28 қаз, 2021 сағат 16:51

Дәурен Абаев: Алтын Орда – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі



Бүгін Атырау шаһарында «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысы өтіп жатыр.

Осы орайда, Ұлт порталы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың жиында сөйлеген сөзінің толық нұсқасын жариялауды жөн санады.



***

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Баршаңызды конференция жұмысының басталуымен құттықтаймын! Пандемияға қарамастан бүгінгі жиынға келгендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін! 

Бүгінгі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Атырау облысы әкімдігіне арнайы алғыс айтамын!

Бұл конференцияның өтетін орны мен уақытын таңдауда айрықша мән бар. 

Осыдан бір апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне барды. Ұлық Ұлыстың негізін қалаушы – Жошы ханға арналып ашылған бұл кешен тарихи тұлғаға көрсетілген лайықты құрмет екені анық.

Осы игі істің жалғасы ретінде біз де бүгін отандық және шетелдік белгілі тарихшыларды киелі Атырау жеріне жинап отырмыз. Мақсатымыз – Дала Римі, ортағасырлық аса қуатты мемлекет – Алтын Орданың тарихи мұрасын жан-жақты талқылап, оған лайықты баға беру.

Атырау – ұлан-байтақ Отанымыздың батыс қақпасы, мұнайлы астана, халқымыздың біртуар ұлдары дүниеге келген өнерлі де өнегелі өлке.

Сонымен бірге осы өңірде, Жайықтың жағасында Сарайшық қаласы орналасқан.

Бұл қаланың өркен жайып, танылған тұсы да Алтын Орда кезеңіне сәйкес келеді. Ұлы Жібек жолының Сарай-Берке мен Хорезмді байланыстырған солтүстік бағыты осы Сарайшық қаласы арқылы өткен.

Мұнда сауда-саттық, мәдениет пен сәулет өнері қарыштап дамыды. Қалада бірегей су құрылыстары жасалып, өзінің ақшасы басылды. 

Орыс жазбаларында «мейірімді патша» аталып, венеция мен генуялық отарлаушыларға ықпал еткен Өзбек ұлы Жәнібек хан осы Сарайшық қаласында таққа отырған. 

Сол үшін Атырау өңірі – Алтын Орданың тарихи мұрасын зерттеу ісінде маңызды орталық деп есептеймін.



Қадірменді әріптестер!

Біз үшін Алтын Орда несімен маңызды?

Алтын Орда – тамыры терең тарихымыздың бір парағы ғана емес. Бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі.

Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған Ұлық Ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құрдық.

Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн.

Оған қоса Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы. 

1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. 

Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды.

Сол үшін алғашқы хандарымыздың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы Ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді.

Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді.

Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап бергені бекер емес.

Бұл идеяны Шоқан Уәлихановтың қазақтар өздерін алтынордалықтардың ұрпағы санап, құрметтейді деген сөзі де қуаттай түседі.

Яғни бұл бұрыннан белгілі деректер, талас тудырмайтын айғақтар. Сан ғасыр өтсе де, Алтын Орданың мәні мен маңызының халқымыздың санасында берік сақталуы сондықтан.

Әз-Жәнібек, Едіге, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың ажырамас бөлігі.

Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты.

Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақ билеушілерінің бәрі де Жошы ханнан тарайды.

Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы деуге болады.

Биыл мамыр айында Елордада өткен конференцияда ХХІ ғасырдағы алтынордалық 7 қағиданы баяндаған болатынмын. Бұл – бүгінгі заманға бейімдей отырып, бабалар өсиеті ретінде басшылыққа алатын Ұлық Ұлыстың орасан зор тарихи мұрасы.

Сол қағидаларды қысқаша ғана атап өткім келеді.

Бірінші қағида – мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұлғаның дербес жауап беруін білдіреді.

Екінші қағида – меритократия немесе басшылыққа лайықты адамдардың келуі.

Үшінші қағида – әкімшілік басқарудың тиімділігі.
Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы.
Бесінші қағида – диалог мәдениеті.
Алтыншы – дипломатия мәдениеті.
Жетінші – адами құндылықтар.

Осы жеті бағыттың негізінде өз заманында Алтын Орда жобасы жүзеге асырылды. Олардың мүлтіксіз орындалуы Ұлық Ұлыстың өркен жайып, дәуірлеген ғасырына жол ашты.

Бұл негізгі қағидалар бүгін де бізді болашаққа батыл көз тігіп, ХХІ ғасыр талабына сай жаңғыруға бастайды.



Әріптестер!

Президент өз мақалаларының бірінде «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деп бекер айтқан жоқ.

Бұл – маңызды месседж. Ол тарихты кәсібилендіруге бағытталған беталысымыздың айнымастығын айшықтайды. Мұндай шешуші мәселеге үстірт қарауға болмайды.

Біздің басты мақсатымыз – ұлттық болмысты қалыптастырып, тарихи жадыны қайта құру және қазақстандық патриотизмді нығайту. 

Осы ретте идеология саласындағы түйткілдің бәрін «Алтын Орда» шешеді деуге болмайды. 

Бұл – төл тарихымызды шынайы тәуелсіз және егемен мемлекет ұстанымы тұрғысынан түсіндіру бойынша атқарылып жатқан ауқымды әрі кешенді жұмыстың бір бөлігі.

Ол үшін өздеріңізбен бірге мынадай міндеттерді орындауымыз қажет:

тарих ғылымын фрагменттік пен біржақтылықтан арылту;
ұжымдық тарихи жадтың негізі ретінде тарихтың жаңа жалпыазаматтық моделін құру;
дала өркениетін дамудан тысқары деп сипаттайтын еуроцентристік көзқарасты еңсеру.

Формациялық, әлем-жүйе және басқа да сатылы тұжырымдамалар Еуразияның аграрлық мал шаруашылығын адамзат дамуының жанама, тұйық бағыты ретінде қарастыратыны жасырын емес.

Ұлттық тарихқа деген мұндай көзқарас ұжымдық деңгейдегі кембағалдықты қалыптастыратыны сөзсіз. Мұның соңы ғылыми білімге деген теріс көзқарасқа, жалған тарихқа құмартуға, өзін құрбан сезініп, ксенофобияға бой алдыруға әкеледі.
Бірақ бұл еуропалық ғылымның зияткерлік мұрасынан мүлде бас тарту дегенді білдірмейді. Дегенмен, мұндай тұжырымдамалар ұлттық тарихтың міндеттерін ескере отырып қолданылуы керек.

Сонымен бірге:

қоғамда көнетүрік, түрік және қазақ көшпелі мал шаруашылығының бірегейлігі мен өркениеттік құндылығы, сондай-ақ, оның әлемдік өркениеттегі рөлі туралы түсінік қалыптастыру;
Ұлы Дала, Ұлы дала өркениеті ұғымдарын өзектендіріп, ғылыми дискурсқа енгізу;
еліміздегі тарих ғылымының деректанудан бастап палеогенетикаға дейінгі барлық саласының кешенді дамуын қамтамасыз ету қажет.



Сөз соңында айтарым:

«Алтын Орда» тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы Мемлекет басшысы мақұлдады. Оларды келесі жылдан бастап жүзеге асыруымыз қажет.

Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту;

Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау;

Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы, «Жошы», «Берке», «Өзбек» хандар туралы;

Төртінші, «Ұлық Ұлыс» энциклопедиясының шығуын пысықтап, Википедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау;

Бесінші, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау;

Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету;

Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Бұл – ғалымдар мен сарапшылардың атсалысуымен ғана жүзеге асатын жұмыстар.

Тізе қосып қимылдасақ қана жоғарыда айтылған өршіл мақсаттарға қол жеткіземіз.

Біз ұсыныстар мен бастамаларды әрдайым құптаймыз, нәтижелі диалог орнатуға дайынбыз.

Назарларыңызға рахмет!