10 нау, 2021 сағат 12:00

Депутаттар жолдарда қосымша жылдамдықты бақылау құралдарын орнатуды сұрады

Автомобиль жолдарының аса апатты учаскелерінде қосымша жарықтандыру және жылдамдықты бақылау құралдарын орнату керек. Бұл туралы Парламет Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сергей Решетников мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы зерттеу олардың тек 41,2 пайызы жол жүру ережелерімен таныс екендігін, 34,2 пайызы ережелердің кейбір тармақтарын ғана білетінін, 10,4 пайызы нашар білетінін, 8,8 пайызы тіпті білмейтінін көрсетті. Ал 5,4 пайызы мүлдем жауап бермеген», - деді ол бүгін жариялаған депутаттық сауалында. 

«Қауіпсіздікке әсер ететін тағы бір факторды қарастырайық. Ол жол инфрақұрылымының жағдайы. Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдау апаттылықты, жарақаттануды және өлім-жітімді төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда республикалық маңызы бар 25 мың шақырымға жуық жол бар, оның 4 учаскесі ақылы (ұзындығы 682 шақырым). 2021 жылы тағы 18 жол ақылы болады, ал 2024 жылға дейін оның ұзындығын 11 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Әрине, ақылы жолдар жол бойындағы қызмет көрсету, жақсы жол жамылғысы, уақтылы тазарту және басқа да артықшылықтарды ұсынады», - деп тоқталды С. Решетников.

Осы орайда ол бірнеше ұсыныстарын жария етті. 

«Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, оларды жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтау рухында тәрбиелеу бойынша мемлекеттік және қоғамдық органдардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың белсенді және мақсатты жұмысын жалғастыру керек. Авариялық және жол қызметтерінің жұмысын жетілдіру, зардап шеккендерге медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттыру - бұл жол-көлік оқиғаларында аман қалғандардың мүгедектігі мен зардап шегу ықтималдығын азайтады», - деді депутат. 

Оның пайымынша, жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу және деңгейін арттыру мақсатында автомобиль жолдарының аса апатты учаскелерінде жарықтандыру және жылдамдықты бақылау құралдарын орнату керек. Аудандық және облыстық маңызы бар жолдарға ерекше назар аударылуы қажет. Елді мекендерде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын төмендету үшін жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерінің санын ұлғайту маңызды.