Зерттеу мәліметтері бойынша, жаңа коронавирус балаларға қарағанда ересектер үшін қауіпті. Алайда, дағдарыс өскелең ұрпақтың әл-ауқатына айтарлықтай әсер етті. Ал әлеуметтік-экономикалық салдар әлі де ұзақ уақыт сезілетін болады. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, биыл жүздеген мың бала қайтыс болуы ықтимал. Олар пандемия болмағанда, аман қалуы мүмкін еді. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңа баяндамасында жазылған, деп хабарлайды «БҰҰ жаңалықтары».
«Биыл 42-66 миллион бала кедейліктің зардабын шегуі мүмкін. 188 елдегі 1,5 миллиард кәмелетке толмағандар мен жастар өкілдері білім беру мекемелеріне бармайды. Мемлекеттердің үштен екісі қашықтан оқытуды енгізді, бірақ барлық елде мұндай мүмкіндік жоқ. Сарапшылар мәжбүрлі демалыс балалардың дамуына қалай әсер ететінін бағалауды әлі қолға алған жоқ.
Балалардың қайтыс болу жағдайларының саны соңғы үш жылдағы балалар өлім-жітіміне қарсы күрестегі жетістіктерді жоққа шығара отырып, жүздеген мың адамға артады. Бұл есептеулерде қайта жүктелген денсаулық сақтау жүйесі аясында туындаған медициналық қызмет көрсету проблемалары ескерілмеген – бұл жеке мәселе. Әзірше мәселе басқа факторларда болып отыр: мысалы, 143 елдегі 368,5 миллион бала таңғы асын мектепте алады, қазір олардың көпшілігі қажетті тамақпен қамтамасыз етілмей отыр», -делінген баяндамада.
Бұдан бөлек, атап өтілгендей, балалар оқшаулау режиміне шыдамайды, бұл олардың психикалық денсаулығына кері әсер етеді. Әсіресе, оқшаулау орталықтарында отырған босқындар мен мигранттардың балалары осал болып келеді.
«Баяндама авторларының қорытындысы күмән туғызбайды. Балаларды осы қауіптерден қорғау үшін біз дәл қазір әрекет етуіміз керек», - деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш құжатты ұсына отырып.
БҰҰ сарапшылары халыққа білім алуға ұмтылуға, ата-аналарға үйде еріксіз отыру жағдайында балалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын үйретуді ұсынады.
Баяндамада айтылғандай, карантин режимін кезең-кезеңімен алып тастау кезінде, ең алдымен, балаларға қызмет көрсететін мекемелердің жұмысын қалпына келтіру қажет.