14 қар, 2019 сағат 06:46

ДДСҰ: Жуық арада бағасы қолжетімді инсулин пайда болуы мүмкін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) инсулин өндірісін әртараптандырудың пилоттық жобасы туралы жариялады. Жуық арада бағасы арзандау инсулин пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтар сайты.

ДДСҰ Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күнінің қарсаңында осындай мәлімдеме жасап отыр. Атаулы күн 1922 жылы Чарлз Бестпен бірге диабетке қарсы инсулиннің ойлап табылуында шешуші рөл атқарған Фредерик Бантингтің туған күніне орай, жыл сайын 14 қарашада тойланады.

Диабет - қандағы қант мөлшерінің артуынан туындайтын, уақыт өте келе күшейетін созылмалы ауру. 1980 жылдан бері диабетпен ауыратын адамдардың саны 4 есеге дейін артқан. Бүгінгі таңда әлемде 420 млн адам диабеттен зардап шегеді.

Бірінші типтегі диабетпен ауыратын адамдар инсулинсіз өмір сүре алмайды. Ал диабеттің екінші типі пайда болған адамдар үшін инсулин қант мөлшерін бақылау және аурудың күшеюінің алдын алу үшін қажет. Қазіргі таңда диабеттің екінші типінен зардап шегетін 65 млн адам инсулинге мұқтаж. Сонымен қатар көпшілік үшін оның бағасы қолжетімсіз.

Бүгінде әлем бойынша инсулин нарығының басым бөлігін үш өндіруші қолында ұстап отыр. 13 қарашада Женевада өткен брифингте ДДСҰ өкілдері басқа фармацевтика компаниялары да инсулин шығаруға әзір екенін жеткізді. Тіпті олардың кейбірі Ұйымға өздері шығарған инсулиннің үлгісін де жіберіп үлгерген.

«ДДСҰ-ның инсулин өндірісін әртараптандыру бастамасы — мұқтаж жандардың өмірі үшін аса қажет препаратты қолжетімді етуге қойылған аса маңызды қадам», — дейді ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус.

ДДСҰ өкілдері осы шараның нарықтың барлық қатысушылары үшін теңдей жағдай жасайтынына үміт артып отыр.