Қазіргі уақытта Астанада қызылша ауруының жалпы маусымдық көтерілуі басталды. Бұл дерттің алдын алудың негізгі жолы – вакцинаны уақытылы жасау. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
Қызылша – араға 2-3 жыл салып өршуі артып отыратын маусымдық ауру түрі. Астана бойынша 2013 жылы қызылшамен ауырған 8 жағдай тіркелсе, 2014 жылы 50, 2015 жылы 396, 2016 жылы 6 жағдай тіркелген. Ал 2017 жылы қала бойынша ешкім бұл диагноз бойынша ауырмаған.
«Қазіргі уақытта қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 35 бала қызылша ауруы болуы мүмкін белгілерімен жатыр. Олардың жағдайлары тұрақты. Оның 3-і ауруханадан шықты, ал 15-інде сараптамалық негізде қызылша диагнозы расталды. Астанадағы жағдай Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында», - дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.
Ол қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация екенін айтты.
«Қызылшамен әдетте 1-6 жас аралығындағы балалар ғана ауырады. Биыл қызылша дертімен бір ғана ересек адам ауырды. 31 жасар ер адам қазіргі уақытта жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр», - дейді ол.
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Шапатаева вакцина жасатудан бас тартатындардың саны артқанын мәлімдеді.
«Вакцинадан бас тарту соңғы кездері айтарлықтай көбейіп кетті. Әртүрлі діни ағымдағы көзқарастағы және ғаламтор жүйесіндегі алып-қашпа ақпараттарға сенетін ата-аналар балаларына вакцинация жасатудан бас тартады. Бүгінгі күні ауырып жатқан балалар өз уақытында вакцина алмаған балалар арасында тіркеліп отыр», - дейді ол.
Қызылшаға қарсы вакцина ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сертификатымен алынады және қауіпсіз екені арнайы зертханаларда дәлелденіп, сапасы бойынша кепілдік беріледі.
«Қызылшаға қарсы вакцина балаға бір жаста, ал ревакцина алты жаста салынады. Қызылшаға қарсы вакцинада осы күнге дейін асқыну жағдайын тудыратын жағдайлар болған емес», - Гаухар Шапатаева.