08 қар, 2019 сағат 10:28

Дәурен Абаев Nur Otan-да азаматтарды қабылдады

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында азаматтармен кездесіп, өтініштерін тыңдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Азаматтар жеке қабылдауда да, онлайн режімде де министрмен әңгімелесіп, талап-тілектерін айтты. Өтініш сипаттары әртүрлі. Мәселен, Қанат Ержігітов атты азамат «Dombyra» телеарнасын «Отау ТВ» спутник желісіне қосуды өтінді. Оның айтуынша, тәулігіне 24 сағат бойы ұлттық мәдениетті насихаттайтын телеарна осы жылдың басында ашылған. Сонымен қатар, Жанна Есенғарина есімді өтініш білдіруші Қазақстан телевидениесін дамыту туралы өз ұсыныстарын ортаға салды. Шара Нақыпова атты өтініш иесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бірге» жобасын дамыту мәселесін көтерді.

Өтініш берушілердің әрбірінің тілегін жіті тыңдаған министр ведомство құзіреті шеңберінде барлығына шама-шарқынша қолдау көрсетілетінін айтты.

«Жалпы, мемлекеттік органдар басшыларының қабылдау өткізуі өте орынды. «Nur Otan» партиясының осы алаңын пайдаланған өте дұрыс деп ойлаймын. Кейбір сұрақтардың біздің министрлікке қатысы жоқ екенін көріп отырмыз. Азаматтар бір мәселені түсінуі керек: мемлекеттік жүйе жұмыс істейді. Егер хат дұрыс жазылып, бағытталса, оған міндетті түрде жауап беріледі. Менің ойымша, қазір келіп жатқан адамдардың көбіне жауап беріліп жатыр», - деді Дәурен Абаев азаматтарды қабылдаудан кейін тілшілердің сұрағына берген жауабында.