Жекелеген азаматтардың «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруде менің нұсқам бекітіледі» деп жар салуы - қате пікір. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарияланып, қарқынды жұмыстар жүргізілген болатын. Өздеріңізге белгілі, сол уақыттан бері латын графикасына көшіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. ҚР Үкіметінің жанынан Ұлттық комиссия, тиісті ведомстволардың жанынан олардың жұмыс топтары құрылып, жаңа әліпби мен емле ережелері зерделенуде. Жаңа әліпбиге көшу мәселесінің жалпы жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсуі де мәселенің өзектілігін айқындап отыр», - деді «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбындағы республикалық конференция жұмысын ашқан вице-министр.
Оның атап өтуінше, бүгінгі ұйымдастырылып отырған конференция осы жұмыстарды ортаға салып зерделеуге, алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерді талқылауға мүмкіндік беретін алаң саналады.
«Осы ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы 21 қарашада қолданыстағы латын графикасындағы әліпбиді жетілдірудің қажеттігі жөніндегі тапсырмасын естеріңізге сала кеткім келеді. Бүгінгі шара барысында да осы тапсырмаларды басшылыққа алып, жұмыс жүргізулеріңізді сұраймыз. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесінде осындай алқалы мәжілістердің өтуі заңды және бұл тұрғыда сіздерден министрлік тарапынан үлкен өтінішпен сұралатын мәселе үлкен ақиқатпен қарауымыз керек», - деді ол.
Осы ретте вице-министр мұндай шаралар барысында жаңа әліпбиге қатысты техникалық жағынан, жазу жағынан әртүрлі мәселелер жан-жақты талқыланатындығын атап өтті. Қазақстандағы жекелеген азаматтардың өз әліпбилерін ұсынуына байланысты оларды қоғамдық пікірге салып, ғалымдардың арасында талқылау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын еске салды.
«Біз үлкен тарихи кезеңде тұрыз. Тіліміздің, ұлтымыздың тарихи кезеңінде тұрғаннан кейін бұл мәселеге осы елдің азаматы ретінде үлкен жауапкершілікен қарауымыз керек деп ойлаймын. Әрбір ұсынылған жаңа әліпбиге ғалымдар тарапынан нақты, айқын, шынайы баға берілген жағдайда болашағымыздың жарқын болатындығына толық сенемін. Кейбір БАҚ-та жекелеген әліпби құрған азаматтар: «Менің әліпбиімді қолдады, бекітеді» дегенді айтуда. Бұл қате пікір. Бізге латын әліпбиіне көшуге байланысты қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт бөлінеді», - деді Нұрғиса Дәуешов.