Әскери қызметкерлер, ішкі істер органдары қызметкерлерінің және депутаттардың жалақысы көтеріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында 2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасына қатысты баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әскери қызметкерлер, ішкі істер органдары қызметкерлерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге 33,1 млрд теңге көзделген. Қол жеткiзiлген екіжақты және ратификацияланған келiсiмге сәйкес, Қырғыз Республикасына техникалық жәрдем көрсетуге 14,1 млрд теңге қарастырылған», - деді ол.
Сонымен қатар, министр "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымына нысаналы салымды ұлғайтуға 22,2 млрд теңге, көрмеден кейінгі іс-шараларды өткізуге және ЭКСПО аумағында офистер дайындауға 20 млрд теңге сомасында қаражат көзделгенін атап өтті.
Жалпы, Сұлтановтың дерегіне сәйкес, 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің нақтыланған түсімдері 9 691,5 млрд теңгені немесе ЖІӨ-ге 18,7 пайыз құрайды. Оның ішінде мұнайлық емес түсімдер жоспарға қарағанда 77,9 млрд теңгеге өсіп, 4 497,2 млрд теңге, мұнай түсімдері жоспарға қарағанда 14,9 млрд теңгеге төмендеп, 5 194,2 млрд теңге болады.
«Республикалық бюджеттің шығыстары 2017 жылы 11 191,5 млрд теңгені құрайды, ол нақтыланған жоспардан 15,1 млрд. теңгеге көп», - деді ол.