09 қаң, 2017 сағат 10:55

БЖЗҚ ісі бойынша қамауға алынғандардың тізімі жарияланды

БЖЗҚ-дағы жымқыру ісі бойынша төрт фигурант екі айға қамауға алынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қалалық Алмалы аудандық соты "БЖЗҚ" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевқа, "БЖЗҚ" АҚ қатерлерді басқару департаментінің қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахтовқа, "АлатауМұнайАлтын" бақылау кеңесінің төрағасы, сондай-ақ, "Бузгул Аурум" ЖШС құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаевқа, "Бузгул Аурум" ЖШС Азат Найзағаринаға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы шығарды", - деп хабарлады Алматы қалалық сотының ақпаратпен қамту бөлімінің басшысы Диас Махамбетов.

Махамбетовтың мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу органдары Руслан Ерденаевқа және өзге күдіктілерге мүлікке қарсы ауыр қылмыс жасады деген күдік келтіріп отыр. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармақшасы бойынша айып тағылды - "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу".

"Соттың қаулысымен күдіктілерге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді Диас Махамбетов. 

Төрт фигурант соттың қаулысына шағым түсірді.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Руслан Ерденаевтың екі орынбасары болған - Сәуле Дүйсенова мен Дабыр Медетбеков. Бірақ әзірше қайсысы қамауға алынғаны белгісіз.

Айта кетейік, Ұлттық банк өкілі Александр Терентьев 6 қаңтардағы баспасөз мәслихатында БЖЗҚ-ға қатысты қылмыстық істің Ұлттық банктің өтінішінен кейін қозғалғанын мәлімдеген.

Еске салайық, 2016 жылдың 21 желтоқсанынан бастап ҚР Ұлттық банкінің қатысуымен "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" Акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген болатын. Сол кезде тексерістің БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылып жатқаны айтылған еді. "БЖЗҚ" АҚ-тың меншікті активтері оның капиталы және шаруашылық қызметінің нәтижелері есебінен қалыптастырылады екен. "БЖЗҚ" АҚ меншікті активтерді дербес басқарады", - деген еді банктегілер.

"Азаматтардың зейнетақы жинақтары "БЖЗҚ" АҚ-тың балансынан бөлінген және бөлек ескеріледі. Ұлттық Банк зейнетақы жинақтарын инвестициялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 2016 жылға арналған бағыттар бойынша ғана жүзеге асырады. Бұл ретте 2016 жылы зейнетақы активтерін экономиканың нақты секторының жеке компанияларының қаржы құралдарына инвестициялау көзделмейді" делінген еді ҰБ хабарламасында.