сыңсыған ну-орманды көріп тұрған шығарсыңдар! – деді тағы бас уәзір таздың шашындай әр-әр жерде қарауытып көрінген бірлі-жарым тал-теректі көрсетіп, – Сонда ұшқан құс пен жүгірген аңның неше түрі бар!
– Иә, көріп тұрмыз, басеке. Не деген қалың орман! Құстар мен аңдарын айтсаңшы! – деді бәрі қосанжарласып, – Қандай ғажап!..
– Анау сарқырап ағып жатқан сарқыраманы көріп тұрсыңдар ма?
– Қайсы, қайсы?.. – деп шуласып қоя берді таңдайлары кеуіп, еріндері кезеріп, шөліркеп тұрған жұртшылық шыдамсыздана қозғалақтап.
- Әне, ана...ау жақта! – деді бас уәзір көңіл жетсе де, көз көрмес алысты қолымен нұсқай.
– Иә, көрдік! – деді көпшілік қаздай шуласып. – Көріп тұрмыз!
Кенет, ортаға бойы бір-ақ қарыс жылмаң қаққан бір жылтыр қара суырылып шығып:
– Суының дәмі қандай керемет, бал татиды ғой! – деп еді, бас уәзір оған күлімсірей қарап:
– Сен өзі болайын деп тұрған бала екенсің, тобырдың арасында неғып жүрсің?!. Дастарханға кел! – деді мырза кейіп танытып, – Сенің орның мына жақта! Бұдан былай сен бізбен бірге жүресің!..
Жылтыр қараның соңынан аяғын адымдай басып Нағыз ақын да өңмендей ортаға шықты. Жүзі қабарып, қарадай түтігіп кеткен. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай ұшқын атады.
– Әй, қызталақтар, не көкіп тұрсыңдар! Қайдағы жасыл жазық, қайдағы ну орман, қайдағы аң-құс, қайдағы сарқыраманы көріп тұрсыңдар?! Көздеріңді ашып қарасаңдаршы! Қуарған қу тақырдан басқа түк жоқ қой, неге өтірік айтасыңдар! – деді де, бас уәзірге қадалып, – Қаңсыған қара тақырға алып келгендеріңмен қоймай, ұшпаққа шығарғандай өрекписіңдер! Көрер көзге өтірік айтып тұрғандарың қалай?
Бас уәзірдің қабағы түйіліп кетті. Аяқ-қолы дір-дір етіп, жын соққандай қалшылдай бастады. Басы қалтылдап, еріндері жыбырлап, көзі шытынап:
– Ақымақ! – деді айғай салып, – Сөзді доғар! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін!
– Әй, бейшара, – деді көпшілік үрпиісіп, – Бір пәлеге ұшырамаса жарар еді!.. Қу тақыр екенін біз де көріп тұрмыз ғой!.. Оны айтып несі бар-ей!..
Ашу қысқан өр тұлғалы Нағыз ақын тілін тартар емес. Қолын сілтеп қойып, екілене сөйлеп тұр.
– Ел қайғы құшып, қан жұтып жатса, сендердің той тойлап жатқандарың қалай? Қара халықтың қамын кім ойлайды?!. Аш-жалаңаш, арып-ашып келеді. Бәрін де көріп-біліп отырсыңдар ғой!..– деді бас уәзірге көзінің сұғын қадай. – Әй, бірақ халық қандай болса, ханы да соған лайық болады ғой! Бәріне біз өзіміз кінәліміз! Тым көнбіспіз! Алқымымызға пышақ тіресе де, тұяқ серпуді білмейміз-ау!.. Құдай салды, біз көндік деп жата береміз!
– Өй, әкеңді, саған жал бітейін деген екен, ә! Елдің жағдайы жаман емес! Сенбесең, өздерінен сұрайықшы! – деді де, халыққа бұрылып, – О, халайық, жағдайларың қалай, шынымен арып-ашып келе жатырсыңдар ма?
– Жоқ, басеке, о не дегеніңіз, жағдайымыз өте жақсы. Сіз сұрағаннан кейін тіпті жақсарып қалды. – деді бір қутыңбай.
– Жегеніміз алдымызда, жемегеніміз артымызда! – деді тағы бір қыртынбай. – Шекеміз майға шылқып тұр!
– Тойып секіріп тұрмыз! – деді енді бір жыртыңбай.
– Міне, көрдің бе, – деді бас уәзір Нағыз ақынға сұстия қарап, – Сен неге өтірік өзеурейсің! Бар шындықты мыналар айтып тұр ғой!..
– Шындықтан садақа кеткірлер, олар Құдай атқан су жұқпас суайттар ғой! Мен бәрін де өз көзіммен көріп келе жатырмын!.. Шылғи өтірік. Сендердің Жұмақ-Жайға бастап апара жатқандарың да жалған.
– Білсең айтшы, енді қайда бара жатыр екенбіз?
– Сендер халықты тамұққа апара жатырсыңдар!
– Не деп тұрсың, иттің баласы!.. – Бас уәзір қолындағы дырау қамшымен Нағыз ақынның басынан тартып-тартып жіберді.
Бет-аузын қан жуып кеткен Нағыз ақын теңселіп барып, кеудесін әрең тіктеді.
– Кәне, енді есіңе түскен шығар, біз халықты қайда бастап бара жатырмыз? – деді бас уәзір қатқыл дауыспен.
– Тамұққа... – Ақын әзер тіл қатты.
– Жұмақ-Жайға, иттің баласы...– Бас уәзір ақынды тағы да бір-екі рет қамшымен құлақ шекеден ала тартып-тартып жіберді де, шыдамсыздана айғайлап қоя берді, – Жұмақ-Жайға, иттің баласы!... Жұмақ-Жайға...
Нағыз ақын мас адамдай тәлтіректеп барып, тізерлеп отыра қалды. Сонда да тілін тартар емес.
– Жұмақ-Жайда сендерге орын жоқ! – Қиралаңдап орнынан көтерілді, – Өйткені, шетіңнен өтірік айтып, жалған сөйлейсіңдер! Бәрің де күнәһарсыңдар! Сендер оңбай адастыңдар! Жұмақ-Жайға емес, тамұққа барар жолға түсіп кеттіңдер!
– Әй, мынау әбден құтырайын деген екен, ә! Мен сенің... қазір... үніңді өшірейін!.. – Әбден ызаға булыққан бас уәзір беліндегі қанжарын суырып алды да, ақынның жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. – Жаныңды жаһаннамнан іздерсің, бәлем!
Нағыз ақын тізерлей беріп, басымен жер сүзе етпетінен құлап түсті. Қанжардың қызыл қанға боялған ұшы арқасынан бірақ шықты. Сонда да қыңқ етіп, үн шығарған жоқ. Тек ақырын «Мен ғана Жұмақ...» деуге шамасы әзер келді.
– Шындық өлді! – деді атасы немересінің басынан сипап. – Шындық барда, өтірік байқап жүруші еді, енді шайқап жүретін болды. Өтіріктің таңы атып, жалғанды жалпағынан басатын күні туды.
– Енді не істейміз? – деді бала жаутаңдап.
– Енді жанымыз қаласа да, қаламаса да, өтірікпен ауызжаласып өмір сүреміз! Өйткені жан тәтті, ешкімнің де Нағыз ақынның кебін кигісі келмейді!.. – деді қарт кеудесі қарс айырылардай ауыр дем алып.
– Ал, өтірік айтқым келмесе ше?
– Өтірік айтқың келмесе, үндеме. Үндемеудің өзі де жетеліктің белгісі!
– Үндемей, қалай өмір сүреміз!
- Өмір сүргің келсе, үндемек түгіл, өтірік сөйлеуге де үйренесің, балам! Өмір саған емес, сен өмірге бейімделесің! Бұл өзгермес өмір заңы. Бейімделгің келмесе, көрдің ғой, не боларын!..
Бала қарқылдап күліп жіберді. Бас уәзір қамшысын үйіріп, әкіреңдеп жетіп келді.
– Әй, боқмұрын, кімді мазақ қып, ыржаңдап тұрсың! – деді қарақұстай төне түсіп.
Баланың зәресі зәр түбіне жетіп, құты қашып кетті. Сасқанынан:
– Тойынғаннан мәз боп тұрмын! – деді қарны шұрылдап тұрғанына қарамай. Алғаш рет өтірік айтты.
– А, солай ма?! – Жымысқылана жымиған бас уәзір кері бұрылды.
Ал қалың көпшілік дыбыстарын шығармай іштерінен егіліп жылап тұрды. Халықтың көз жасынан қара топырақ ми батпаққа айналып бара жатты...
Қайдан шыққаны, қай жақтан келгені белгісіз, бір алып қара құс көшті маңайлай жарық жартасқа барып қонды. Көздері ойнақшып, жан-жағына тінтіне қарайды. Ешқандай қауіп-қатердің жоқтығын сезінген сияқты. Ұяластарын шақырғандай, бір-екі мәрте шаңқылдап дауыс шығарып еді, құзғындар қара құртша қаптап кетті. Жемтікке үймелегендей, топ-тобымен топырлап ұшып келіп, төңіректі торуылдай бастады. Тап бір той тойлауға жиналғандай, мойын-бастары қылтылдап, шегір көздері жылтылдап, бүйірлері бұлтылдап, бөтегелері бүлкілдеп, секең қағып, секіріп жүр.
Көшті көптен бері айналсоқтап жүрген самұрық пен алты басты айдаһар да олжадан құр қалатындай қос бүйірден ентіге жетіп, жеңсік асқа құмартқандай сілекейлері шұбырып, ашкөздене тілдерін жаланып отыр.
Дәл осы мезет хан мен оның отбасын күзетіп келе жатқан сарбаздардың қолдарындағы алдаспандары жарқ-жұрқ етіп, қас қағым сәтте қызыл ала қанға боялды. Қас пен көздің арасында хан мен бас уәзірдің бастары кеуделерінен бөлініп, қара жерге топ етіп домалап түсті.
Халық аң-таң, қапелімде не болғанын түсінбей де қалды. Ханның жас тоқалымен үнсіз ұғысып келе жатқан жас уәзір Жарбол қолбасы ақбоз атын ойқастатып, ортаға ытқып шықты:
– Құрметті халайық, мына тоғышарлар бізді жүрер жолдан адастырды, – деді қу тақырда шаң қауып жатқан хан мен бас уәзірдің бастарын қолымен нұсқай, – Жандарын жаһаннамға жіберуге бұйырған – мен! Шыдамның да шегі бар, бұдан әрі шыдау мүмкін емес. Енді сәл кешіксек, бәріміз де құритын едік! Менің мақсатым – хан болып, билік жүргізу емес, сіздерді дұрыс жолға бастап, мына қанды өткелден аман алып шығу!
Халықтың көзінде үміт оты жарқ етті:
– Біздің де күткеніміз осы еді! – деп шуласып қоя берді, – Қанымызды теспей сорған қаныпезерлерден құтқардың! Енді Жұмақ-Жайға тезірек жеткізер дұрыс жолға баста! Біз саған сенеміз, артыңнан ереміз!
Шынында да халық бір желпініп, серпіліп қалды. Кеуделеріне болашаққа деген сенім ұялады.
– Кәне, бәріңіз мына жаюлы дастарханнан дәм татыңыздар. – деді Жарбол қолбасы, – Бүгіннен бастап ешқандай топтық жіктелу болмайды. Бірге тұрып, бірге жүріп, бір дастарханнан ас ішеміз. Халық пен билік бірлікте болғанда ғана діттеген мақсат-мұратымызға жетіп, ойымыздағыны толық іске асыра аламыз. Ханның қуат-күші – халықта екенін мен жақсы білемін!
Жүдеп-жадап, арып-ашыған пенделер таласа-тармаса дастарханға бас қойып, астан ауыз тие бастады.
– Ата, сіздің айтқаныңыз айдай келді ғой! – деді бала алтын табақтан қара кесек етті ала беріп. – Енді көп кешікпей Жұмақ-Жайға баратын шығармыз?
– Асығып-аптықпа, балам! Алдағыны анық болжап білмей тұрып, кесіп-пішіп ештеңе айтуға болмайды. Әліптің артын бағайық! Тірі болсақ, өзіміз де көрерміз, не болғанын! Қолына құдіретті билік тиген адамдардың көпшілігі тез-ақ өзгеріп кетеді. Әрине, кісілік келбетін, адамдық қалпын сақтайтындар да болады! Мына жас басшының қара басын күйттеп кетпей, халқының қамын ойлайтын ұлы көсемге айналғанын қалаймын! – деді жамбасты қолына алып жатып. – Бұл азаматты бала кезден білемін! Текті атаның баласы, тексіздікке ұрынбас, үлкен үміт артамын!..
Бала жан-жағына бағдарлай көз салды. Құзғындар да, самұрық пен алты басты айдаһар да көрінбейді, жым-жылас жоғалып кеткен. Алдарында не күтіп тұрғанын анық білмесе де, сол сәт көңілі шаттанып сала берді. Қос қолын жоғары көтере жұдырығын түйіп:
– Мен де өскенде халқымның қамын ойлайтын ұлы көсем боламын! – деді айғай салып.
– Құдай тілеуіңді берсін! – деді дана қарт езу тартып. – Арманыңа жет, айналайын!
Шығысқа қарай жөңкіле көшкен алашабыр бұлттардың арасынан күміс күн күлім қаға жарқ етіп шыға келіп, жер-көкті нұрға бөледі.
Көк аспанда аққу-қаздар қаңқылдап, тырналалар тыраулап ұшып барады...
Бұлбұл құстар ән салып, бозторғайлар шырылдады...
Думан Рамазан