24 ақп, 2021 сағат 12:29

Депутаттар азық-түлік қауіпсіздігі бойынша комиссия құруды ұсынды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, отбасылық бюджетке пандемия мен карантинге байланысты азаматтардың кірісін жоғалтуы ғана емес, сонымен қатар азық-түлік бағасының бақылаусыз өсуі де кері әсер етеді. Бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 11,4 пайызға өсті. 

Негізінен, халық тұтынатын азық-түлік, яғни жарма, ұн, жұмыртқа, күнбағыс майы, қант секілді өнімдер қымбаттады. 2020 жылдың соңғы мәліметтеріне қарағанда, қазақстандық отбасылардың бюджетіндегі азық-түлік шығындарының үлесі 54,3 пайызға жетті. 

Депутаттың пайымынша, бұл тұрғыда жүйелі шешім ұсынылмай келеді. Азық-түлік нарығының тұрақты жұмыс істеуін бірнеше ведомство қадағалайды. Бірақ олардың келісілген жалпы қызметінен тиісті нәтиже болмай тұр. 

«Мемлекеттік механизмдер тауық жұмыртқасы немесе күнбағыс майы бағасының өсуіне байланысты жекелеген салалық іркілістерді жеңе алмайды. Оларда азық-түлік инфляциясын жұмсарту жағына өту үшін жүйелі шаралар да қамтылған», – деді халық қалаулысы. 

Осы орайда А. Қоңыров ҚХП азық-түліктің экономикалық қолжетімділігіне басымдық бере отырып, азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясын әзірлеу және жұмыстың осы секторына жауапты мемлекеттік органды немесе комиссияны айқындау қажет деп санайды. Сондай-ақ ол тұрақтандыру қорларының жұмысын объективті бағалауды ұсынды.