09 шіл, 2018 сағат 11:31

Дәурен Қуат - "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы

Дәурен Қуат «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды.

Қазақ руханиятының алаугеріне айналған, талай жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газетіне жаңа редактор келді. Бұған дейін республикалық белді басылымдарда басшылық қызмет еткен, танымал журналист-жазушы Дәурен Қуат тізгін ұстады.

Дәурен Қуат – 1973 жылы 10 ақпанда  Алматы облысы, Қапал ауданы, Ащыбұлақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.

1990 жылы аудандық «Қапал еңбеккері» газетінің тілшісі;

1993 жылы облыстық «Жерұйық» газетінің тілшісі;

1994 жылы республикалық «Халық кеңесі» газетінің бұрынғы Талдықорған облысындағы (қазіргі Алматы облысы) меншікті тілшісі;

1996 – 1997 жылдар аралығында Еларалық «Қазақ елі» халықаралық газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі;

1997 – 1999 жылдар аралығында республикалық «Жас Алаш» газетініңтілшісі, бөлім меңгерушісі;

2001 – 2003 жылдар аралығында «Хабар» арнасындағы «Майдан» телебағдарламасының редакторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері;

2002 – 2003 жылдар аралығында «Қазақ Әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары;

2004 -2007 жылдары республикалық «Алтын орда» газетінде бас редактор;

2008 – 2009 жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінің бас редакторы;

2009 жылдан бері қарай «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы, «Абай-ақпарат» Қазақстан интернет кеңістігін дамыту қоры» Қоғамдық қорының президенті;

2013 жылы Түркі әлемі жазушыларына арналған сыйлықтың лауреаты;

2015 жылы ҚР Ақпарат саласының үздігі;

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған медаль иегері.

Сондай-ақ, Еуразия жазушылары одағының мүшесі, түркі әлемі ақын-жазушыларына арналған М.Қашқари және Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтардың лауреаты.  «Дәстүр» баспасынан «Әлқисса» атты прозалық кітабы жарық көрген.

Ұлт порталы ұжымы Дәурен Қуатқа құтты болсын айтып, жұмыста жеміс, шығармашылық табыстар тілейді!