Кейінгі жылдары еліміздегі діни ахуалдың күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Оған жат діни ағымдардың көбейіп кетуі де себепкер болса керек. Күрделенген жағдайға қарай, еліміздің кейбір аймақтарында түрлі бағыттағы діни басқосулар өтіп жүр. Сондай шаралардың бірін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры Әбу Ханифа медресе колледжінде ұйымдастырды.
Философия ғылымының докторы Бақытжан Сатершинов «Қазақ дәстүріндегі ислам мәдениеті» атты семинарда дінді тыйым салу құралына айналдырмауға шақырды.
Ғалымның айтуынша, «дәстүрлі ислам» түсінігі – ислам атын жамылған жалған және өзге де ағымдармен, сонымен қатар «таза» исламды дәріптейтін сәләфизммен шатастырып алмау мақсатында жасанды түрде қалыптастырылған. Дәстүрлі ислам дегенде біз қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған ханафилік мәзһабты ұстанамыз. Өйткені сүннет бағытындағы ханафилік исламның шеңберінде біздің рухани-мәдени ортамыз қалыптасты: оның діни тәжірибесі қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетімен біте қайнасқан, сонымен қатар қазақ қоғамы үшін дәстүрлі болып табылатын барлық әлеуметтік мәдени институттар, саяси институттар ханафи мазһабының аясында болды. Мысалы, Жеті жарғы, Қасым ханның заңдар жүйесі тарих қойнауынан бері дінге қарама-қайшы емес, олар ханафи мазхабындағы түсіндірмелермен үндесіп отырды (шариғат пен әдет). Оның үстіне, ханафи мазһабы білім мен ғылымға ашық: ортағасырдан бері қалыптасып келе жатқан білім беру үлгісі ханафи мазһабының аясында да болды.
Б.Сатершинов өзінің бір сағаттан астам уақытқа созылған дәрісінде адамдардың иманы жүрегінде болып, дін туралы сақтықпен сөйлегені жөн деді. Осыған байланысты Абайдың нағашыларына қыдырып барған мына мысалды келтіре кетті. Абай жас кезінде нағшыларына бармақ болған ойын әкесіне айтқанда, Құнанбай баланың тілегін құп алып:
- Балам, баруыңа қарсылығым жоқ. Өзіңе айтарым, сөйлер сөз, айтар ойыңның аңысын аңдағайсың", - деп ескерткен екен.
Бір күні нағашысы Тонтай екінті намазын обың-күбің оқып тез-тез бітіргені, әрі діни қағиданы бұзып аяттарын шатастырып оқығаны Абайға өрескел көрінеді де:
- Нағашы, намаздың шариғат белгілеген қағидасын бұзып, төте тартатын жолы да болады екен-ау", - деп мысқылдап қойған сауалына нағашысы:
- Иә, балам, бұл сұрауың өте орынды. Әрі сенің бұл айтқаның Имам шафиғының тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам ағзамның жолы біреу-ақ: яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида "аттың жалы", "түйенің қомы", "садақтың оғы" сияқты қатал, қатыгез емес, - деп көзін сығырайта, көлгірси, күле жауап беріпті.
Ғалым осы мысалдан соң «Дінді саясатқа араластырудан аулақ болу керек. Тіпті, Матруридің өзі одан барынша қашық жүрген. Жаратушы мен адам арасындағы сырды жариялаудың, риялық көрсетудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Мемлекеттің зайырлы екенін ұмытпау керек» деп сөзін аяқтады.
Әбу Ханифа медресесінің шәкірттері сөз соңында сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды.
Жасұлан Наурызәлиев