15 там, 2016 сағат 16:19

Дәурен Абаев ақпарат және коммуникация министрі болған 100 күнде не істеді?

Жексенбі күні Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың жаңа қызметке келгеніне 100 күн болды. Үш айдан аса уақытта оның ведомствосының құрылымдалу жұмыстары аяқталды. Қоғам алдағы уақытта министрдің жұмысында қандай өзгерістердің күтілетінін білгісі келеді. Осы және басқа да мәселелер жайлы Дәурен Әскербекұлы тұңғыш сұхбатында айтып береді.

TENGRINEWS: 100 күн - бұл сіздің қызметіңіздегі межелі мерзім. Қандай сезімдесіз?
Дәурен Абаев:

Жұмыс істеуге ынта бар. Алда әлі біраз жұмысты атқару керек. Алдымызда тұрған тапсырмалар оңай емес, бірақ қызықты. Жалпы, мұндай жауапкершілігі мол жұмысты атқару мен үшін кәсіби тұрғыда және жеке басыма сын. Мен ааматтардың және ел басшыларының үмітін ақтағым келеді.

TENGRINEWS: Үш айдан аса уақыт ішінде сіздің басшылығыңызбен жұмыс істеп жатқан министрлік қандай жұмыстарды атқарып үлгерді?
Д. Абаев:

- Біріншіден, біз ұйымдастырушылыққа қатысты барлық мәселені толықтай шештік. Штат кестесі мен бюджет бекітіліп, жұмыс жоспары ойластырылды. Ең бастысы, ведомство қажетті кадрлармен толықтырылды.

- Екіншіден, күзгі маусымда мемлекеттік телеарналар жаңа форматта, жаңа жобалармен және жаңа хабарлармен көрсетіледі. "ҚазКонтент" АҚ қайта құрылымдалып жатыр. Оның интернет-ресурстарында редакциялық және кадрлық саясатында айтарлықтай өзгерістер болады.

Еуропа чемпионаты мен Олимпиада ойындарын эфирден көрсету туралы келіссөздердің сәтті өткенін айта кеткім келеді. Лайықты баға ұсынысы бойынша да келісімге келгеніміз қуантады.

- Үшіншіден, біз "KazSat-3" ғарыш аппаратына қатысты барлық тестілеу жұмысын аяқтадық. Енді мемлекеттік органдар, Ұлттық компанияның өкілдері, бизнес өкілдері отандық байланыс спутнигінің қызметтеріне өтіп жатыр. Меніңше, бұл ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында үлкен қадам, оның үстіне оның белгісін жалға алуға жұмсалатын қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Айтпақшы, елімізде "OTAU TV" телетаратылымының "KazSat-3" спутнигіне көшудің арқасында төрт миллионнан асқан абоненттерін қыркүйекте тосынсый күтіп тұр.

- Төртіншіден, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен "Электрондық үкімет" арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының жаңа стандарттары жасалды. Қолжетімді қызметтер түрі 50-ге көбейеді. Бұл қызметтердің бірқатарының көрсету уақытын қысқартып, тұрғылықты мекен-жаймен байланысын алып тастадық. Сонымен қатар, "Үкімет азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясының бірыңғай кеңсесін құру барысы аяқталуға жақын. "Ашық үкімет" порталында ұсынылатын мәліметтер жиынтығы айтарлықтай кеңейтілді.

- Бесіншіден, ақпарат және коммуникация аясындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған заңдар ойластырылды.

TENGRINEWS: Сіз ведомствоның қажетті кадрлармен толықтырылғанын айтып өттіңіз. Алайда барлық журналисті осы ведомствоның вице-министрі кім болатыны қызықтырып отыр. Кейбір сарапшылар бұл қызметке тағайындаудың біраз уақытқа созылып жатқанын айтып жатыр.
Д. Абаев:

Жаңа вице-министрдің есімін таяу арада білетін боласыздар. Қазір ресми құжаттамалар үшін қажетті мәселелермен айналысып жатырмыз. Өз атымнан уәде беремін. Бұл лауазымға тағайындалған адамды көп журналист қолдайтын болады.

TENGRINEWS: Ақпарат және коммуникация министрлігі еліміздегі Интернетті және әлеуметтік желілерді бақылау үшін құрылған болатын. Яғни, енді биліктегілердің қазақ тілді Интернетті бақылап отырғанын және қазастандықтардың әлеуметтік желілерде не жазып жатқаны жайлы біледі деп айтуға бола ма?
Д. Абаев:

Менің атап өткім келетіні, бұл министрлік тек Интернет желісін бақылап отыру үшін құрылған жоқ. Бұл атқарылуы тиіс тапсырмалардың бірі ғана.

Сонымен қатар, бақылаудың ең басты мақсаты - елімізде ең көп кездесетін әлеуметтік проблемаларға жедел түрде назар аударып, сол мәселелермен айналысу.

Сондықтан мен бұл жерде "бақылау" деген сөзді қолданбаймын. Қазіргі уақытта барлығы бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, мемлекеттік жұмыстағы барлық мәселені талқылап, оларды шешу жолдарын бірігіп іздестіруі керек. Мен көптеген мемлекеттік орган мен олардың басшыларының әлеуметтік желілерде белсенді болуына осы себеп болды деп ойлаймын.

TENGRINEWS: Ал Фейсбук желісіндегі парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе?
Д. Абаев:

- Иә, ол парақшаны өзім жүргіземін. Қай сұрақтарға жауап беруді және материалды қалай ұсыну қажеттілігі жайлы өзімнің қол астымдағылармен кеңесетінімді айтпасам, өтірік айтқаным болар. Кейде жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты үлгермей қалатын кездер болады.

Айтпақшы, мен бірнеше рет орынды кеңес берген қолданушылардан хат алдым. Оларды осы жұмыс барысында қолданып та үлгердім.

TENGRINEWS: "Әділ сөз" қорының басшысы Тамара Калеева Қазақстандық БАҚ туралы заңын "Франкенштейн" деп атап, яғни "интернет пайда болмаған заманда құрылған заң" деп, сондықтан жаңа заң шығаруды сұраған болатын. Осыған байланысты министрліктегілердің қандай жоспары бар екенін білгіміз келіп еді.
Д. Абаев:

Мен Тамара Мисхадқызымен сол күні-ақ хабарласып, ешкімнің де мұндай маңызды нормативтік құқықтық актіні қабылдамайтыны жайлы айттым.

Қазір біз ақпараттық салада жаңа заңды жетілдіру жұмыстарын бастадық. Онда біз масс-медианың жаңа тенденцияларын және интернет журналистиканың қарқынды дамып жатқанын ескереміз.

Жаңа заңнаманы құру үшін азаматтық қоғамдастықтың мүшелері, журналистер, құқық қорғаушылар мен қоғамдық пікірдің жетекшілері тартылады.

TENGRINEWS: Қоғамдық пікірдің жетекшілері туралы айтатын болсақ... Жақында сіз блогерлермен кездестіңіз. Сол кездесу желіде де талқылаулар болды. Сонымен бұл кездесу не үшін қажет болды?
Д. Абаев:

Мен кейбір танымал желі қолданушыларының оларды бұл шараға шақырмағандарына ашуланғанын білемін. Осы орайда мен мұндай кездесулердің алда әлі де болатынын және келесі жолы тізімде жаңа қонақтардың болатынын айтқым келеді.

TENGRINEWS: "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының қабылданғаны жайлы ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылмай тұрып айтқан едіңіздер. Алайда ол бағдарлама әлі күнге дейін бекітілген жоқ. Бағдарламаның жүзеге асырылмай жатқанына не себеп? Ол бағдарлама қашан жұмыс істейтін болады?
Д. Абаев:

Бағдарлама 2017 жылы бекітіледі. Қазір ондағы бағдарламаларды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал Интернетпен қамту жөніндегі жоспар туралы айтатын болсақ, біз 2018 жылға дейін екі миллион ауыл тұрғынын интернетпен қамтамасыз етеміз. 2019-2025 жылдар аралығында тағы 1,9 миллион адамды интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

TENGRINEWS: Соңғы екі айда екі мемлекеттік ақпарат құралында басшылар ауысты. Мемлекеттік ақпарат құралдарында жұмыс тиімділігін арттыруға арналған курстар жүргізіліп жатыр деген пікірлер де бар. Егер де бұл рас болса, ол курс қалай жүзеге асырылады?
Д. Абаев:

Мен бұл мәселе жайлы қысқаша айтып кеткен болатынмын. Біз "Хабар" агенттігі қызметін оптимизациялау жұмыстарын бастадық. Таяуда "Білім және Мәдениет" пен "KazakhTV" телеарналары ортақ "KazakhTV" логотипімен біріктіріледі. Сондай-ақ, Bnews.kz, Baq.kz, Strategy2050.kz, El.kz, e-history.kz, adebiportal.kz мемлекеттік интернет порталдары редакцияларының саясатына өзгерістер енгізіледі.

kaz.tengrinews.kz