14 сәу, 2020 сағат 14:23

Діни ұйымдар карантин кезіндегі ұсыныстарды қолдап жатыр - Ержан Нүкежанов

Төтенше жағдай кезіндегі шектеулерге еліміздегі барша діни ұйымдар қолдау жасады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік комиссиясының шешімімен төтенше жағдай режимі елімізде сәуір айының соңына дейін созылғанын еске салған комитет басшысы: «Сонымен қатар, 3 сәуірде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы брифинг өткізіп, осы дін саласындағы азаматтарға, ел халқына, діни бірлестіктерге ұстанымдарын айтқан болатын. Бұл ұстанымдар бойынша жалпы діни рәсімдерді өткізу кезінде халықты көп жинамау, сондай-ақ тұрғындарға ақпаратты беріп тұру үшін онлайн форматын енгізу ұсынылған болатын. Қуантарлық жағдай, еліміздегі барша діни ұйымдар тарапынан бұл ұсыныстар қолдау тауып жатыр», - деді.

Осы орайда ол енгізілген шектеулер уақытша іс-шаралар екенін, яғни төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін, барлық рәсімдер бұрынғысынша өз қалпына оралатынын еске салды. 

«Біз әрбір Қазақстан азаматының ар-ұжданына, діни сеніміне үлкен құрметпен қараймыз. Бұл біздің жалпы ұстанымымыз. Қазіргі жағдайда біздің азаматтардың денсаулығы, қауіпсіздігі бірінші орында тұр, сондықтан осындай іс-шараларға баруға мәжбүрміз», - деді Ержан Нүкежанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Наурызбай қажы Тағанұлы биыл елімізде Рамазан айы 24 сәуір күні басталатынын айтты.