28 шіл, 2023 сағат 12:30

Диплом жасатпақ болған Семей тұрғыны ақшасынан айырылды

Фото: Polisia.kz

Семейде диплом жасап беремін деп көлемді қаражатты қалтасына басқан алаяқ қолға түсті, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

19 шілдеде Семей қаласы Полиция басқармасы “102” жедел арнасына 43 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, 2023 жылдың қаңтар айының соңында бейтаныс адам сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 600 мың теңге сомасындағы қаражатын иемденгенін айтқан. Күдіктінің берген уәдесі орындалмайтынына көзі жеткен жәбірленуші полицияға жүгінген.

Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ диплом алуға көмектесемін деп уәде беріп, қолына ақша түскен соң “ізін суытқан”.

"Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Күдікке ілінген 55 жастағы ер адам жұмыссыз екені белгілі болды. Жауап алу барысында ол кінәсін мойындап, қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсағанын айтқан", – деді облыс ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.

Алаяқтық дерекке қатысты ҚР ҚК- нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.