Димаш Құдайберген мен Игорь Крутой жаңа әндерін ұсынады. Бұл туралы Ресейдің халық әртісі ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің 26 қазан күні Нью-Йорктегі «Барклайс-центерде» өтетін мерейтойлық кешімде Димаш танымал болып үлгерген бес-алты таңдаулы әнді айтады, бұдан бөлек тағы біразының үстінде жұмыс істеп жатырмыз», - деді Игорь Крутой.
Композитордың айтуынша, Димаштың да оған көп көмегі тиіп отыр. «Оның контентін тыңдармандар асыға күтіп отырады. Ән шықты ма, ертеңіне таңертең 2 млн қаралым, 10 млн қаралым... Мен мұндайды бұған дейін көрген емеспін», - дейді музыкант.
Димаш Құдайберген тамыз айының аяғында Сочи қаласында Игорь Крутой ұйымдастырғалы отырған «Новая волна» фестивалінде, күзде Нью-Йорк, Мәскеу, Минс, Дюссельдорф қалаларында өтетін мерейтой концерттерінде өнер көрсетеді.
Бұдан бөлек, қазақ әншісі Ресейдің Санкт-Петербург және АҚШ-тың Нью-Йорк қалаларында жеке концертін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген әйгілі Лара Фабианмен дуэт орындайтынын хабарлаған еді.