24-25 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумында IT-саласындағы жаңа трендтер талқыланады.
Аталған форумдағы басты шара «Болашақтың білімі: технологиялар білім саласын қалай өзгертеді» атты пленарлық сессия болады. Осыған орай, әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар қауымы білім саласындағы өзгерістер туралы ой толғап, сол саладағы түйткілді мәселелерді технологиялар қалай шешетінін айтып береді.
«Маман даярлаудың бұрынғы тәсілі қазіргі шындықтарға төтеп бере алмай жатқанын түсініп келеміз. Интернет пайда болғанға дейін өмір баяу жылжитын. Мәселен, бұрын инженерлер 4 жыл оқып, ол білімі өмір бойына жарайтын. Дәрігерлер де солай, олар бір ота түрін бір тәсіл арқылы өмір бойы жасап жүре беретін. Кейін интернет пайда болып, жаһандану процесі қарқынды жүруі нәтижесінде тәртіп-тәсілдер түбегейлі өзгерді. Нәтижесінде инженерия, медицина саласына жаңа өзгерістер, жаңа әдістер және жаңа технологиялар келді. Енді университетте ғана оқу жеткіліксіз, неге десеңіз бұған тек универсетте алған білімді ғана қолдана алмаймыз», – дейді білім саласы бойынша эксперт, биотехнолог Дәмел Мектепбаева.
Сарапшының сөзінше, жоғары оқу орнында алған біліммен қоса қайтадан ізденуге, машықтануға, жаңа білім алуға тура келеді. Сол себептен де болашақтың білімінде үздіксіз оқу қажеттілігі туындайды.
«Digital Bridge» форумында қатысушыларға арналған ашық талқылаулар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, венчурлық қаржыландыру, бизнес-инкубация, цифрлық медиа салаларындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар қозғалады. Форум аясында Astana IT University, Alem бағдарламалау мектебі ресми түрде ашылады.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың 5 қарашасында «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы өткен болатын. Оған әлемнің 23 елінен 600-ден астам қатысушы және 50-ге жуық спикер келген еді.