27 жел, 2017 сағат 16:35

Дариға Назарбаева: Әр әкімнің тікұшағы болуы тиіс

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева әкімдерге бір-бір тікұшақтан беруді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстандықтар әлі осындай тікұшақтардың пайдасын білмейтін де шығар. Меніңше, санитарлық және медициналық авиация дамуы керек. Әрбір әкімде, әсіресе, ауыл шаруашылығы маңызды аймақтардың әкімдерінде бір-бір тікұшақтан болуы тиіс. 500 шақырымдық қашықтықты көлікпен бір күнде жүрмей, тікұшақпен 2-3 сағатта ұшып жетуге болады», - дейді Астанадағы тікұшақтарды құрастыру және қызмет көрсету зауытына барған Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаеваның айтуына қарағанда, бұл қадам шенеуніктердің жұмысын жеңілдете түсер еді.

«Сонымен бірге, үлкен қалаларда адамдар көбінесе таңертең немесе кешке жақын кептелісте тұрып қалады. Сондай үлкен қалаларда мұндай тікұшақтар бизнес үшін және такси ретінде пайдалы болар еді. Меніңше, біздің экономикамыздың болашағы бұған мүмкіндік берер деп ойлаймын. Осындай өнеркәсіпті әрине, барлық жағынан қолдауымыз керек. Осыған бірталай қаражат салдық. Ары қарай дамитын жолын Үкімет арқылы, бәлкім бағдарламалар арқылы қолдау керек», - дейді Дариға Назарбаева «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС туралы.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығы мен «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-да болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын.