Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жұма күні маскаға деген ұстанымын өзгертті. Енді халықаралық ұйым үкімет өкілдеріне қоғамдық орындарда матадан тігілген маска тағып жүруді міндеттеуді ұсынып отыр.
Бұл туралы бүгін bbc агенттігінен мәлім болды. Агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда Үндістан мен Иранда вирус жұқтырғандар саны артып кетті. Сарапшылар бұл індеттің екінші толқынының белгісі деген болжам жасап отыр. Еуропалық Одақ (ЕО) елдері 1 шілдеде шекараны ашу мәселесін ойластырып жатыр. Британия мен Швеция Еуропадағы баруға ең қауіпті мемлекеттердің бірі болып отыр.
Джон Хопкинс университетінің мәліметтерінше, пандемия басталғалы коронавирусты әлемде 6,6 млн адам жұқтырып, індеттің салдарынан 400 мыңға жуық адам қайтыс болған.
Вирус жұқтырғандар саны жағынан құрлықтар бойынша көшбасшы елдер де белгілі. Еуропада пандемиядан ең көп зардап шеккен елдер - Ұлыбритания, Италия, Франция және Испания. Ресей вирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде үшінші орында тұр. Алайда бұл мемлекетте адам өлімі өзгелермен салыстырғанда өте төмен. Солтүстік Америкада науқастар саны жағынан алдыңғы орында АҚШ тұр. АҚШ та әлемдегі Covid-19 індетінен ең көп зардап шеккен мемлекеттердің бірі. Індет ең көп тараған елдердің алдында Оңтүстік және Орталық Америкада Бразилия мен Мексика тұр. Африкада ОАР, Египет пен Нигерия, Азияда Үндістан мен Иран тұр.
Індеттің тарауымен күрес үшін «үлкен жиырмалық» елдері мен оған шақырылған мемлекеттер 21 млрд доллар бөлуді көздеп отыр. Мұндай мәлімдеме G20 сайтында сенбі күні жарияланды.
Пандемия тарай бастаған уақытта ДДСҰ өкілдері масканы тек коронавирус жұқтырған және ауру симптомдары бар, сондай-ақ науқастармен байланыстағы азаматтар тағуы керек деген болатын. Халықаралық ұйым өкілдері әуелде масканың вирустан қорғайтынына аса мән бермеді, олар керісінше, қолды жуып, таза ұстап жүрудің пайдасы зор деген кеңес берді.
Алайда зерттеу шаралары масканы дұрыс қолодану індеттен қорғанудың ең тиімді жолы екендігін көрсетті.
Дегенмен ДДСҰ өкілдері жалғаз масканың қауіпсіздік кепілі бола алмайтынын, қауіпсіздік шараларын кешенді түрде қолдану керектігін айтып отыр.