ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет пен Парламентке жұмыстарын қазақ тілінде өткізуге қатысты тапсырмасын түсіндіріп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Министрдің айтуынша, Үкіметте орыс тілінде сөйлеуге ешкім тыйым салмаған. «Менің түсінуімше, Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентте біз мемлекеттік тілге көшетінімізді айтқысы келді. Менің ойымша, бұл мемлекеттік тілді меңгеру саласына қатысты сұрақ. Біз Үкімет пен Парламентте қазақ тілінде сөйлейтіндей жағдайға көшуіміз керек. Бірақ, «тек қана» деген сөз менің білуімше айтылмаған. Демек, бұл Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне байланысты», - дейді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде егер Үкімет мүшесі өз ойын орыс тілінде жеткізуге құлықты болса, орысша сөйлеуіне болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, министр отырыстарға қатысатын тілшілерге синхронды аударма әзірленгендігін, ал онлайн-көрілімдегі көрермендер үшін мұндай аударма қарастырылмағанын тілге тиек етті. Осыған байланысты БАҚ өкілдері «орыс тіліне аударма жұмысы қарастырыла ма?» деген сауал қойды.
«Менің ойымша, бұл аса күрделі мәселе емес. Оны қарастыруға болады. Сіздер репортаж жасап, министрлер айтқан ойды халыққа жеткізе алады деп ойлаймын», - деді Дәурен Абаев.