Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Қазақстан
Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті енді
инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп аталады. Бұл туралы Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін өткен Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Осы ретте Ult.kz тілшісі
ұрланған активтерді қайтару бойынша депутаттық сауал жолдап, Мәжіліс қабырғасында
осы мәселені жиі көтеріп жүрген депутат Ермұрат Бапидан комитеттің өзгеруіне
байланысты сұрады.
«Бір дүдәмал ойда қалдым. Президенттің өзі 1 трлн-ға жуық теңгенің қайтқанына көңілі тоқ пейіл сынды ой айтты. Президент қазір мемлекеттік саясатты ұстанып отырғандықтан инвестициялық комитетке ауыстыру жөніндегі шешімі қаншалықты зерттелген, негізделген екенін білмейтмін, бірақ мен активтерді қайтару жөнінде Комитеттің Болғанын қалар едім. Біз енді Президенттің осы сөзінен кейін активтерді қайтару мәселесінің маңызы мемлекет деңгейінде түсіп қалды ма деп ойлаймын. Бұл өкінішті жағдай», ‒ деді Мәжіліс депутаты Е. Бапи.
Айта кетейік, Президент
Жолдауда «елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ, инвестиция
тіпті жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай
жүр» деп, 10 күн ішінде Премьер-министр нақты ұсыныс беруге тиіс екенін айтты.
«Менің ойымша, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетін Инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп атаудың уақыты келді. Бас прокуратура заңсыз активтердің иелерімен жақсы жұмыс істегенін атап өткен жөн. Қазынаға 850 млрд теңгеге жуық қайтарылды. Осы қаражат 10 мектеп пен төрт спорттық нысанды салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жаңғыртуға бағытталды. Республикалық бюджетке тағы да қосымша қаражат түсетіні ескерілген», — деді Президент.
