29 қаң, 2021 сағат 12:41

Диакритикалық таңбалар әліпбидегі әріптеріміздің табиғатын толық аша ма?

Қазіргі таңда қазақ қоғамында латын әліпбиіне байланысты түрлі пікірталас орын алып отыр. Әліпби мәселесіне қатысты тілші де, әдебиетші де, жазушы да, математик те, экономист те өз ойларын білдіруде. Бұл қазақ қоғамының тіл мәселесіне жанашырлық танытуы, бей-жай қарамауы деп түсіну керек.

Кеше Премьер-министр Асқар Мамин өткізген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа латын әліпбиі нұсқасы таныстырылды. Осыған байланысты филология ғылымдарының кандидаты Салима Кенжемұратова диакритикалық белгілерге байланысты ойын ортаға салды.

Кез келген әліпбиде тілдің дыбыстық ерекшелігін сипаттауда диакритикалық таңбалар пайдаланылады. Сондықтан "осы диакритикалық таңбаның бізге қажеттілігі бар ма" деген заңды сұрақ туады. Әрине, егер диакритика әліпбиде ұсынылып отырған қаріптің дыбыстық мазмұнын ажыратуға мүмкіндік берсе, оны неге пайдаланбасқа? Асылы, әр диакритикалық таңбаның атқаратын өзіндік қызметі бар.

Жаңа әліпбиде Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылды: ğaryş, jaŋğyru, ğylym. Бревис – латын графикасы негізінде түркі халықтарының әліпбиінде қолданылатын әріп үстіндегі диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен қысқа дыбыстарды таңбалау үшін қолданылады. 1990 жылдардан бастап латын әліпбиіне көшкен әзербайжан және қырым-татар тілдеріне енгізіле бастады. Бревис диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары. Бұл белгі UNICODE жүйесінде жиі қолданылады.  

Ұ дыбысын макрон диакритикасы арқылы Ū таңбасымен беру ұсынылады: ūrpaq, qūraq, mağlūmat. Макрон – дыбыстың созылыңқы айтылуын білдіретін диакритикалық белгі. Ол литва, латыш, бретон тілдерінде дыбыстың созылыңқылығын білдіру үшін, сондай-ақ, араб, қытай, жапон сөздерін латын әліпбиінде транслитерациялау үшін де қолданылады.  

Ш дыбысын седиль диакритикасы арқылы Ş таңбасымен беру ұсынылды: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş. Седиль – әзербайжан, өзбек, түркімен, түрік, француз, албан, чуваш және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылатын диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен тіл алды ызың, қатаң дауыссыз Ш дыбысын таңбалау үшін жиі қолданылады әрі халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандарттық тұрпатына сәйкес келеді. Сондай-ақ, Ш дыбысын Ş таңбасымен беру «бір дыбыс – бір әріп» принципін сақтауға да толық негіз болды. 

Жалпы, бұл диакритикалық таңбалар әліпбидегі әріптеріміздің табиғатын толық ашады деген ойдамыз.