17 нау, 2021 сағат 11:24

Депутат ветеринария саласына жаңа тәсілдерді енгізуді ұсынды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азамат Әбілдаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына ветеринариялық ахуалды жақсарту мәселесіне қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ветеринария жүйесіндегі тоқырау ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің зардап шегуі мен табысынан қағылуы, мал шаруашылығы саласының инвестциялық тартымдылығының төмендеуі, бюджеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуы сияқты жағымсыз салдарға әкеліп соғады. 2020 жылы нодульдік дерматиттің таралуына байланысты әр түрлі вакциналау жүрді. Нәтижесінде мал қырылған фактілер аз емес. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Бразилия және мал шаруашылығы дамыған басқа да елдерде аурудың алдын алу үшін - вакциналау міндетті шара. Мемлекеттен бруцеллез сияқты аса қауіпті мал ауруларын диагностика жасау үшін және санитарлық союды компенсациялау үшін жылына қаншама қаражат бөлінеді. Оның орнына, бұл қаражатты бруцеллез ауруына қарсы - міндетті вакцинациялауға жұмсаған жағдайда 2-3 жылда бұл індеттен толық құтылуға болады», - деді депутат. 

Оның айтуынша, ереже бойынша, мал төлі бір апта ішінде тіркелуі тиіс. Ал, тіркелмеген жағдайда фермерлерге негізсіз айыппұл салу, мемлекеттік қолдаудан қағылуға әкеп соғады. Мысалы, төл жөніндегі мәліметті мал шаруашылығы ақпарттық жүйесі базасына үш айдан кешіктірмей енгізу мүмкін емес. Өйткені биркалар ең жылдам дегенде жаз айларында ғана келіп түседі. Министрлік мемлекеттік сатып алу жүйесіне сілтеп, биркалармен уақтылы қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін орындамайды.

«Мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі 10 жыл бұрын әзірленген, бүгінде мұндай формат заман талабына сай емес. Блокчейін сияқты заманауи технологиялар бар. Онда мал иесі электронды өтінім жібереді, ал ветеринар келіп түскен өтінімді тіркеп қояды. Осылайша операцияның цифрлық ізі белгіленеді және алаяқтықтан қорғайды. Осындай көп арналылық әдістемені енгізу қажет», - деді Азамат Әбілдаев. 

Сонымен қатар ол мемлекеттік ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық жабдықталуы нашар екенін, соның ішінде зертханаларда реактивтер табылмай, реагенттердің жарамдылық мерзімі талапқа сай келмей жататынын айтты. 

«Бұл саладағы маман тапшы. Оның бір себебі – мемлекеттік ветеринар дәрігерлердің еңбек ақысы орта есеппен 70 мың теңге. Қаражаттың аздығы білікті мамандардың тапшылығына, жастардың осы мамандыққа баруға ынтаның болмауына әкеп соғады.

Бұдан бөлек, мал шаруашылығы өнімін экспорттау үшін жаңа нарықтар ашылмаған. Бұған дейін жұмыс істеп келген нарықтар жабылуда. Ветеринариялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыс тоқтап қалған», - деді депутат.