Фото:dalanews.kz
16
желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Қазақстан тарихындағы маңызды қоғамдық-саяси
оқиғалар – Желтоқсан (1986), Жаңаөзен (2011) және Қаңтар (2022) кезеңдері
жан-жақты талқылау үшін, Ult.kz тілшісі саясаттанушы Дос Көшіммен аталған
оқиғалардың шығу себептері, әлеуметтік және саяси алғышарттары, халық наразылығының
сипаты мен салдарын талқылады. Саясаттанушы сұқбатында бұл оқиғалардың
Қазақстан қоғамының дамуына тигізген ықпалы, саяси жүйе мен аталған оқиғалардың
бір-бірімен байланысы туралы туралы сөз етті.
– Дос
Қалмаханұлы, жалпы Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар оқиғаларын бір тарихи-саяси
үдерістің жалғасы ретінде қарастыруға бола ма? Оларды не біріктіреді?
– Бұлардың
барлығын халықтың ашу-ызасының жарылысы деп айтуға болады. Себебі
ұзақ уақыт бойы жиналып қалған халықтың наразылығы бір мезетте сыртқа шықты.
Сол себепті бұл оқиғалар бір-біріне ұқсас.
90-жылдардан бері
қордаланған қазақ қоғамының проблемалары бар, олар әлі күнге дейін шешілген
жоқ. Қазақ халқы өз құндылықтарын еске түсіріп, қайтадан талап ете бастады.
Қаңтар оқиғасы да дәл осыған ұқсас.
Қаңтар кезінде билікке
деген сенімнен айырылған халық қарсы шықты. Бірақ сол бейбіт наразылықтың
арасына арандатушылар араласып, жағдай тонауға, қақтығысқа ұласты. Соның
салдарынан билік күш қолданды.
Сондықтан екі жағдайда
да қарулы күш қолдану болды. 90-жылдары халыққа ашық түрде оқ атылмағанымен,
резеңке таяқпен ұру, күш көрсету өте қатты болды. Ал Қаңтарда бұл одан да ауыр
деңгейге жетті.
Адамдарды жаппай
қудалау басталды. «Ессіз қудалау» деген ұғым сол кезде пайда болды. Адамдарды
себепсіз ұстап, қамауға алды, ешкімнің жағдайын түсіндірмей, тағдырын белгісіз
күйде қалдырды.
– Осы
қақтығыстарға алып келген басты жүйелік қателіктер қандай деп ойлайсыз?
– Мен
мұны жекелеген қателік деп бөлмеймін, бұл – халықты басқару жүйесінің қателігі.
Кеңес
заманынан бері билікті ұстап отырған бір топ бар. Тәуелсіздік алған кезде сол
Коммунистік партияның басшылары бір күннің ішінде атауларын өзгертіп, билікте
қала берді.
Билік ешқашан ауыспады.
Билік байлыққа айналды, ал байлыққа жетудің жолы билік болды. Сондықтан олар өз
билігінен айырылғысы келмеді.
Халықтың билікке айтқан
сөздері, көтерген мәселелері тыңдалмады. Соның барлығы осындай жағдайға алып
келді.
– Экономикалық
талаптар қай сәттен бастап саяси сипат алып, қайтымсыз деңгейге жетті?
– Менің
ойымша, бұл жерде бірінші орында саяси және ұлттық мәселе тұр. Әлеуметтік мәселелер соған қосылады. Бұл
бір тізбек сияқты: баға қымбаттады – неге? Жалақы
аз – неге?
Осының барлығы жинала
келе ашу-ызаға айналды. Негізінде, мәселенің түп-төркіні – биліктің ауыспауы, сайлаудың әділетсіз
өтуі, азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндік берілмеуі.
Ал халық көшеге
шыққанда бірінші көзге көрінетін мәселе күнделікті тұрмыстағы қымбатшылық болды.
Бірақ оның астарында әлеуметтік, саяси әділетсіздік жатыр.
– Жаңаөзен
оқиғасы билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты өзгертті ме, әлде мүмкіндік
қолдан жіберілді ме?
– Меніңше,
Жаңаөзенде екі оқиғасы бар
ғой. 1989 жылғы Жаңаөзендегі оқиға жергілікті тұрғындар
мен Кавказдан қоныс аударғандар арасындағы кикілжіңнен басталып, арты
қақтығысқа ұласты. Ол шындығында жеңіс болды. 14 мыңдай адамды бір түнде
көшіріп жіберді.
Екіншісі – 17 адамның атылуы. Бұл оқиға билікке
деген сенімді мүлде жойды. Себебі жұмысшылардың айтқан сөздері де, дәлелдері де
ескерілмеді. Сот та, билік те олардың жағында болмады.
Ең қорқыныштысы – ешкім жауапқа тартылмады. Осы
жауапсыздық кейін Қаңтарда да қайталанды. Бірақ жауап берген адам жоқ. Иә, бірде-бір адам сотталмады. Керісінше,
кейбір басшылар жоғары қызметке ауыстырылды. Ал қаза тапқан адамдардың тағдыры
назардан тыс қалды.
Комиссия құрылды, бірақ
ол қару қолдануды ақтады. Мұнайшылардың полицияға қауіп төндіргенін дәлелдейтін
бірде-бір фото немесе видео болған жоқ. Соған қарамастан биліктің әрекеті дұрыс
деп танылды.
Қаңтарда да дәл осы
сценарий қайталанды. Барлығы «терроризм» деген ұғыммен жабылды.
– Қаңтар
оқиғасы Қазақстандағы саяси жүйенің қандай әлсіз тұстарын көрсетті?
– Бұл
оқиға елде нақты саяси күштердің жоқ екенін көрсетті. Халық бар, ашу бар, бірақ
оны ұйымдастыратын, саяси талапқа айналдыратын құрылым жоқ. Бұл
демократиялық ел үшін өте қауіпті жағдай. Себебі сын айтатын, балама ұсынатын
саяси күштер болмады.
– Неліктен
Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін толық тарихи-саяси баға берілген жоқ?
– Себебі
архивтер ашылған жоқ. Көп елдер архивтерін ашты, ал Қазақстанда бұл процесс әлі
басталмады. Шындық ашылса,
сол кездегі қылмыстардың барлығы көрінеді. Сондықтан оған мүдделі адамдар жоқ.
– Осы
үш оқиға қазақ қоғамының саяси санасын қалай өзгертті?
– Меніңше,
түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Әр оқиғадан кейін ашу басылады да, бәрі қайтадан
қайталанады. Саяси сабақ алу
үшін халыққа бағыт көрсететін саяси күш керек. Ол
жоқ.
– Бұл
оқиғалардың қайталанбауы үшін мемлекет не істеуі керек?
– Мемлекет ешқашан өз еркімен өзгеріс жасамайды. Күш қолдануды жеңіс деп көрсетеді. Бірақ ол – трагедия. Қаңтарды «мемлекеттік төңкеріс» деп атау – миф. Бұл халықтың әділетсіздікке қарсы наразылығы еді.
– Осындай
оқиғалардың қайталанбауы үшін мемлекет нақты саяси қадамдар жасауы керек деп
ойлайсыз. Сіздіңше, не істеу қажет?
– Шынын
айту керек, мемлекет мұндай жағдайларда ешқашан халықтың мүддесін бірінші орынға
қойған емес. Билік сол кезеңдерде өзін «жеңіске жеттік» деп көрсеткісі келеді.
Алайда бейбіт азаматтардың қаза табуы – жеңіс емес, бұл трагедия, бұл қылмыс.
Соған қарамастан билік парадтар өткізіп, оқиғаны өз пайдасына түсіндіруге
тырысады, ал шындықты ашық мойындамайды.
– Бірақ
бұл түсіндірулер халықты қанағаттандырмайды ғой?
– Әрине.
Билік халыққа шынайы ақпарат бермейді, керісінше, басқа сипат беруге тырысады.
Қаңтар оқиғасын бірде «көтеріліс», бірде «трагедия» деп атайды, ал енді бірде
«мемлекеттік төңкеріс» ретінде көрсетуге ұмтылады.
– Яғни
ресми нұсқада бұл «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» деп айтылады?
– Иә,
дәл солай. Билік оны алдын ала ұйымдастырылған, белгілі бір топтар жасаған
әрекет ретінде көрсеткісі келеді. Ал шын мәнінде, халық төңкеріс жасау үшін
шыққан жоқ. Халықтың негізгі талабы – әлеуметтік әділетсіздікке қарсылық еді.
«Мемлекеттік төңкеріс» деген түсінік – Қаңтар оқиғасын ақтауға арналған саяси
миф.
– Қаңтар
кезінде сотталған жастар, азап көрген, әр өңірге таратылып қамалған адамдар
болды. Олардың шағымдары толық қаралды деп ойлайсыз ба?
– Жоқ.
Бұл – классикалық диктатуралық тәсіл. Халықты қорқыту, қарсы пікірді басу үшін
күш қолдану. Кінәсіз адамдарға ауыр жаза беру арқылы «басқаларға сабақ болсын»
деген саясат жүргізілді. Мұндай жағдайда әділ сот туралы айту қиын.
– Яғни
бұл – билікті сақтап қалудың үйреншікті әдісі ме?
– Иә.
Автократиялық жүйелер дәл осылай әрекет етеді. Егер халыққа жұмсақтық танытса,
қайтадан көшеге шығады деп қорқады. Сондықтан күш пен қорқынышқа сүйенеді.
–
Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота
Мұсабекқызы
