25 қыр, 2023 сағат 11:17

«ДАИШ» құрамында болған Ұлытау тұрғыны сотталды

© AP Photo / Hassan Ammar

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұлытау өңірі тұрғындарының біріне қатысты терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздыру мен лаңкестік топтың әрекетіне қатысу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Ұлытау облысы Сәтбаев аудандық соты оны осы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

"Тергеу сотталушының 2016 жылы отбасымен бірге Сирияға барып, онда «ДАИШ» (Қазақстанда тыйым салынған) құрамында болғанын анықтады.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде содырдың шетелде жүрген жері анықталып, содан соң шетелдік серіктестердің көмегімен оны ұстауға және 2023 жылдың маусым айында ҰҚК жасағымен Қазақстанға жеткізілуіне мүмкіндік туды.

2023 жылғы 22 қыркүйекте үкім заңды күшіне енді" - делінген хабарламада.

ДАИШ* - Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған террористік ұйым