Президент Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің жиынында биыл ауыл әкімдері, 2024 жылы аудан әкімдері сайланатынын айтты.
«Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін» деді.
Сіздерді қайдам, менде бір дежавю сезімі пайда болды. Бір орында айналсоқтап қалғандаймыз. Экономика, инновация, білім, денсаулық, барлық салада осылай бір нәрсені қайта-қайта айтып, бір шеңберде шыр айналып жүргендейміз.
Н.Назарбаев осыдан 23 жыл бұрын (!), 1998 жылы халыққа жолдауында «мы должны разработать масштабную поэтапную программу выборов руководителей всех уровней... Я полагаю, что в ближайшее время необходимо приступить к разработке такой программы, четко расписав этапы и уровни» деген.
1999 жылы Шамалған ауылында «эксперимент сайлау» өтіп, бизнесмен әкім болып сайланды.
2001 жылы 28 ауылда «эксперимент сайлау» өтті.
2004 жылы Назарбаев «Отан» партиясы съезінде мемлекеттік билікті орталықсыздандырып, жергілікті басқару жүйесін нығайтуға, әкімдерді сайлау жүйесін енгізуге бет түзейміз деді.
2005 жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында аудан әкімдері эксперимент жағдайында сайланды.
Бұл «билік вертикалін демократияландырудың бастамасы» болады деп дәріптелді.
Жағымпаздар аузын ашып, көзін жұмып мақтады.
Кейін осы «эксперименттердің» нәтижесі туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Жалғаспай қалғанына қарағанда, Қазақстан халқы демократияға дайын болмай шыққаны ма? Онда президентті, мәжілісті қалай сайлап жүр?
Науқандардың бәрі үлкен сайлаудың алдында я сайлаудан соң жұрт наразылығын басу үшін, демократиялық күштердің, халықаралық ұйымдардың талабымен «іске асты».
Мұхтар Сеңгірбайдың жазбасы