Коллаж: ult.kz
Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева "жасөспірім қыздарға хат жазды" деп бұрынғы әйелі айыптаған блогер Қолғанат Жұмабаевқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Ult.kz.
"Аталған жағдай бойынша мен және заңгер кеше блогермен байланысқа шықтық. Қалалық прокуратурамен бірге процестік шешім қабылдау мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Уәкілетті органдармен бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз", - деді Динара Зәкиева.
Бұдан бөлек балалар құқығы жөніндегі уәкіл ата-аналарға баланың кіммен араласатынын әрдайым бақылап, оған қауіп-қатерлер, соның ішінде әлеуметтік желілердегі қауіптер жайлы айтып отыру керектігін ескертті.
"Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінде мектептерде енгізілген қауіпсіздік сабақтары аясында қаралатын тақыраптарды талқылау маңызды. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген күмәнді жағдайларды 102 немесе 111 нөмірлеріне хабарлау қажет", - деді ол.
Динара Зәкиеваның айтуынша өткен жылы он алты жасқа толмаған азаматтарға сексуалды сипатта тиісу бойынша 33 қылмыстық іс тіркелген.
"Еске сала кетейін, өткен жылы қабылдаған әйелдер құқықтары мен балардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң аясында он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу үшін жаңа қылмыстық бап енгізілді. Аталған бап бойынша маусым айынан бері 33 қылмыстық іс тіркелді, бұл осындай әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді", - деді Динара Зәкиева.
Еске сала кетейік TikTok желісінде бір миллионнан астам жазылушысы бар блогер Қолғанат Жұмабаевқа қатысты оның әйелі Құлпынай Калменова күйеуі 10-12 жастағы қыздарға махаббат хаттарын жазып, құшақтасып суретке түскенін айтқан. Бұл қоғамда роезонанс тудырған.
Осыдан кейін іске танымал блогер, феминист Роза Әшірбаева араласып, бұл жағдайдың көзден таса қалмауы керегін айтты. Ол ҚР бала құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиеваның әлеуметтік желідегі парақшасын белгілеп, істі өз назарына алуды сұрады.
Әлеуметтік желіде шу шыққаннан кейін Қолғанат Жұмабаев қыздардың анасымен бірге видео түсіріп, ешқандай алымсақтық болмағанын айтты. Аналары қыздарының жігітке «аға» деп қарап, сыйлайтынын айтып, Құлпынай Калменованың өзіне шүйлікті.