Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов орынбасарының кінәсі дәлелденсе, отставкаға кетуге дайын екендігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, әрбір саяси қызметші өзіне тікелей бағынышты қызметкер жемқорлықпен ұсталса және ол сот шешімінде анықталса, онда отставкаға өтініш беруі тиіс. Менде барлығы сияқты заңға бағынамын. Сондықтан әшкереленіп жатса, онда заңға сай әрекет етемін», - деді Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйегінде сот Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровты 2 ай қамауға алу туралы шешімді мақұлдады. Олар тергеу изоляторына қамалған еді. Күдіктілер 10 қыркүйекте 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.