Еліміздің аймақтарында карантин талаптары жеңілдетіле бастады. Елорда мен Алматы қаласындағы шектеу шаралары әлі де күшейтіле түсетін сияқты. Өйткені, короновирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны төмендемей тұр. Осы және өзге де аймақтардағы ахуалға қысқаша шолу жасап көрейік.
Нұр-Сұлтан қаласында карантин талаптары күшейтілетін болды. Өйткені, бір тәулікте 118 адамнан короновирус инфекциясы анықталды. Қала қазір «қызыл» аймақта. Жақын күндері елорданың бас санитарлық дәрігері арнайы қаулы шығармақ. Бірақ блокпостар қойылмайды.
Бұл туралы әкімдікте өткен жиында белгілі болды. Алайда елордаға келетін немесе бас қаладан шығатын жолаушылар ПТР-тест тапсыруға міндетті болуы мүмкін. Бас санитарлық дәрігер тұрғындарға аса сақ болуды ескертті. Сондықтан, алдағы демалыс күндері жұртты үйде отыруға шақырды. Тағы бір айта кететін жайт, елордадағы мектептердің барлығы қашықтан оқыту режиміне көшуі мүмкін. Қаланың бас санитарлық дәрігері осындай мәлімдеме жасады.
Жанна Пралиеваның айтуынша, оқушылар арасында індет жұқтыру дерегі жиілеп кеткен. Жаңа оқу жылы басталғалы 224 баладан вирус анықталыпты. Сондықтан мамандар сақтану керектігін айтып отыр. Кеше аудандық санитарлық дәрігерлер қаладағы 20 мектепті уақытша жабу туралы шешім қабылдаған.
Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Осыған байланысты ол тұрғындарды қауіпсіздік шараларын ұстанып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырды. Сонымен қатар, ол тек алдын-алу шараларын жаппай сақтау арқылы аурудың өсуіне және қатаң шектеу шараларының енгізілуіне жол бермеу мүмкін болатынын атап өтті. Әлемдегі жағдайдың ушыға түскенін және мегаполисте сырқаттардың көбеюі мүмкін деген болжамды ескере отырып, ол тұрғындарға сақтық шараларына салғырт қарамауды ескертті.
«Карантин режимін ұстанып, күн сайын айтылып жатқан қарапайым ережелерді сақтау керек. Олардың орындалуын жақындарымыздан, туыс-туғандарымыздан талап ету керек. Бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, адамдар жаппай жиналатын орындарға, әсіресе жабық ғимараттарға бармау. Қоғамдық көлікке бетпердесіз және қолғапсыз кірмеу. Аса қажеттілік туындамаса, адам көп жиналатын орындарға бармау, және ауасы қиын желдетілетін жабық мекемелерде көп уақыт өткізбеу. Сыртқы жабындарды дезинфекциялық құралдармен өңдеу. Қолды жиі жуу және балаларды жеке гигиенаны сақтауға үйрету», - деп атап өтті Алматының санитарлық дәрігері.
Коронавирус инфекциясының таралу қаупі жағынан «жасыл аймақтағы» Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық ахуал әзірге бірқалыпты. Осы аптада өңірде карантин талаптары жеңілдетілді. Қоғамдық тамақтану орындары 50 адамға дейін қабылдап жатыр. Базарлар мен сауда үйлері күн сайын ашық. Автобустар демалыс және мереке күндері де жүреді. Тек санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Түнгі сағат 12-ден таңғы 6-ға дейінгі аралықта тұрғындардың көшеге шығуына шектеу қойылды. Желтоқсан айы басталғалы бері аймақта 370 адам індет жұқтырған. Олардың жартысынан көбі Орал қаласының тұрғындары. Ал Жәнібек және Қаратөбе аудандарында бір де бір жағдай тіркелмеген.
14 желтоқсаннан бастап Петропавл қаласының аумағындағы блокпостар алынады. Яғни, алдағы дүйсенбіден бастап өңірде карантин талаптары жеңілдейді. Қоғамдық көліктердің демалыс күндерде жүруіне рұқсат етіліп отыр. Мұнымен қоса облыстағы барлық автостанция ашылып, аудан, ауылдарға автобустар қатынайды. Діни нысандар, кітапханалар, мұражайлар мен театрлар қайта ашылады. Спорттық нысандар, бассейндер және балаларға білім беру мекемелеріне сенбі күндері жұмысын жалғастыруға рұқсат етілді. Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Қазір облыс «сары аймақта».
Естеріңізге сала кетейік, қарашаның 9-ынан бастап, қала карантинге жабылып, тұрғындардың ПЦР тест анықтамасынсыз кіріп шығуларына тыйым салынған болатын.
Қызылордадағы сауда орталықтары мен кинотеатрлар жексенбі және мереке күндері де жұмыс істейтін болды. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес кәсіпкерлік нысандардың қызмет көрсету кестесіне өзгеріс енгізілді. Ойын-сауық орталықтары, сауда-саттық желілері, азық-түлік емес және жабық базарлар бұған дейін таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істеген еді. Енді олардың тұтынушыны қабылдау уақыты 1 сағатқа ұзарды. Бұл өзгерістердің кинотеатрлар мен қоғамдық тамақтану нысандарына да қатысы бар. Аталған нысандардың барлығына жексенбі және мереке күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілді.
Балқаш қаласындағы орталық аурухана базасында ПТР-зертхана ашылды, деп хабарлайды облыстың денсаулық сақтау басқармасы.
Тәулігіне 500 сынақ өткізе алады. Балқаш, Приозерск, Ақтоғай және Шет аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жалпы алғанда, бұл шамамен 130 мың адам. Мекеме барлық талаптарға сай және германиялық жабдықтармен жарақталған. Үй-жайларда жөндеу жұмыстары жүргізілді, техника орнатылды, қажетті реактивтер сатып алынды. Зертхана қызметкерлері Қарағандының жетекші зертханалары базасында арнайы оқытудан өткен. Жобаның жалпы құны 39 млн теңге. Бұрын ПТР зерттеуге барлық биологиялық материалдар Балқаштан Қарағандыға жіберілетін. Нәтижелерді алу үшін 3 күннен 5 күнге дейін уақыт қажет болатын. Енді жаңа ПТР зертханасы арқылы коронавирус инфекциясын тез арада анықтауға болады. Талдауды өңдеуге орташа есеппен 5 сағат уақыт кетеді. Нәтиже бір тәулік ішінде беріледі.