22 қаз, 2019 сағат 10:28

Діннің жастар руханиятындағы атқаратын рөлі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында: 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Расында да жастар – қоғамның қозғаушы күші. Әрбір мемлекет пен әрбір ұлт өзінің болашағын ойлайтын болса өсіп келе жатқан ұрпағына дұрыс тәрбие беруі маңызды. Қазақ атамыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған болса керек. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2019 жылы 23 қаңтарда Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады. Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор. Кез-келген адам жасы ұлғайған шағында жастар тарапынан жанашырлық пен қамқорлық күтетінін ұмытпаған жөн» деп жастардың бойында рухани өнегелік қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Жоғарыдағы әлеуметтік жауапкершіліктерді жастардың бойында қалыптастыруға діннің де өлшеусіз үлес қосатыны ақиқат. Сондықтан Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріндегі жастардың руханиятын қалыптастыруға қатысты кейбір мәселелерге тоқталып өтуді жөн көрдім. Алла елшісі (с.ғ.с.) жастарға сенім артып, оларға маңызды тапсырмалар берген. Сол арқылы жас жеткіншектер өздерін дамытып, қоғамға қызмет ету мүмкіндіктеріне ие болды. Жастарға тапсырма бергенде тәжірибелері жоқтығынан туындаған қорқыныштарын сейілту үшін оларға білім беріп, жүректеріне сенім ұялатқан. Мысалы, Йеменге қазы етіп жіберген өзі жас, тәжірибем жоқ деп ойлаған хазрет Әлиді батылдандырып, «Алла Тағалам: Оның жүрегіне туралық бер және тілін тұрақты қыл», — деп дұға еткен. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дұғасы мен теңдессіз қолдауының арқасында хазрет Әли: «Бұдан кейін екі кісі арасында үкім беру мәселесінде ешқашан іркілмедім», — деп айтқан екен (Ибн Мәжа, Аһкам,1). Бұл қолдау, бір жас жеткіншекте пайда болатын өзіне деген сенім тұрақтануының ең тамаша үлгісі. Мәдинада мешіттің жанында, сүйікті Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) тәрбиесінде болғандар да жастар еді. Ілім жолына түскен бұл жастар «Суффа» сахабалары атымен танымал. Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Абдуллаһ ибн Аббас, Муаз ибн Жәбәл және Әнас ибн Мәлик жастық шақтары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с..) жанында өткен, атақты сахабалардың біразы ғана еді. Толқыған, шалқыған шалқар сезімдерді дұрыс басқара алмаса, олардың қателікке де ұрындыруы ғажап емес. Жастарға қолдау тек олардың тәжірибесінің жоқтығы себепті ғана болмауы керек. Адам баласы жастық шағында сезімдері селдей тасып, өзгеріске бейім тұрады және бұл мінездерін қоршаған ортадан жасыруға да тырыспайды. Жастарды сол үшін де қызу қанды деп жатамыз. Түрлі сезім  толқындарын бастан өткізудің өзіндік қауіптері де жоқ емес. Толқыған, шалқыған шалқар сезімдерді дұрыс басқара алмаса, олардың қателікке де ұрындыруы ғажап емес. Сезім селінің бақылауға көнбей, өз бетінше ағуына жол беру, кейде кінәсіз жерде кінәліге айналып кетуге себепші де болуы да мүмкін. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жас жеткіншектердің жастық сезімдерінің кесірінен болатын шалыс басуларына, оларды ренжітпей, намыстарына тимейтіндей өнегесімен тосқауыл қоятын еді. Ешкімді кінәлап, ашу шақырмайтын керісінше, жағдайды түсіндіре отырып, көздерін жеткізетін, күнә жасаудан сақтандыратын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір сөзінде: «Аллаға құлдық сезімімен өскен және жастықтың қызуын жеңіп, харамға жақындамаған жас, Алланың көлеңкесінен басқа ешқандай көлеңке болмайтын қорқынышты қиямет күні, Арштың көлеңкесінен орын алатын жеті түрлі адамның бірі» деп бұйырады (Бұхари, Азан, 36). Пайғамбарлар тарихына көз жүгіртер болсақ, басына түскен бүкіл қиыншылықтарға қарамастан, Хазрет Юсуф пайғамбар шыншылдық пен арын жоғары қойып, нәпсісін тізгіндей алғандықтан жас кезінде-ақ, Мысырға уәзір болғанын көре аламыз («Юсуф» сүресі, 23-56 аяттар). Қасиетті Құранда «асхабу кәһф» (үңгірде тығылып, Алланың қалауымен бірнеше ғасыр ұйықтап, кейіннен оянған жастар) туралы, былай баяндалады: «Ол жас жігіттер үңгірді паналағандарында: Уа, Раббымыз! Бірге Өзіңнің рақымыңды төге гөр! Ісімізді оңғарып, жетістіктерге жетуді нәсіп ете гөр!»,- деп дұға еткен еді, («Кәһф», 10-11 аяттар). «Кейін оларды ұйқыларынан ояттық, сөйтіп олар өздерінің қанша уақыт ұйықтағандары жөнінде екі түрлі пікірді ұстанған екі топқа бөлінді. Нәтижеде қай топтың есебі әлдеқайда дұрыс екендігін айқындадық. Ал енді саған олардың басынан өткен ғибратты оқиғаның бар ақиқатын баяндап береміз. Олар Раббыларына шын көңілден иман еткен бір топ жас жігіттер еді. Біз өз кезегімізде, олардың тура жолға деген құштарлығын одан сайын арттырып, сенімдерін күшейте түстік», («Кәһф», 12-13 аяттар). Олар жастығына қарамастан сенімдері бойынша өмір сүре алуы үшін ақиқатты жақтап, қасқайып тұрғандарынан қасиетті Құранда мақтауға ие болды. Өтпелі кезеңде көптеген ата-ана жеткіншекке кейбір нәрселерді айта алмай, ал айтқандарына сендіре алмай қиналады. Насихат тыңдауды жастар ұната бермейді. Ендеше жас жеткіншекпен жақсы қарым-қатынасты жақсы үлгі болу арқылы орнатқан жөн. Жас сахаба Абдуллаһ ибн Масғұд: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізді жалықтырмас үшін уағыз насихатты белгілі күндерде жасайтын еді», — дейді. (Бухари Илм, 11). Іш пыстыратын ұзақсонар бос әңгіме айтпайтын, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өнегелі іс-әрекеттерімен айналасындағыларға үлгі болатын. Балалардан қандай іс-әрекет көргіміз келсе, өзіміз солай әрекет жасауымыз қажет. Сөздеріміз іс-әрекеттерімізге, іс-әрекеттіміз құндылықтарымызға  сай  болсын. Сонда айтқан сөзімізде салмақ болады. Осындай мінез-құлықты жастар да құрметтейді. Адам, өзі жасамайтын нәрсесін басқадан талап етпесін деп Алла Тағала ескертеді: «Уа, иман еткендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?! Істемейтін істі айту — Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе» («Саф» сүресі, 2-3 аяттар). Өйткені іс-әрекетке сай болмаған сөз, ал сөзге сай емес іс-әрекет — өтірік. Ардақты Пайғамбарымыздың әскері Румдарға қарсы жорыққа аттанғанда Умму Айман мен өзінің азат еткен қызметшісі Зәйдтің некесінен  дүниеге  келген Ұсаманы әскерге қолбасшы  ретінде тағайындады  Мұндай жас сахабаның қолбасшы ретінде тағайындалуына сенімсіздік білдіріп, қобалжығандар да табылды. Кейбіреулердің көкейінде «Өмірлік тәжірибесі аз осындай жас жігіттің аса жауапты, ауыр міндетті атқаруға шамасы жеке қояр ма екен?», — деген сұрақ тұрды. Әрі ол басқаратын әскер қатарында жасы да, өмірлік тәжірибесі мол, алдыңғы қатарлы сахабалар да бар еді. Бұл қалай болар екен? Осы жағдайды байқаған Ардақты елшісі (с.а.с.) сахабаларын жинап, былай деді: «Араларыңда Ұсаманың қолбасшы ретінде тағайындалуына қатысты алып-қашпа әңгіме айтып жүргендерің бар екен. Кезінде оның әкесінің қолбасшылығы жайында да осылай дегендер шыққан еді. Аллаға ант етемін, қалайша Ұсаманың әкесі Зәйд осы міндетке лайық әрі мен ең жақсы көретін жандардың бірі болса, ешқандай күмәнсіз Ұсама да әкесінен кейін ең жақсы көрген адамдардың бірі». (Бұхари, Мағази, 88). Пайғамбарымыздың осы сөзінен кейін, ел арасындағы наразылық сап тыйылып, Ұсаманың бойында өзіне деген  сенімділік пайда болған еді. Жастар балалық шақтан өтіп, есейе бастағанда, оларды өз бетімен жібере салмай, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйіншісіне лайық болатындай жолды көрсете алу үшін, ең алдымен оларды жақсы танып, терең түсінуіміз керек. Жастық шақ – өмірдің зулап, зымырап, ең жылдам өтетін кезі және көзден бұл-бұл ұшқанын ешкімнің қаламайтын шағы. Сондықтан болса керек, адамның жұмақтағы мекені мен барлық нығметтердің ең жақсылары жастық шақпен салыстырылып суреттеледі. «Олардың айналасында мәңгі – бақи балғын, балауса қалпынан өзгермейтін бозбалалар айналсоқтап, құрақ ұшып, қызмет көрсетіп жүреді». («Уақиға сүресі», 17-аят). Адам бүкіл нығметтерден, барлық берілген жақсылықтардан сұралатыны секілді «жастық» деген нығмет туралы да өзінше бөлек сұралады.  Құранда айтылғандай: «Шүбәсіз сол күні (өздеріңе берілген) бар нығметтің есебін бересіңдер». («Тәкәсур» сүресі, 8- аят). Өміріңді қайда жүріп тауысқаның, мал-мүлкіңді қайда шашқаның, алған біліміңді қалай қолданғаның сұралғандай, балғын денеңді қандай жерлерде жүріп тоздырып, жастығыңда қайда жұмсағаның да сұралады, адамзат. (Тирмизи, Сыфатул-қияма,1). Сондықтан адамның осынау ең тамаша шақтың қадірін ұғынып, мән-мағынанға толы етіп өткізуі, үлкен өмірге дайындық іспеттес. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасында болған жастардың Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі жастармен жүргізілген дұрыс қарым-қатынастың нәтижесі екендігі анық. Бір нәпсісіне жеңілген, сөйтіп, зина жасағысы келетінін айтып, рұқсат сұраған жас жігіт пен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) арасында өткен әңгіме ата-аналар мен ересектер үшін де үлгі өнеге. Жас жігіттің әңгімесі мен қалауын естіген сахабалар бірден оның аузын жабуға тырысады. Бірақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) оларды тоқтатып, жас жігітті қасына отырғызып, одан: басқа біреудің сенің анаңмен, қызыңмен, қарындасыңмен, әпкеңмен зина жасауына разы болатын ба едің? – деп сұрайды. Жас  жігіт  сұрақтың  бәріне  «жоқ !» деп  жауап  береді. Алла  елшісі (с.ғ.с)  басқа  адамдардың  да  бұған  разы  болмайтынын  айтып,  сабырлы  түрде  түсіндіреді. Ең соңында,  бұл ниетінен бас тартқанын айтқан жігіт, Мұхаммед Пайғамбардың «Уа Алла Тағала! Бұл жігіттің күнәларын кешіре гөр, жүрегін тазарт, арын сақта» – деп Алла тағалаға жалбарынған абзал дұғасын алады. (Ибн  Хамбал, V, 257). Жастар жастық шақтың күш-қуатын Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, отансүйгіштікке, ар-намысымызды сақтауға жұмсаса, үлкенге құрмет кішіге ізетті болса, ар-намысымызды жанымызды қорғағандай қорғаса еліміз өркендей беретініне сеніміміз мол.

Балғабек Мырзаев,

теолог