09 жел, 2019 сағат 13:31

Демалыс күндері жолда қалған 28 адам құтқарылып, 159 жолаушы эвакуацияланды - ТЖК

7-8 желтоқсан күндері боран мен көктайғақтың салдарынан төтенше жайдайлар бойынша қызмет республикалық автожолдарда 200-дей адамға көмек көрсетіп, қар құрсауында қалған 102 техниканы шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында апатты-құтқару жұмыстары жүргізілді. Оған құтқару қызметінен бөлек, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, «Қазавтожол» ЖШС-ның өкілдері жұмылдырылды.

Мәселен Ақмола облысында «Сургут-Шымкент» бағытындағы «Setra» автобусындағы 69 жолаушы «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолы ашылғанша Көкшетау қаласындағы жылыту бекетіне уақытша орналастырылды. Жалпы, бұл күндері өңірде ескертуді елемей жолға шығып кеткен көптеген жолаушыға көмек көрсетілді.

Нұр-Сұлтан қаласынан 60 шақырымдай жерде «Нұр-Сұлтан-Павлодар» автожолында 50-60 шақты көлік жолда қалған. Қоянды мен Приречное елді мекендерінің арасында тұрып қалған машиналарды қар құрсауынан шығаруға арнайы техника жөнелтілді. Адамдар ауылдардағы мектептерге, жол бойындағы дәмханалар мен арнайы жылыту бекеттеріне орналастырылды. Жолды қардан аршуға 10 техника жұмылдырылды.

Қоянды елді мекенінен Софиевкаға дейін 36 көліктен тұратын колонаны тәртіп сақшылары жеткізіп салды. Мамандардың сөзіне қарағанда, ешкім зардап шекпеген, құтқару жұмысы аяқталған. Автожолдар тазаланып жатыр.

Қарағанды облысындағы «Алматы-Екатеринбург» автожолында көктайғақ салдарынан 20 шақты жолаушысы бар екі автобус жолдан шығып кетті. Жолаушылар зардап шекпеген, сүйреп шығарылған көліктер жолын жалғады.

Павлодар облысында Екібастұз қаласының маңында көктайғақтың салдарынан 65 жүк көлігі жолда қалды. «Қазавтожол» ЖШС құм-тұз қоспасын төсегеннен кейін ғана көліктер жолға шықты.

Ал «Семей-Қарағанды» бағытындағы автобустың 11 жолаушысы республикалық маңызы бар жолдардың жабылуына байланысты Екібастұздағы орта мектепке, Железинка елді мекенінде «Омбы-Павлодар» бағытындағы автобустың 15 жолаушысы жергілікті мектеп-интернатқа уақытша орналастырылды. Таңертең жол ашылғаннан кейін автобустар жолға шықты.

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында жолда қалған «Toyota Land Cruiser» автокөлігін құтқарушылар қар құрсауынан алып шықты. Автокөлік салонында 4 адам болған, олар дін аман.

Азаматтық қорғаныс қызметінің мамандары қолайсыз ауа райы туралы хабарлама келген жағдайда алыс жолға шықпауды ескертеді.