- Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қазақстандықтарды екінші деңгейлі банктердің қаржылық ахуалына алаңдамауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Менің ойымша, қазіргі кезде барлық екінші деңгейлі банктер ҚР Ұлттық банкі тұрғысында реттеушінің пруденциялық нормативтері мен талаптарын орындауда. Пруденциялық нормативтер - ол өзінің қызметіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әрбір банк орындауы тиіс міндеттер. Бұл ретте капиталдың, ликвидтіліктің, сондай-ақ бір қарыз алушыға қатысты тәуекелдер көрсеткіштері ескерілген. Яғни Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер осы көрсеткіштерді түгелдей отындап келеді»,-деді Ақышев Мәжілістегі жалпы отырыс барысында тілшілер сауалына жауап беру кезінде.
Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы «Қазком» банкі айналасындағы жағдайға түсінік берді. «Шынымен де Ұлттық банк Қазкомға 400 млрд. теңге сомасында қарыз берді, алайда дүйсенбіде банк оның жартысын, яғни 200 млрд. теңгесін өтегенін көбісі байқамаған секілді. Сәйкесінше, оларға бұл қаржы қажет болмады. Бүгінде ҚР Ұлттық банкі алдындағы Қазкомның қарызы 200 млрд. теңгені құрап отыр», - деді ол.
Д. Ақышевтің банк айналасындағы жағдайға байланысты алаңдаудың реті жоқ екенін атап өтті. «Банк бөлек операцияларды жүргізу үшін қосымша ликвидтілікті иелену тұрғысында қолдау шараларына жүгінді. Мен қазіргі кезде Қазком қызметін оңтайлы бағалаймын. Сондықтан салымшыларға банк үшін алаңдаудың реті жоқ»,-деп атап өтті Ақышев.