ҚР Мемлекеттік хатшысы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев ұлы ойшылдың мерейтойы қалай тойланғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Тәуелсіз Қазақстан және барша түркі әлемі үшін ерекше тарихи жыл. Біз жыл бойы жаһандық пандемия жағдайына және әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, адамзат тарихында өшпес із қалдырған ұлтымыздың ұлы тұлғалары – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығын, ұлық ұлыс Алтын Орданың 750 жылдығы мен биыл ТМД мәдени астанасы болған Шымкент қаласының 2200 жылдығын атап өтудеміз. Осы сәтті пайдалана отырып, біздің ұсыныстарымызды мұқият қарап, тиісті қолдау көрсетіп отырған барлық халықаралық ұйымдарға, шетелдік әріптестерімізге, достарымызға ризашлығымызды білдіреміз. Бұл жобалар – біздің ұлы тұлғалар алдындағы қарымыз, өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз деп түсінеміз», - деді Қ. Көшербаев Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық Түркі академиясы өткізген «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» халықаралық форумында.
Мемлекеттік хатшы биылғы мерейтой жылында әл-Фарабидің мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау, әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету бойынша біршама жұмыс атқарылғанын еске салды.
«Жыл бойы әл-Фарабидің қоғамдағы ғылымның рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік туралы идеяларына негізделе отырып, халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, салалық-кәсіби кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап өтер жайт, Фараби бабамыздың парасатты ғұмыры – бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп өсіру жолында үлкен үлгі-өнеге. Ұлы философ бала кезінен сол замандағы өркениеттің іргелі орталықтары – Бұқара, Самарқан, Мерф, Бағдат, Харран, Каир, Алеппо және басқа ірі шаһарларда ұдайы білімін жетілдіріп отырды. Ғылым-білім іздеп, жаһанды шарлаған ойшыл түркі, араб, парсы тілдерімен қатар, грек, қытай, латын, санскрит және басқа да ғылым дамыған тілдерді меңгереді», - дейді Қ. Көшербаев.
Оның айтуынша, қазір әл-Фараби ойлары мен тұжырымдардың өзектілігі қайтадан арта түсуде. Сондықтан да биылғы барша мерейтойлық шаралар ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға, зерделеуге, оның ғылыми және әлеуметтік мәдени маңызы бар инфрақұрылымдық объектілерін құруға, сонымен бірге әл-Фарабиді мәңгі есте қалдыруға бағытталды.
Ойшылдың еңбектерін тәржімалау жұмыстары қолға алынды. Әл-Фараби туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты. Ұлы ғалым туралы деректі фильмдер жасалды. әл-Фарабидің шетелдерде жаңа орталықтары ашылды.
«Біз ұлы бабамыздың ғылыми жаңалықтарын жаңа ғасыр сұранысына сай зерделеуге де баса мән беріп келеміз. Әл-Фараби мұрасы аясында жасанды интеллект, этика және рухани дамумен байланысты проблемаларды зерделеу бойынша пәнаралық жобаларды қолдауға мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Еліміздегі Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі бастама қолға алынуда. Бұл жоба инвестиция тартуға, технологиялардың дамуына қуатты серпін беруге және отандық ғылым мен білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деді Қ. Көшербаев.
Еліміздің Түркістан облысындағы әл-Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қалашығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар кешені өткізілді.
«Ізгі қоғам туралы әл-Фараби идеясын креативті түрде насихаттауға бағытталған жастар бастамалары қолдау тапты. Аталған жобалар кезінде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен, қазіргі уақытта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын ерекше айтқым келеді. Құрметті конференция қатысушылары! Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл дүниеге келген ұлы дала төсінде отандық ғылымды өркендету – біз үшін өте өзекті мәселе. Өздеріңіз білесіздер, әл-Фараби осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын дүниенің мәңгілігін, танымның болмысқа тәуелдігін айқындап, парат туралы ілімді саралады. Сол заманның өзінде дала кемеңгері «Ғылымдар тізбегі», «Бесінші трактат», «Медицина каноны», «Қайырымды қала», «Риторика», «Бақытқа жол сілтеу», «Вакуум туралы» және басқа да ондаған іргелі еңбектер жазғанын ескерсек, ұлы баба ұрпақтары қазіргі таңда тарихи әрі табиғи сабақтастықты қамтамасыз етуге міндетті деп есептейміз», - дейді Мемлекеттік хатшы.
Осыған орай, спикер әл-Фарабидің мерейтойлық жылында өткізілген барлық іс-шаралар қазіргі заманғы білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынтымақтастық жүйесінің дамуына қуатты серпін беріп отырғанын айрықша атап өтті.
«әл-Фараби шығармашылығын пәнаралық зерттеу жандандырылды. Соның арқасында әлемдік философия мен ғылым контексінде әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге, әл-Фараби мұрасының негізінде адамның рухани-зияткерлік жетілу парадигмасы мен ізгі қоғамды қалыптастыру стратегиясы аясында мемлекеттің жаңа түрін теориялық негіздеу міндеттері өзектендірілді. Қорыта айтқанда, мерейтойлық жыл Қазақстан және дүние жүзінде адамзаттың дамуы үшін әл-Фараби мұрасының маңызын қайта ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Биыл ұлы ойшылдың мұрасын насихаттаудағы қол жеткізілген жетістіктер міндетті түрде жаңа да жасампаз ғылыми жобаларға жол ашатыны анық», - деді Қырымбек Көшербаев.
Айта кетейік, елордада Халықаралық Түркі академиясы «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Академия Президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл алқалы жиын Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтуіс еді. Онлайн режимде жиынға көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен 30-дан астам елдің танымал ғалымдары қатысып отыр.